ТІРІ ЖЕТІМ.

( Болған оқиға)
Әкем мен шешем ажырасқанда мен не бәрі үш жаста болатынмын.Сот залында отырмыз.Біз үшін бәрі шешім қабылдап, кім кіммен қалатынын сұраған да жоқ. Ағам мен құндақтағы сіңілім үшеуміз көзіміз жәутеңдеп отырмыз.Екі жақ өзара айқайласып жатыр.Бізге пысқырып та қарар емес.Сонымен мен ағаммен әкемде, құндақтағы сіңілім анаммен қалатын болды. Бірақ менің анаммен қалғым келетінін ешкім сұраған да жоқ,мен де айқайдан қорыққанымнан ештеңе айтпадым.
Сонымен біз әкеммен тұрып жаттық.Әжеміз әкемнің інісімен сол ауылда бөлек тұратын. Әкем бізді күнде бала бақшаға алып келіп,кешке алып кететін. Бір күні артымыздан ешкім келмеді.Кеш болды. Ағам екеуміз ғана көзіміз жәутеңдеп далада отырмыз.Қас қарайғанда сол жерде қарауыл орыс апа болатын.Сол апаның қызы Тамара біздің тәрбиешіміз.Орыс апа бізді үйіне алып кетті. Тамара апайымыз қазақша таза сөйлейді.Бізге тәтті бәліштер беріп,шомылдырып, аппақ төсекке жатқызып ертегі оқып берді.Сол кезде Тамара апайымнан маманың иісі шығып тұрғандай. Өзі сондай сұлу, мейірімді,жуылған шашымды тарап бергенде,«Шіркін,Тамара апай менің мамам болып кетсе ғой!»деп армандағаным әлі есімде. Анамызды көрмегелі бірнеше ай болып, түрін де ұмытып қалғанбыз. Әкеммен тұрғанымызбен,бәрібір ананың жылы алақанына жетпейді ғой.
Солай Тамара апайымның үйінен бала бақшаға барып келіп жүрдік.Тіпті өз үйімізге барғымыз келмей,сол апайдың үйінде қалғымыз келетін.Өйткені ол үй жылы, тамағы да тәтті, күнде шомылдырып шашымды тарап бергені ұнайтын.
Бір күні әжем мен әкемнің інісі келіп бізді алып кететін болды.
—Әкелерің алысқа жұмысқа кеткен! Екі үш күнде келіп қалады! Оған дейін бізбен тұрасыңдар!- деп біздің қарсылығымызға қарамай алып кетті. Мен апайымды қимадым.Артымнан қарап тұрғанын көріп,қолымды созсам да ол мені алып қалмады.Тек көз жасын сүртумен болды.
Әжемнің үйінде жүріп, бала бақшаны ұмыттық. Ол жерге қайта бармадық.Бір күні әкем келді. Әжеммен өз інісіне айқайлап ұрсысып жатыр.Сондағы түсінгенім, әкем бізді Тамара апайға уақытша тапсырып кеткен екен. Әжеме неге алып кеткенін сұрап бақырып жатыр. Әжем бізді бермейтінін айтып әлек. Ес білгелі айқай шуды естумен келдік. Бізді ештеңе түсінбейді деп ойлайды.Бірақ біз бәрін түсінетін едік.Ағам екеуміз ұрыс басталғаннан бұрышта құшақтасып тығылып отыратынбыз. Бізді «зат» құсатып ары бері тартқылағанынан шаршадық.Ешкім біздің пікірімізді сұрамайды. Әкем бізді ары тартып,бері тартып, соңында екеумізді де алып кетті.
Үйге барсақ бір әйел жүр екен.
—Мынау сендердің аналарың болады! Есімі Дариға! Енді сендерде «мама» бар! Бар мамаңды құшақта!- деп әкем түк болмағандай күліп тұр. Менің бар ойым әжемде. Жүрегім алай дүлей. Жаңа мамаға қуанып та тұрған жоқпын.
Өгей шешеміздің артынан бір қыз бір ұл еріп келген болатын. Сонымен әкем күнде жұмысқа кетеді, ал біздің өміріміз қалай өтіп жатқанында шаруасы болмайтын. Үйде үйрек қаздар бар. Өгей шешеміз бізді таң атпай тұрғызып, сол қаздарды баққызатын. Үйге кіргізбейтін. Өздері көлеңкеде отырып, бізге күннің астында тірлік істететін. Кейде бауда ағам екеуміз ойнап жүріп, сол жерде ұйықтап қалатынбыз. Кешкі тамаққа бір үзім нан мен жарты тостақ тамақ беріп қояды. Оған біз тоймай тағы нан сұрасақ «жалмауыздар» деп ұрсып беретін еді.
Бір күні өгей шешеміз бізге
—Әжелеріңді сағындыңдар ма? Барасыңдар ма?- деп сұрағанда қуанып кеттік. Әжемізбен бір ауылда тұрғанымен арасы әжептеуір алыста болатын. Арасында екі тау(төбе) бар. Сонымен өгей шешеміз бізді «өздерің бара беріңдер» деп таң атпай шығарып жіберді. Біз жаяулатып, ағам екеуміз жолда ойнап, гүл теріп, кешке дейін жүріп қалдық. Қарнымыз ашқан соң ғана тездетіп әжемнің үйіне жеттік. Әжем бізді көріп, жылап, құшақтап жатыр. Сонда біздің үсті басымыз кір, шашымыз жалбырап, азып тозып барғанымызды көріп жылаған екен ғой. Әкемнің інісі,
—Шешемді сендер ақ өлтіретін болдыңдар! Неменеге келесіңдер! Өткенде тағы ауыртып кеттіңдер!- деп ұрсып жатыр. Әжем біздің сөзімізді сөйлеп әлек.
Сонымен кешке әкем жұмыстан келге соң өгей шешем жылап,
—Інің мен шешең келіп мені жұлып, қызың мен балаңды алып кетті!- деген ғой. Әкем әжемнің үйіне жұлқынып келе жатқанын көріп біз қорыққанымыздан қораның ішіне тығылып қалдық.
—Балдарым қайда!? Неге сіз маған тыныштық бермейсіз!? Менің әйелімді неге ұрасыз!? Менің балдарымда не ақыңыз бар!?- деп әжеме айқайлап жатыр.
—Сенің қатыныңда менің шаруам жоқ! Бәлеңді жаппа! Балдарыңды мен қайдан білейін!? Қарауылмын ба!?- дегені сол, әкем үйге қарай жүгіріп кіріп бізді іздеп жүр. Біз қорқып құшақтасып қатып қалғанбыз. Әжемнің қой дегеніне қарамай барлық жерді іздеп бізді тауып алды. Екеумізді сүйреп шығарды. Ағам
—Бармаймын! Өлтірсең де ол үйге бармаймын!«Анау» бізге тамақ бермейді! Сен ештеңе білмейсің! Бізді күннің астында жұмыс істетеді!- деп ағам тістеніп алған. Әкем күректі ала салып ағамды сабап жатыр. Әжем әкемнің қолына жармасып еді, итеріп жіберді. Әжем құлап ойбайлап жатыр. Ағам да жерде жатып ойбайлап жылап жатыр. Мен мына жақта жылап тұрмын. Ол кезде әкемнің інісі Талғат аға аңшылыққа кеткен. Әкем мені көтеріп алып үйге қарай алшақтап басып барады. Мен тағы да ағама қолымды созып, жүрегімнің жартысы қалып бара жатқандай жылап ұзай бердім....
Содан бәріміз жан жаққа тарап кеттік. Ағам бір жақта, анам мен сіңілім қайда екенін де білмеймін. Мен мына жақта жападан жалғыз өмір сүре бердім. Әкем мені алып кеткен күні Талғат ағам үйіне келген. Әжем мен ағамды көршілер ауруханаға апарып жатқызыпты. Әжемнің қолы сынған, ағамның белі сынып кетіпті. Талғат ағам әкеме келіп, екеуі әбден төбелесті. Айқай шуға менің етім әбден үйреніп қалғандаймын. Тіпті қорқып та тұрған жоқпын. Сонымен әкемді Талғат ағам сотқа беріпті. Сот ұзаққа созылып, соңында ағам әжемнің үйінде қалатын болды. Тіпті екеумізді екі бөлек мектепке берді. Ол кезде мен бірінші сынып, ағам үшінші сыныпқа бардық.
Сол аралықта өгей шешем бірінен соң бірін екі қызды дүниеге әкелді. Бірақ қыздарына мені жолатпайтын. Қанша дегенімен бауырым ғой. Құшақтап сүйгім келетін.
Бір күні үйге кірсем бесіктегі бөпе құсып жатыр екен, мен аузын сүртіп иіскеп жатқаным сол, шешесі кіріп келіп,
—Ойбай, менің қызымды тұншықтырып жатыр! Жоғал! Жолама менің қызыма!- деп айқайлап жатыр ғой. Даладан әкем келіп мені итеріп үйден шығарып жіберді. Мен бауға барып жылап отырып ұйықтап қалдым. Бір кезде анам келіп бетімнен сипап, үстімді көрпемен жауып, маңдайымнан сүйе бергені сол оянып кеттім. Үйдегі итіміз Таймас бетімнен жалап жатыр екен. Тұрып үйге кірсем, бәрі ұйықтап жатыр, мені іздеген адам жоқ. Тапшанның шетіне барып жата салдым.
Мен ерте есейдім. Ес білгелі айқай шу естумен келемін. Менің кішкентай кезегі анамның әперген ойыншықтарын өгей шешем көзімше өртеп жіберді. Сол ойыншықтармен қоса менің бақытты балалық шағымды да өртегендей болды. Енді анамнан ешқандай естелік қалмады. Тіпті альбомдағы анашымның суреттерін де менің көзімше өртеп жіберген...
Өгей шешем маған тек даланың жұмысын істететін. Отын жинап, жоталарлардан жылқының кепкен малағын теріп, қураған ағаш шауып келетінмін. Күздің кезінде далаға мұздай суға кілем жуғызып, үнемі мұрнымнан су тоқтамай «гаймарит» болып жүретін едім.
Сегіз жасымда үйде Банумен(өгей шешемнен туған қыз) қуаласпақ ойнап жүргенбіз. Ол кезде үйде тоқ пеш болатын. От жағатын пешіміз онша жылымаған соң, сол тоқ пешті қосатын. Үйдегілер бір жаққа кеткен. Бану екеумізден бөлек бір жарым жасар Назым да бар. Үшеуміз ойнап жүрміз. Бір кезде Назым тоқ пешке түсіп, құлап қалды. Тоқ пешімізден шатырлап от шығып жатыр. Біз қорқып көршілерді шақырып келдік. Сонымен әп сәтте үйге адамдар жиналып қалды. Назым тоққа түскеннен тіл қатпай шетінеп кетті. Өгей шешем келіп, маған айқайлап,
—Қызымды сен өлтірдің! Сен әдейі тоққа итеріп жібердің! Сен бізден кек алу үшін істедің! Мен сені өлтірем!- деп маған қарай ұмтылғанда көршілер әрең ұстап қалды. Мен өз алдыма қорқып дірілдеп тұрмын. Сонымен еш жазықсыз періште әке шешемнің күнәсін арқалап кете барды.
Назым кеткелі біздің жағдайымыз нашарлай бастады. Мен ол кезде он үш жасқа толғам. Әкем жұмыссыз қалды. Сол жылдары ақша ауысып, күн көру қиындай бастаған. Біз өгей ағам екеуміз шағын базардың алдына барып пісте, сағыз, т, б майда шүйде сататынбыз. Сонымен біз әбден саудаға үйреніп алдық. Орталықта өзбек апа нан сататын. Соның нанын бес тг алып, мына жаққа келіп, жеті тг сататынбыз. Солай күнімізді көріп жүріп мен тоғызыншы сыныпқа өттім.
Әкем үйдегі қаздарды сатып сиыр алдық. Оған да жем шөп жинау менің мойнымда. Ол кезде қазіргідей құбыр суы (калонка) жоқ қой. Екі км жерден ішетін су таситынбыз. Өгей ағам маған қамқор болып,көмектесіп жүрді. Екеуміз әбден туған бауырдай болып кеткенбіз. Қайда барсақ та бірге барып, бірге жұмыс істейтінбіз. Бірақ әжем мен ағамды сол бойы көрмедім. Әкем көрсетпеді. Солай жүріп мен 11 ші сыныпты бітірдім. Жұрттар құсап әдемі киініп, соңғы қоңырауға да қатыспадым. Тіпті қоштасу кешіне де бармадым. Енді бар ойым оқуға түсу. Әкем шарт қойды.
— Экзаменнен өтсең өттің, өтпесең күйеуге тиесің! Айттырып жатқандар көп!- деп шорт кесті. Мен қалайда оқуға түсуім керек! Өгей ағам көмектесіп, екеуміз қалаға барып тапсырдық
Өгей ағамның қалада оқитын жолдас баласы бар екен. Соған қалайда оқуға түсуім керектігін айттық. Ол мән жайды естіп, көмектесетін болды. Ертесіне экзаменге барамыз деп, қалаға шығып кеттік. 7 мектептің алдында қабылдауға барып, тест тапсыруға жолдама алдық. Ол кезде ең жоғарғы балл 60 болатын.
Үйге келген соң екі аптадан соң маған хат келді.«Құттықтаймыз! Сіз 48 балл алдыңыз! Семей қаласына, салық бөліміне оқуға түстіңіз!» деп универдің адресін, жатаққана бәрін жазып жіберіпті. Оқуға тапсырғанымды үйдегілер білмейді ғой. Әкем қуанып қалды, бірақ өгей шешем қарсы болды.
—Ол жақта не бар? Алыс, өміріңде көрмеген жер! Бұзылып кетесің! Оданда күйеуге ти! Оқу сенің не теңің!?- дегенде мен әкеме қарадым. Әкем «бара бер,тыңдама оны» дегендей ишара көрсетіп, көзін қысты. Мен қуанып қалдым. Сонымен екі айдан соң қайдасың Семей деп поезбен жолға шықтым.
Семейге барғанда орналасып болған соң, үстімді сыздауық басып ауырып қалдым. Өйткені алдын үйдің сыртын сылау үшін мұздай лай, балшық кешкен едім. Содан суық өтіп кетсе керек, әрі климат жақпады ма, білмедім. Үстімнің бәрін жара басып, бір ай ауруханада жаттым. Ол жақтан жазылып шыққан соң оқуға барғанымда, қыздар мені қатарына қоспай, жарасы жұғады деп... Кейін өзіме жақын дос қыздар тауып алдым. Жанымдағы үш қыздың да рулары Найман екен, мен де Найман болғандықтан, төртеуміз де рулас болып шықтық. Семейде бар күшімді оқуға салдым. Кітапқанадан шықпай оқитынмын. Себебі шәкіртақыға іліну үшін жақсы оқуым керек болды. Не керек оқуымды жақсы оқып, шәкіртақы алып, үнемдеп, өз күнімді өзім көріп жүрдім.
Бір жарым жылдан соң Шымкентке практикаға келдім. Жарты жыл практикада болып, қол қойдырып, ақшамның бір тиынын құртпай киім алып қайтатынмын. Әкем қызыма бер деп өгей шешеме ақша тастап кетеді екен. Ол маған бермейді ғой, кейін әкем сұраса ия берді дей салам. Мен үшін ұрсыспасын деп ойлайм ғой сонда.
Сонымен оқуымды бітіріп ауылға қайттым. Дипломды берерде «Шымкентке барған соң биржаға тіркел» деген болатын. Сол биржаға барғанда ағамды көрдім. Неше жыл көрмеген ағамды көргенде бірден таныдым. Екеуміз ұзақ сөйлестік.
—Жарайсың! Сен оқыпсың! Қайта мен оқымадым! Сен жақсы болсаң болды! Маған соның өзі жеткілікті!
—Өздеріңіз қалайсыздар! Әжем қалай! Талғат ағам үйленді ме?- деп сұрақты жаудыртып жатырмын
—Әжемнің екі көзі де көрмей қалды! Талғат ағам сол бойы үйленбеді! Әжеме қарап үйде отырады! Мен электрик болып жұмыс істеп жатырмын! Үйдің бар ауыртпашылығы менің мойнымда! Әжем әкеңе барып кешірім сұра, әкеңмен табыс деген соң барып едім. Алайда әкем маңына жолатпады! Менің ұлым жоқ! Сен мен үшін өлгенсің!- деп үйіне кіргізбей қойды!- дегенде мен ағамды құшақтап ұзақ жыладым.
Үйге барған соң әкем« мені күйеуге береміз, біреулер айттырып жатыр» деді. Мен ол кезде 21 жаста болатынмын.Бірақ мен ол кезде есейіп келгендіктен оларға қарсы шықтым.
—Мен күйеуге тимеймін! Сіздермен тұрғым келмейді! Мен әжеммен тұрамын!- деп әкемнің қарсылығына қарамай әжемнің үйіне кетіп қалдым. Әжемнің үйі тозып кеткен,Талғат ағам да әбіржіп қартайып кетіпті.Әжем менің келгеніме қуанып,жылап алды.Екі көзі көрмесе де сипалап,үй тірлігін істеп жүр екен.Мен бара салып үйді тазалап,әктеп сылап,кірісіп кеттім.Ағамның жүретін қызы бар екен.Екеуі үйленді.Ағам өзінің жинаған ақшасына қалың мал беріп, құдалығын шақырдық.Қонақтар кеткен соң әжем мені шақырып алып,
—Менің көзімнің тірісінде өз теңіңді тапқын! Әкеңнің түрі анау,бір қатынның соңынан кетті.Ағайын туғанмен жұмысы жоқ! Ол да бір шіріген жұмыртқа!Аман болсын! Қайтем енді! Талғат ағаңды көріп отырсың! Жасы елуге жақындаса да үйленбеді.Үміт күткен екі ұлым да үмітімді ақтамады. Қай жерден қателестім екен!?Атаң екеуміз осылар үшін барымызды салып едік!- деп әжем біраз көз жасын сығып алды.
Көрші жеңеше ағамның құдалығынан кейін келгіштеп кетті.
—Бикеш!Сені бір жігітпен таныстырсам деймін! Өте жақсы жігіт! Өзі милиция болып жұмыс істейді! Ішпейді,шекпейді!- деп мақтауын келтіріп жатыр ғой.
—Таныссам танысайын! Біздің жағдайымызды біле ме?
—Ойбай,бәрін біледі! Сені өткенде құдалықта көріп бірден ұнатып қалыпты! Сен үй әктеп жүргенде келіп столыңды көтеріскен бала ше!?Сол ғой!
—Аа,байқамаппын! Неге сол кезде маған айтпағансыз!?Ұят болды ғой!- деп қоям.
Ертесіне жігітті көрші жеңешем үйге ертіп келді.Ағам жұмыста болатын.Өз жеңгем екеуміз шәй беріп күтіп алдық.Жігіт өзі сымбатты, формасымен келіпті.Маған негізі милиция жігіттер ұнайтын.Содан тез тіл табысып кеттік.Бір апта сөйлескен соң ол мені алып қашатын болды...
Үйге көрші жеңешем жігітпен келіп, әжемнің иығына орамал салып батасын сұрады. Әжем:
—Ешқандай қалың малдарың керегі жоқ! Қызымды жылатпасаңдар болды! Барған соң киім- кешекті өздерің әперерсіңдер! Немерем сендерге аманат!- деп бастасын беріп шығарып салды.
Мені Шымкент обылысындағы Қоңыр бөрік аулына алып келді. Ораза айы болатын. Адам аз болатын шығар деп ойлағанымен, қонақтар өте көп болды. Мен милиция жігітті сол бойы көрмедім. Адамдар саябырсып азайған соң қасыма таныстырған жеңешем келді.
—Женше! Күйеуім қайда? Неге қасыма бір рет те келмеді?
—Айналайын, ол үйленіп кеткен! Сенің күйеуің басқа!
—Басқасы нес!? Милиция жігіт ше? Сіз мені алдап әкелдіңіз бане!?
—Саған какая разница? Бастысы біздің үйге келін болып түстің! Болашақ күйеуің оның ағасы! Ол да жаман жігіт емес! Ең бастысы сені жоқшылықтан құтқардық қой! Қуанбайсың ба қайта!? Не ішем, не жеймін демейсің!?- деп маған діңкілдеп сөйлей бастады. Шу шығарғаныммен ешқандай өзгеріс болмасын біліп,«болар іс болды ғой» деп көнгеннен басқа амалым қалмады. Бір жағы ауқатты отбасыға келген соң да көнген едім. Өйткені өмірімде тойып тамақ жеген емеспін. Қанша жесем де тоймайтынмын. Бір кезде күйеуімді әкеліп таныстырды. Түрінің тозығы шыққан, ажары келіспеген жігітті әкелгенде, не істерімді білмей, басым қатып жылай бердім.
Күйеуімнің есімі Марат. Ол менен 14 жас үлкен екен. Бұрын үйленіп ажырасқан. Мен бәріне көніп үйренгенмін ғой. Бұған да көндім. Кеткенде қайда барамын? Әжемнің бір аяғы төрде, бір аяғы көрде. Әкемнің менімен жұмысы жоқ. Бұлар да сенетін ешкімім жоқ екенін біліп, осылай жасап отыр ғой. Күндегі келіннің тірлігін істеп жүре бердім. Күйеуім бір күн үйде болса, он күн қорада болады. Қора дегені бұрын Колхоз бар кезде төрт бөлмелі канторы болған екен. Соны қайнағам мен абысыным үй қылып алып, Колхоздың қорасында мал ұстайды екен. Соны қора деп атайды. Үйде әлгі милиция қайным әйелімен, төрт баласымен енем тұрады екен. Таңнан кешке шейін үй тірлігі бітпейді. Қайнымның балдары ұсақ, солардың кірін жуып, тамақ істеп, қысқасы барлық тірлік менің мойнымда. Мен күйеуге емес, құлдыққа келгендей жүрдім.
Бір күні қорадағы қайнағам келіп:
—Бұлай болмайды! Келін үйде, Марат қорада, екеуі екі жақта! Қанша дегенімен жаңадан үйленген ғой! Келін де қораға барып тұрсын!- деген соң енем келісіп мені сол жаққа алып кетті.Қорада отыз сиыр, бірталай қойлар бар екен. Абысыным мен қайнағам сиырларды сауады, мен оларға тамақ істеп, кірлерін жуып, үй тірлігін істеп жүрдім. Сиыр сауып үлгере алмай жатқан соң маған да саууға тура келді. Бір қызығы олар сиырларды байламайды екен. Алдына жем салып, сиырлар соны жеп болғанша сауып үлгеру керексің. Үлгермесең жемін жеп болған соң өріске кетіп қалады екен. Күніне қазан қазан сүт пісіріп, оны ұйытып, көбі пісіп, майын қарынға салып жердің астына көміп қоямыз.Ол майды әселмен арластырып қыста сатады екен.Түскен ақшаның бәрін енем алып отырады. Бұл жақта нағыз ауыр пейнеттің үстіне түстім. Таң атпай тұрып, қас қарайғанша малдың соңында жүрдік.
Бір күні доқтырға шақырып жатыр деген соң ауылға барғам.Жолда ағайын абысыным шақырып алып,
—Сенімен Дариға (өгей шешем) сөйлескісі келеді!- деп ұялы телефонын берді.Тұтқаны ала салып маған ұрсып жатыр ғой.
—Неге саған қалың мал бермейді!? Сен жетім емессің! Әкең бар ғой! Неге сен құдалық шақыр демейсің!? Енеңе айт!Келіп біздің алдымыздан өтсін! Сонша байдан өлгендей ажырасқан үлкен еркекке тиіп не көрінді!?- деп айқайлап жатыр. Мен үндеген жоқпын. Енеммен сөлесетінімді айтып тұтқаны қоя салдым. Үйге барған соң енеме айтып едім, естімеген адамдай отыра берді. Мені сонша адам қатарына санамағаны көңіліме қатты тиді. Екінші рет ол әңгімені қозғамадым, енем де сұрамады.
Бір жарым жылдан кейін мен бірінші ұлымды дүниеге әкелдім. Есімін Ердос қойдық. Бір күні қайнағам келіп Марат екеуі далада ұрсысып жатыр екен. Терезеден қарап тыңдасам,
—Бір аптада екі қой жоғалады! Сен қайда апарып жатырсың оны!? Бейшара қайын жұртыңа тасып жүрсің ба!? Әйтпесе қайда кетеді қойлар!?- деп екеуі біразға барды. Мен естісем де үндемей жүре бердім. Екі үш күннен соң Мараттың кірін жуайын деп шалбарының қалтасын қарап хат тауып алдым.«Аға, ешкімге көрсетпей маған екі қой сатып берші! Тез арады ақша керек болып тұр! Көлігіміз бұзылып, соған құрал сайман алалмай жатырмыз!» деп жазылған екен. Үш күннен соң көліктің даусынан түнде оянып кеттім. Сыртта біреулер күбірлеп сөйлеп жатыр екен. Ақырын терезеден қарасам, қайным екі қойды көлігіне салып жатыр екен. Ертесіне қайнағам келіп тағы ұрсысып жатқанда мен хатты көрсеттім. Сөйтсек қарындасы ақша сұрай береді екен. Інілері де оқудан қиналса Маратқа арзымайтын ақша беріп алдап, қойды өздері алып отырған. Мараттың ішетін әдеті де бар еді.Бірақ ішсе маған тиспейтін, ұйықтап қалатын.
Ерте көктемде әдеттегідей күйеуім удай мас, малдың қайда қалғанын білмей ұйықтап жатыр. Кешке мен жотадан малдарды қайырып, жем шөптерін беріп, қолымда балам бар, шаршап үйге кірсем ағам мен жеңгем отыр екен. Сол күні 8 ші наурыз болатын. Мен мейрам дегенді ұмытқалы қашан? Әбіржіп кеткем, ұлымның шашы өсіп кеткен, үсті басымнан малақтың исі шығып тұратын. Ағама жанталасып шәй қойып жатыр едім,«ішпейміз»деді. Хал сұрасып болған соң қайтамыз деп кетерінде ұялы телефонын тастап, біраз ақша да қалдырып кетті. Бірақ ағамның реңі өзгеріп, ашуланып кеткендей болды. Неге ашуланғанын түсінер емеспін. Ертесіне жеңгем хабарласты.
—Бикеш! Кешелі бері ағаң сені ойлап, ұйықтамай шықты! Мына жүрісің болмайды! Не өмір ол!? Кешке дейін малдың соңында әбіржіп! Күйеуіңнің түрі анау, мас болып жатыр! Сол малдан саған пайда бар ма!? Ағаң «балдары көбеймей тұрғанда ажырассын» деп жатыр!
—Жоқ, жише! Мен әжеме уәде бергенмін! Келген жеріме тастай батып, судай сіңемін дегенмін! Әжемді қарабет қылғым келмейді! Мені уайымдамаңыздар!
—Өзің білесің! Бірақ кез келген жағдайда, кез келген уақытта маған хабарласып көмек сұрасаң болады! Біз сені жалғыз тастамаймыз!- дегенде қуанып қалдым.
Солай өміріміз өте берді. Менің екіншіме аяғым ауыр болған соң енді өз отанымыздың болғанын қаладым. Абысынымның бес баласы бар, солардың отынан кіріп, күлінен шығудан шаршадым. Абысыныма бөлек шығатынымды айтып едім,«біз де сендей болғанбыз, сен де біздей боласың» дегенге келтіріп, сөзімді пысқырған да жоқ. Мен тірліктен қашпаймын ғой. Жастайымнан жұмысқа әбден піскен адаммын.Бірақ өз бала шағам үшін мен бөлек шығуға әрекет жасадым.Өйткені күйеуім өте момын,өзім қимылдамасам ол жүре беретін түрі бар.
Бір күні ауылда үлкен құдайы жасайтын болдық. Сол жиында мен ағайындардың көзінше ашығын айттым.
—Қашанғы осы үйде жүре береміз!? Біз де өз отанымыз болғанын қалаймыз! Бөлек шыққымыз келеді- деп өмірімде алғаш рет көпшілікке жағдайымды айттым. Ағайындар ойласа келе сол маңайдан жер телімін әперетін болып шешті...
Жер әпереміз дегелі біраз уақыт өтті. Алайда ешкім қимылдайтын түрлері жоқ. Екі айдан соң енемнің үйінде тағы жиын болды. Менің балам ауырып бара алмадым. Ертесіне абысыным бәріміз қорада тезек ойып жатқанбыз. Үлкен қайнағам келіп,
—Менің сендерге жақсы жаңалығым бар! Ол туралы кешегі жиында айтам деп едім, бірақ сендер келмедіңдер! Ауылдың ішінен үлкен үй сатып алдым! Соның кілтін сендерге тапсырсам деймін!- дегенде қуанып кеттім. Бірақ абысыным шатынап шықты.
—Неменеге оларға бересіңдер! Біз ше? Алты бала шағам бар! Енді оларды малдың соңына салмаспын! Бұлар жас қой, малға қараудан шаршамайды! Бізге бер!- деп күйеуі екеуі шу шығарды. Мен болсам,
—Жарайды, ол жақта қайнағамдар тұра берсін! Маған осы қораны қалдырса болды!- деп құлағым тыныш болу үшін айта салдым. Сонымен олар ол үйді жөндеп, әктеп сырлап, үш айдан кейін көшіп кетті. Енді біз тек өзіміз қалдық
Бір күні күйеуім мас болып жатқан соң мал жайғай салайын деп қораға бардым. Ол кезде екіншім ішімде сегіз айлық болатын. Сиырды байлай бергенім сол еді, ол жүріп кетіп, жібі аяғыма ілініп ішіммен құладым. Ойбайлап жатырмын, ішім ауырып барады. Өзіміз айдалада тұрамыз. Көршіміз бір км жерде тұрады. Біткен жерім осы екен ғой деп тұра алмай жатқанымда кіші абысыным келіп қалды. Тездетіп көлік шақыртып, мені ауруханаға апарды. Сонымен мен он күн ауруханада жатып, қыз босандым. Екінші абысыным тамақ әкеліп жүріп өгей шешемді көріп қалып, менің қыз туғанымды айтыпты. Ертесіне әкем екеуі келіп,
—Өткенде түс көріп едім, түсімде сен алтын сырға тағып жүр екенсің! Қыз туады ау деп жобалаған едік! Осы қызыңның есімін мен қойсам деп едім!- деген соң рұқсатымды беріп, әкем қызымның атын Нұрай деп қойды.
Нұрайды қырқынан өгей шешем шығарып берді. Бірақ қызым көп жылайтын еді. Түнімен ұйқы жоқ. Дәрігерге апарсам, ерте туылғандықтан аяғының ұршығы жетілмеген екен. Емдетуім керек болды.
Қорада малдың соңында жүріп жөргек пұл дегенді де білмеппін ғой. Алдын ұлымдікін енем алған екен. Дәрігеріме емдетуге ақшам жоқ екенін айтып едім,
—Қызыңның ақшасына емдетпейсің бе?-дегені
—Қандай ақша?
—Айналайын ау! Қай ғасырда өмір сүріп жатырсың? Туылған балаңа өкіметтен ақша түседі ғой! Бір жылға шейін беретін ақшасы тағы бар!- дегенде мен таң қалып қалдым. Сонымен почтаға барып, қол қойып, 160 мың тг алдым. Енді мен қызымды емдетуге кірістім. Күнде қалаға қатынап, массажға апарып бір жылға шейін аурухананы тоздырдым. Енем ұрсып
—Неменеге жазылмайтын қызыңды салпақтата бересің! Туа біткен ауру жазылмайды ғой! Тазалық болмаған соң ауру бала туғансың!- деп миымды жеп қоятын. Бірақ мен ешкімді тыңдамадым. Тек дәрігердің айтқанын жасадым.
Бір күні қайнағам келіп 25 латарея әкелгенін айтты.
— Бес мыңнан сатып алыңдар!- деді. Тәуекел деп біреуін алдық. Ертесіне қайнымның балдары келіп тұр ғой
—Жеңеше! Сіздер «Мазда» машина ұтып алдыңыздар!- деп. Қуанып кеттім. Енемнің үйіне көлігімізді көруге барсақ жоқ қой. Енем:
—Машинаны күйеу балам қоймаған соң беріп жібердім! Жұмысына екі км жерге жаяу барады екен! Қиналып кеттім деген соң бере салдым!- деееп отыр ғой. Қаным басыма шауып,
—Неге осы біздің несібемізді біреуге беріп қоясыздар! Өткендегі үйді де қайнағама бердіңіз! Онда да үндемедім! Енді айтып отырғаныңыз мынау! Марат та сіздің балаңыз ғой! Неге бізді адам қатарына санамайсыздар!?
—Ой, сендерге машинаның не керегі бар!? Бәрібір ешқайда бармайсыңдар ғой! Оның үстіне Мараттың жүргізуші куәлігі жоқ! Күйеу бала отыз мың тастап кетті! Мә, мен де отыз мың қосып беремін саған!- деп алпыс мыңды ұстатып қайтарып жіберді. Үйге келсем Мараттың ештеңемен жұмысы жоқ, мас болып ұйқыны періп жатыр екен. Ертесіне әбден сөйледім.
—Ой, машинасының шешессс... Неғылам оны!? Қоя берші!- деп қояды ғой күйдіріп.
Енем берген алпыс мың да емге кетті. Енем әлі емдетпе ұрсып жүр. Бір күні өзінің қолдағы екі жасар немересі баспалдақтан құлап аяғы сал болып, мүгедек болып қалды. Менің қызымды жазылмайды деп жүріп, өзінің немересі дәл сондай күйге түсті. Табаламайсың ғой, сонда да асыра сөйлеудің қажеті жоқ еді. Апармаған жері жоқ, нәтиже шықпады. Солай алысып жүргенде Таразда жақсы емші бар екенін естіп, сол жаққа баратын болды. Мен де жағаласып,«қызымды апарамын» деп тұрып алдым.Сонымен Таразға тартып кеттік. Үлкен апа екен, бұрын бірнеше жыл хирург болып істеген екен. Адам көп болғандықтан бәрімізді кіргізіп, балдарымызды шешіндіргізді. Менің қызыма келгенде аяғын ұстап көріп,
—Ұршықтары жетіліп қалыпты! Массажға апарғаның дұрыс болған екен! Енді бір айдай арқаңа орап көтеріп жүрсең аттай болады
деп ұршығын салып берді. Енеме:
—Жасанды мүгедекті емдемеймін! Қолдан жасап отыр екенсіңдер!- деп қайтарып жіберді. Ол қыз сол бойы жазылмай мүгедек болып қалды.
Тараздан келгенде әжем ауырып жатқанын естіп,жаным тынбай бардым.Әжем төсек тартып жатып қалыпты.Бәрімізбен қоштасып жатыр.Маған:
—Саған ырзамын қызым! Талғат ағаң да үйленбеді! Балам саған аманат!Үйленіп жатса төргі бөлмеге бес кілем тоқып қойғам,соны төсерсің! Сандықта киттерім де дайын! Құлыншағымның үйлену тойын өткізем деп арманда кетіп барам! Ұлым жалғыз қалып кетпесін! Менің тігін машинамды сен алып кет! Ешкімге ьермей саған сақтап жүргем!- деп көз жасы тоқтамай жатыр.
Әжем мені күтіп жатқан екен ғой,мен барған соң екі үш сағаттан соң қайтыс болды. Тірі кезінде бас сұқпаған әке шешем осында жалмаңдап жүр. Олардың көздегендері әжемнің үйі болатын. Жетісін өткен соң екінші бейсенбілігіне барсам, киімдерін таратып тастаған. Заттарын таласып алып жатыр екен.Менің жаным шығып кете жаздап:
—Неге заттарын таратасыздар! Талғат ағам бар емес пе? Ол үйленсе дүние керек қой!- деп шырылдап жүрмін. Бірақ менің сөзіме ешкім құлақ аспады.
Бір күні үйге джиппен бір аға келді. Ол кісі осы қораның егесі екен.« Бізге жиырма қой бересіңдер» деді. Біздің ештеңеден хабарымыз жоқ болатын. Қайнағамнан сұрасақ,«Ия, жыл сайын қораның арендасы ретінде алып тұратын» деді. Бәрібір ол мал бізге тиесілі емес қой, бергенімен ішіміз ашымады. Бірақ аға кетерінде
—Мен бұл қораны Астанадағы ініме автобусқа айырбастадым! Ендігі келіссөзді ініммен жүргізесіңдер!- деп қайтып кетті.
— Мәссаған! Енді не істейміз? Екі ортада далада қалатын болдық қой!- деп басымыз қатты. Абысыным осыны біліп қашқан екен ғой. Екі күн болмай егесінің жендеттері келіп,үйді босатуымызды сұрады. Енді мен балаларым үшін күресуге бел буып енеме бардым.
—Сонша жыл малыңызды тегін бақтық! Бізге үй әпересіз! Мен шақалағыммен қайда барам? Малыңызды сатып үй әперуге міндеттісіз!- деп үйінде отырып алдым.
Бұндай мінезімді көрмеген енем сасқалақтап қалды. Хош,сонымен айқай шудың арқасында ауылдың шетінен бітпеген үйді сатып әперді....
(жалғасы бар)
Автор: Надира Тулеева

ТІРІ ЖЕТІМ. - 904493826378

Комментарии