АҚ ƏУЛИЕ-2

(Жалғасы,
Пейіл мен көңіл дегенде біреуде қым-қуыт, көңілшекте мамыражай, дүлейлерде аласапыран , жалпы əр түрлі боп кете береді.
Əр пенденің ниеті мен мақсаты да əрқилы. Сондықтан болар өмірде шынайы достықты сирек кездестіресің.
Тіпті сырт қарағанда қырық жылдан бері дос боп келе жатқан сияқты көрінетін екі жігіттің басқасын санамағанда ой-өрісі де жұрттың түсінуінше қарайлас тəрізді болғанмен, шын мəнінде жүздеген есе айырмашылық болуы мүмкін. Қалған ішкі қасиеттерінде де ерекшелік жетіп-артылатын шығар?!
Сондықтан болар əр жерде тағдыр түйістірген мақсаты ұқсас жігіттер арасында да шынайы достық сирек болады.
Жұма да бұл туралы көп ойланатын. Көп адаммен шүйіркелеспей жапанда өзі жалғыз жүргенді ұнататын жігіттің досы қайдан болсын!
Жұма парыз намаздарынан кейінгі дұғаларында , өзіне жақсы жар жолықтырып , ұл-қыз берген РАҚЫМды Алла тағаладан жақсы досқа жолықтыруын сұрайтын.
Жаратқан иеміздің харамға туа бітті жоламаған, ата-анасының қабағына қараған, ішіне қулық-сұмдық сақтамаған, парыздарын орындауға асыққан пенденің дұғасын қабыл қылғыштығы бар емес пе?!
Кісікиік сияқты көрінетін Жұмада өз досын Ұлытауда кезіктірді. Жасы өзі қарайлас. Аты Сағидолла. Бірнеше рет əңгімелескеннен бір-біріне жақын тарта түсті. Басқалар сұхбаттасып отырғанда бірінің ойындағысын екіншісі айтып қалатын .
Одан Сағидолланың үйінде бірнеше күн болды. Жұма күй шертеді. Сағидолла жыр жырлайды. Достық бауырластыққа ұласып бара жатты.
Бір күні Жұма:
-Мен таңертең жолға шығамын. Еліміздің шығысына аттануым керек,-деді.
-Осында бола тұрмадың ба? Мүмкін, Ұлытаудың үр қыздарының бірін тоқалдыққа аларсың? Досым, сен үшін өзім-ақ қалыңға қажетті малды шығаруға əзірмін.
-Жоқ, Сəке! Басқа ауылдарда бір қонып келе жатыр едім. Сендердің қастарыңда бір аптадан артық болдым.Сендей дос тапқаныма Жаратқанға шүкіршілік етемін. Енді кешіккенім болмас. Рахман иеміз жазса, əлі талай кездесерміз.
-Шын досты енді тапқанда, жалғыз жіберуім жараспас. Менде сенімен бірге барам.
-Жарайсың, Найманның нар жігіті!
-Ой, Жұмеке! Сенің əзілкештігің-ай! Найманда сегіз қырлы, бір сырлы нағыз Нар жігіттер көп.Мен болсам өзіңдей арық-тұрықтың бірі емеспін бе?
- Ол сырт қарағанда ғана. Осылай қарап кейбіреу қасындағы жолдастарын, қандастарын "Қортық", "Сырық", "Солымбай" тағы да басқа сөздермен кемсітіп жатады. Шіркін! Адамдардың ойын, ниетін өлшейтін аспаптар болғанда ғой. Мүмкін, Найманның ғана емес , қазақтың қара нарларының бірі өзің шығарсың!
-Тау пейіліңмен айналдым, алдаспаным!
Таң намазын оқи сала екеуі күншығысты бетке алып, əзілдесіп кетіп бара жатты.
Екі дос қазақтың кең даласын аралап жүріп, тағы бір ауылға жолықты. 12 қанаттық ақ үйде жұрт қарасы көп. Мəн-жəйды сұрасқан соң, бұлардың алыстан келе жатқанын ескеріп жоғарырақ отырғызды. Қақ төрде тақиясынан бастап, көйлек -шалбарына дейін ақ киінген жігіт жастыққа жастанып , шəйді сораптап ішіп отыр. Қасындағы жасы үлкендерге дейін "Əулием, Əулием"-деп қояды.
Жұмандар даңқы шарлап жүрген "Ақ əулиенің" осы екенін түсінді.
Ақ əулие қасындағыларға "қазақтың ұрын бару" дəстүрі туралы əңгімелеп отыр. Кейбіреулер бас шұлғып қояды. Əңгіме қыза түсуде. Бір кезде əңгімеге Жұма араласты.
-Мен қазақтың ондай дəстүрі бар екенін естімеппін. Некесіз қосылғаны несі?
-Əй, бала! Кішкене күнінен атастырылып қойған болса, қалыңмалының бір бөлігі өткізіп қойылған , ат арылтып алыстан қалыңдығының аулына келгенде жеңгелері төсек сап беріп, ұрын бармай ма?
-Жоқ, деді Жұма.-Қайдағыны айтпаңыз!
-Қайдағысы несі? Ата-аналары бала күнінде-ақ атастырып қойса, қыз бен жігіт түбі өздерінікі болатын дене мүшелерімен таныса бермей ме?-деп күшейе сөйледі Ақ Əулие.
-Қазақ əлімсақтан бері мұсылман. Некесі қиылмай көзбен жаулағанның өзі дұрыс емес. Ислам дініміз бойынша да ауыр күнə.
-Қойсаңшы, қонақ жігіт! Қазағымның құтына туған Ақ Əулиемен сөз таластырғаныңа жөн болсын!-деді отырған қырылдап сөйлейтін шал.
-Бағана өзіңді таныстарғанда руыңды "Адай"-демеп пе ең? Бұлардың сəл жабайылау халық екенін көп жыл бұрын шалдардан естігем. Оның үстіне жол шаршатып жүйкесі жұқарған болар? Өзі де қатты арық екен. Түрі де солғын.-деп Ақ Əулие сөзін жалғады -Қой, інім! Босқа таласпалық.Одан да сол қолыңды бер. Тамырыңды ұстап көрейін. Денсаулығың жағдайын айтып берейін.
Жұма да дел-сал боп отырған. Бала күннен құрдастары "қорқақ"-деп мазақтаса да үндемейтін өзінің ашуы ұстап, айқайлай сөйлегеніне бір жағынан таң еді. Қапелімде не істерін білмей , сол қолын алдыға созды.
Арық қолды ұстап біраз отырған Əулие:
- Көптен бері əйел көрмегеннен болу керек, жаның əлсірей бастапты. Күйіңді күмбірлете бермей, құрдас келіншектерден қуат алмадың ба?
Жұманың түрі өзгере бастады. Ақ Əулие тамырды ұстап отырып əңгімені жалғады.
-Жүрегің ауырады екен. Саған енді өте қуануға да болмайды, жаңағыдай ренжуге де болмайды Дүние дүр сілкінсе де денсаулыққа ештеңе жетпейді. Жаттығу, далада көп жүру де дұрыс емес. Тіпті тойып тамақтану да-деп бір қойды да ,сөзін жалғастырды -Еліңе тез кет. Сауығып болғасын, қайта қыдырарсың.
-Əулием бəрін біледі. Кейінгі кезде көктем болғасын ба, жүрегі ауыратындар көбейіп барады. Ылғи дала кезетін Құлық батырда Əулиемнің сөзін тыңдап жүрегін ұстап үйінен шықпайтын болды. Денсаулық керек қой-деп қойды қырылдап сөйлейтін қария.
Жұманың да түрі сəл бұзылып кетті. Ақсақалдар бата қайырған соң, далаға асықты. Атына мініп, кеткелі жатқанда, қасына Сағидолла ілескісі келді.
-Досым-ау, мен біршама уақыт бір өзім жапанда жалғыз жүйткісем деп ем. Қазақтың кең даласы маған қанат береді.-деп қамшымен атын бір ұрып шаба жөнелді.
Өз атының жанында бұған таң қалған досы үндемей қала берді.
Жұмалар мен Ақ Əулиенің кездескенінен бірнеше күн өткен соң, жоңғарлардың қазақ даласына басып кіргені туралы хабар тарап жатты. Ауылдарды отқа орап, шаңырақтар құлап, қыз-қырқынды ойыншыққа айналдырып, қарсы тұрғанды жер жастандырып келе жатқаны туралы айтылып жатты.
Жау жетпеген ауылдар тез жиналып, арқаны бетке алып көшіп барады. Хас батырлар қаруларын сайлап, "жау қайдасың?"-деп аттанып əлек.
Жұма, Сағидолла бар бірнеше жігіт көрші ауылдарға бір жағынан хабар беріп, жəне де барлаушы боп жортып жүр.
Жұма мен Сағидолла мен тағы бір жігіт шығысты бетке алып бара жатыр еді. Қырдың арғы бетіндегі ауылдарға асығып жүткіп жүргенде, алыстан бір қара көрінді. Оңтүстік бағытқа бір аттылы шауып барады.
-Жігіттер! Ол ауылдарға сендер бара беріңдер. Мен мына аттылының соңынан ергім кеп тұр.-деп Жұма аттың басын оңтүстікке бұрды.
Сүт пісірімдей уақыт соңынан бақылап келеді. "Бір қарасаң , Ақ Əулиеге ұқсай ма? , Қалай өзі"-деп қояды іштей. Біршама болғанда ол бір жотадан асқан бойы алдарынан қаруланған көп атты келе жатқанын байқады.Қарулы жасақ тəрізді.Жоңғарлар сияқты. Дереу атынан түсіп, тасалау жотаға тығылып қарап тұр.
Бұның алдында жортып келе жатқан ақ киімді қолына да ақ орамал ұстап көтеріп келеді. Қарсы келгендермен аз ғана уақыт əңгімелесті де, солармен бірге ары кетті.
Жұма бір сайға атын қойып, таямум алып, намазын оқып алды. Ойынан кетер емес. "Əлгі Ақ Əулие сияқты. Əлде ол емес пе екен? Алыстан қарағанда адамды ажырата да алмайсың.Бірақ неге Жаулармен кетті. Жоңғардың қиқулаған жүздеген əскері тіпті, бағытын өзгертіп сонымен бірге артқа бұрылып кетті ғой. Онда оларға қарсы жортқан тегін адам емес тəрізді". Жұма енді осы жерден ешқайда кетпей қайтуын күтуге бекінді.
Тайшылар бірқыдыру уақыт жортып жүріп , Жоңғар хонтайшысының шатырына кеп жетті.
Тайшы Хонтайшыға иіліп сəлем бергісі кеп оқтала беріп еді, Хонтайшы қолын көтеріп:
-Жарайсың, Қазақтардың əулиесі. Сенімен Таған тағы да басқа тыңшылар арқылы жіберілген мəліметтің бəрін алып отырмыз. Қазақтар қамсыз боп шықты. Жоңғар найзасымен баудай түсіріп жатырмыз.
-Ұлы Жоңғар еліне жəне өзіңізге қалтқысыз қызмет етуге əрқашан дайынбыз!
- Қазақтар арасында болған бірнеше жылдың ішінде бізге қажетті мəліметтерді беріп қана тұрмай, жүздеген айла-шарғымен қазақтардың рухын əлсіреттің.
-Қолымнан келгенше, Мəртебелім!
-Өткенде Таған келіп күлдіріп кеткен. Біз шабардың алдында қаншама қазақ ауылдарының батырларына жүрегін ұстатып қойыпсың! Таған сенің кейпіңе еніп маған , айтқандарыңды қайталап күлдіріп жүр. Тек бір сөзіңе келіспедім.Кейінгі төрт-бес айда жүрген жеріңде "Ислам бойынша сұлтандарға, патшаға бағыну керек"-деп үсті-үстіне қайталай беретін көрінесің. Бұның не?
-Оным рас. Молдалармен сөйлесіп көрсем, "патша залым болса", "əділетсіз патшаның күнəсінен ауыр күнə жоқ" тұрғысында хадистер де көп екен. Мен оларды ауызға алмай "Ханға бағыну керек"-дегенін бөліп ап қайталай беретін болдым.
-Неге?-деп Хонтайшы таңғала қарады?
-Өзіңіз білетіндей қазақтардың үш жүзінің бөлек ханы бар. Кей рулар сұлтандарға бағынып соның айтқанынан шықпайды. Əншейінде сұлтандардың билікке таласына аузы бірікпеген олардың біз соғыс ашқанда біріге қалуы да екіталай. Намысты қазақтардың аузы аңқиып əрқайсысы өз сұлтандарын тыңдап жүре берсін.
-Е, Қыраным! Оның жөн екен.
-Ұлы мəртебелім! Өзіңіз білетіндей ақылды басшылар жаулап алар елінің санасын соққылаудан бастайды емес пе? Сол үддеден шыға алып жүргеніме бола өзіңіз мені " Жоңғар барлаушылары мен жансыздарының жүрегі"-атап жүрсіз ғой-деді де Тайшы сөзін жалғастырды.
-Сіз жəне дүлей жоңғар жауынгерлері тез арада -ақ қазақ елін жаулап аларына сенемін. Ер азаматаның нобайын қылыштан өткізетініңізді де білемін.
Əйел-қыздардан басқа бала-шаға, кəрі-құртаң мен бірге бас игіш жігітсымақтарының кейбірі қалары хақ.
"Ханға , басшыға бағыну" миына егіліп, саналарына сіңе берсін!
Бұларды толық жаулап болған соң, кей жəрөйкелер "ұлы хонтайшыға бағыну керек .Оғанқарсы шығуға болмайды"-деп миында қалып сізге құлдық ұрғыш болады.
-Дəл түстің данышпаным! Менің бітірген көп ісімнің бірі жоңғар балаларының ішінде талантты сені тауып, əр түрлі дайындықтан өткізгенім қандай тапқырлық болған.
-Хонтайшы көреген!
-Қазақтарды жаулап болған соң, сені бас уəзір етпек ем. Ақылдысың. Əріден ойлайсың. Бірақ , осы тыңшылығың тиімділеу екен. Оның үстіне барлаушылықты шебер жасап қоймай, жүрген жеріңдегі жаудың тезірек жемтік болуына бар күшіңді саласың.-деді де сөзін жалғады.
-Мына ашықауыздарды тез жаулап аламыз. Сол кезде сен бұрынғы аты ғана қалған елден қашқан боп, "қазақтың Ақ Əулиесі " ретінде қырғыздар арасына барасың. Жүрген жеріңнен өзіңе керекті азын-аулақ қазақты ерте бар. Сенімділік керек. Ол жақта шаруаларды шеше сала, Қоқанд хандығына жол тартасың. Одан ары Бұхар əмірлігі... Осылай "Қазақтың Ақ Əулиесінің" сара жолының соңынан өзің белгі беруіңмен Жоңғар əскері бұл түркілерді шыңғырған лақтай бірінен соң бірін жойып, жоңғардың жемтігіне айналдырамыз.
-Ұқтым , Жоңғарыма күн болған көкжиекті Хонтайшым!
-Саған тағы да сыйлығым бар. Енді қазақ даласын басып алып жүргенде əскерімнің соңынан менде қазақ даласына ене жүрем.
Жорық кезінде қазақтардың іс-əрекетін біліп отыру үшін тыңшылығыңа барлаушылығың күшейе түспек. Соған сенің қандас əйелің мен балаларыңды күймемен алып жүрміз. Тоқтаған жерлерде бөлек шатыр тігеміз.Қашқан боп , мұнда кеп, бізбен кеңес құрып, отбасыңды да жиі көріп тұрарсың.
- Жоңғарымның жүрегі, исламның қас жауы Ұлы Хонтайшының даңқы арта берсін!-деді де иіліп шығып кетті.
Хан сарайына жанында тұратын əйелі мұның Хонтайшыға келгенін естіген. Балаларын құрбысына қалдырды да, күйеуін жалғыз күтті.
...Шатырға кіре сала , сағынысқан құшақтар айқаса кетті
Жоңғар шапқыншылығында шаһид болған ата-бабаларымыздың рухына арналады!
(Жалғасы, басы алдыңғы жазбаларда)
Күйеуіне кесені ұсына беріп, əйелі Тайшыға:
-Сен қазақ даласында жəй емші емес, тыңшы болып та жүр екенсің . Біздікілер "бірнеше айда олардың жерін толық басып аламыз"-дейді.
-Қуатты жоңғар əскері аңқаулардың сазайын тез тартқызар.
-Оларды толық жаулап болған соң, сен ешқайда кетпей , ылғи бірге болатын шығармыз?
-Жоқ! Хонтайшы қазақтардың шаруасы біткен соң, қырғыз асасың, -деп отыр.
-Сосын, біржола ораласың ба?
-Одан соң, Қоқанд, Бұхара, Хиуа хандықтары бар.
-Қазақтың кең жерін алсақ, олардың қажеті қанша?
-Ол елдерде қазаққа туыс халықтар тұрады. Бəрі де мұсылман. Исламның исін жаңа шекарамыздан алыстатып, құртуымыз керек.
-Мұсылмандар құрсын! Жек көрем соларды.Тез құрып кетсе екен.Сол елдерді жаулап болған соң, бізбен бірге болуға уəде берші?
-Жарайды, жаным!
Таңертең бала-шағасының бетінен сүйіп, Тайшы келген ізімен қайтуға жолға шықты.
Таң атқан бойы Жұма таяммум алып, таң намазын оқыды.
Оқып бола сала Жаратқан иемізді еске алып, зікір жасады. Зікірді ылғи парыз намаздарынан соң жасаушы еді.
Зікірдің де түрі көп ғой. Бұның зікірі сұбханАлла тағаланы көркем есімдерімен еске алу. Рахман есімін жүз рет, Рақымды жүз рет, Хабиру ді жүз рет, Хафизуді қырық рет, Жаббаруды 240 рет ... Осылай Алла тағаланың 99 есімін белгілі бір ретпен қайталап шығу. Пенделіктен, асылықтан қорқып шүкіршілік ету.
Одан соң дұға жасады.
"О, он сегіз мың ғаламды , шексіздікті жаратқан Құдіретті Алла тағала! Соның ішінде қазақты ерекше қып жасаған Ұлылардың Ұлысы! "Дүние сынақ " екенін білеміз. Оны қазағыма жеңіл етіп, Жоңғарлардай опасыз көршіні жойып жіберіп, қазақты ақиретке дейін тұратын ұлттардан ет! Үш жүз хандығы бірігіп, бір ел болуды нəсіп ет! Қаны мен жаны ғана туыс емес қазақтың бауырлығын одан бетер арттыра түс!..."
Сол кезде қызыл шапақ тарап, күн шыға бастағаны білінді.
Жұма торсығынан қымыз алып ұрттады. Шөлдеп тұрғандықтан сіміріп алғысы келген , өзін тежеді. Кеше көбірек жұтқанына өзіне налыды. "Бұл жерде əлі қанша күтуім керек. Жақын маңайда ауылда жоқ. Өткен ел қарасы да көрінбейді."-деп қымыздың қалған бөлігін қалдырып қойды.
Жотаға шығып , кең далаға қарады. Жақын маңайда адам да, мал қарасы да көрінбейді.
"Қазақ даласы, өзінің пейіліндей кең ғой шіркін?! Бір шетінен екінші жағына жету үшін кемінде бір ай жүру керек.
Жасаған иеміздің бергеніне кəпір жоңғар қол сұқпақ. Қазақ жеріне еніп келе жатыр. Қазақ батырлары оларды қуып шығады. Жетісу, арқа, оңтүстік, батыс бүкіл қазақ даласы бірігіп қарсы шығады.
Тіпті, мұны "Жұма-қорқақ"-деп əзілдейтін достары ести сала ,ішіп отырған тамағын тастай сала Мұғалжардан атқа қонар!-деп ойлап тұрды да домбырасына көз тастады.
"Менің жүрісім мынау. Жау еніп келе жатқанда қолымда қару да жоқ. Тіпті сол қаруды ұстап көргем де жоқ. Өзім қатарлылар құралайды көзге атқан мерген болса, мен тіпті, садақ та ұстап көрмедім. Домбыраны сабалап босқа өткізген күндерім-ай! Тіпті шынықпаған қолымда қауқарлы емес. Кешегі жоңғарлармен кеткен жансыз атты оралса қару түгіл дымымда жоқ"-осы ойлармен ары -бері жүріп, жуандығы қазыдай , ұзындығы екі құлаштай далада жатқан шоқпар ағашқа кезікті. Алтын тапқандай қуанып кетіп, алып алды.
Жан-жаққа алаңдап қояды.
Түске жақын оңтүстік бағыттан жортып келе жатқан атты көрінді. Ақ киімді екен. "Ақ Əулие-ғой мынау"-деп қолындағы шоқпарын атына көрінбейтіндеу , елеусіз ғып тастай салды да, отыра кетті.
Тайшы жақындай бергенде , Жұма айқай салды.
-Аяғым, аяғым ! Қап, аяғым! О , Əулие! Сіз екенсіз ғой. Келгеніңіз қандай жақсы болды. Өткендегі ақсақалдың "қазақтың күні үшін туған" -дегені рас екен. Менің де құтқарушым сіз болдыңыз.
Ақ Əулие аттан түспей сəл тұрды. "Қайдағы бір қазаққа осындай сəтте түсіп көмектесіп қайтем?"-деп іштей ойлап сəл тұрды да:
-Неге жығылып жүрсің?
-О, Əулием! Сіз білетін шығарсыз "жоңғар алдындағының бəрін жайпап келеді "-дегенге қашпақ болғам. Қорқалақтап бағыттан да шатасқан сияқтымын. Атым да өзім сияқты сужүрек екен.Қамшылағаныма мөңкіп бергені. Зəрем кетіп , қалпалақтап жүргенде аттан құлап тобығым шығып кеткен тəрізді. Көмектесші, Əулием!
- Өй, Даңғой, жабайы адайдың ұрпағы-ай! Жауға шаппайсың ба?
-Жауы құрсын! Бала күннен өзімнің "Жұма қорқақ"-деген атым бар. Тез еліме жетейін. Жоңғардан бұрын аулыма барып, əйел, бала -шағамды алып, одан ары қашуым керек.
Тəкəппарланып тұрған, Тайшы жымиды да, атынан түсе бастады.
-Айтқаның жөн! Сенің де басың істейді екен. Бəрімізге де қашу керек. Жері құрсын! Өз əйел-бала шағамызды аман алып қалайық-деп Ақ Əулие отыра қап Жұманың тобығына қолын созды.
Сол сəтті күткендей Жұма қолындағы таспен басынан бір қойды.
Тайшы басын ұстап құлай кетті. Қан ағып жатыр. Жұма тұра сап , артқа шегініп дайындап қойған шоқпарын алып , ұрғыштай бастады. "Мынау саған қазақтарды алдап соққаның үшін", "Мынау елімізді таптағандарың үшін", "Сен жансыздың дəстүріміз бен исламды қорлағаның үшін"-деп айқайлап қойып, төпелеп жатыр. Сəлден соң ашуын басты. "Қой, өлтіріп алмайын. Бұны қандастарымның жанына тірілей алып барайын. Тұнығымызды лайлағанын бəрі көрсін. Ел алдында кінəсін мойындатып, ат құйрығына байлау керек"-деген ой келді.
Мойын тамырын ұстап көріп еді, тірі екеніне көзі жетті. Тайшының атына барып, жүгенін алды. Келді де , қолын байлап тастады.
Біршама уақыт өтті. Тайшы есін жинады да, Жұмаға қарап:
-Сен мені алдап соқтың?
-Жоңғардан басқа қулықты білмейді"- деп ойлап па ең? Қазақтардың қонақжай, ақкөңіл халық екені рас. Бірақ ол басы істемейді дегенді білдірмейді.
-"Тобығым"-деп қатырдың.
-Менің тобығым емес жүрегім ауырады.
-Өткенде тамырыңды ұстап өзім тауып айтқан сияқтымын.
-Ия, айттың. Бірақ , өтірік айттың. Менің жүрегім "қапыда қалған қазағым "-деп ауырады. Сен Жоңғарлардың ислам бойынша "көрші хақысын" білмейтін надандықтарыңа жүрегім ауырады. Ержүрек, дана қазағымның бала секілді сендей арамзаларға алданатынына жүрегім ауырады.
- Жұма, ақылға кел. Келісімге келейік.Сені үлкен байлық күтіп тұр.
--Мен олсызда баймын.
-Күлкімді келтірмеші
-Рас. Ең үлкен байлығым иманым.Ата-анам, бала-шағам. Одан соң қайда барсам да "құдайы қонақ"-деп бауырындай күтіп алар кең Қазақиям бар.
-Жұмеке, жүзіңнен нұрың төгілген ақылды жігітсің. Мен сөз берем. Мықтылар жағын таңда.Сенің қызығыңды талай Жоңғар мен Қазақтың арулары көретін болады. Жоңғардың қылаң бел сұлуларының лəззаты қандай?! Сенің күй төгілген саусақтарың соған лайық емес пе?
-Əлек болма, Сұмырай! Мен елімді жер-жаһанның бар байлығына да айырбастамаймын.-деп Тайшыны екі тепті.
Біраздан соң, жотаға шығып, жан-жағына қарады. Ешкім көрінбейді.
"Əулиесымақты өлтіріп кетуге тағы болмайды. Жұрт бұның не бүлдіргенін көрсін. Оның үстіне жігіттер келсе сұраққа алармыз. Жоңғар əскері қанша? Басқа қайсы бағыттан шабуылдамақ?
Өткенде жоңғардың жүздеген жауынгері соңынан ілескеніне қарағанда оларды шенділерінің бірі болар? Мүмкін, бүкіл елдің алдында масқарасын шығарып, басқа да жоспарларын анықтап болған соң, Жоңғарға талап қоярмыз. Сілімтігін алып кетіп , енді жоңғар біткен қазақ жеріне аяқ баспайтындай боп, хонтайшыларының антын алармыз? Не болса да күту керек."-деп ойланды.
"Қап!"- Өзінің мықты боп жаратылмағанына енді өкінді. Оның үстіне кешеден бері тамақ ішпеген қарны аш. Əлсірегені анық.
Қазақтың басқа нар жігіттерінің бірі болса, мына байлаулы сілімтікті өңгеріп кете берер еді.
Тастап кетіп, жігіттерді алып келсе ше? Ол да жарамайды. Бұл жерге бізден бұрын жоңғарлар болмаса, хабарсыз қазақтар келсе де сытылып кетері анық. Егер Жоңғарлар келе жатса, бұл сұмырайды өлтіріп, өзім қашуға тура келеді.
Досы Сағидолла бұны іздеп жүрген болу керек. Соны күтуім керек. Ол менің хабарсыздығымнан іздейтіні анық. Ол мені жаудың өтінен болса да табар еді. Дос болса Сағидолладай болсын! Тек жоңғарлардан бұрын келсе екен. Іздеп таба алмай жүрген болар?"-деп құмнан таяммум алып жатты.
Тайшының етігінің қонышында пышағы болатын. Сүлдері құрыған əлін жинап, екі аяғын бүгіп, қолына жақындатты. Пышақты шығарып, жəймен қолындағы жіпті кесті.Пышақты қолына ұстай бергені сол еді, Жұманың аяқ дыбысы жақындап келеді.
Жұма байлаулы жаралыТайшының өліп қалмағанын көз жеткізбек боп, отыра берген.
Тайшы пышақты сермеп қалды. Бұрылып үлгерген Жұманың оң иығынан қан ақты. Жұма артқа қатты шегініп, бірнеше қадымға жүгіріп кеп, шоқпарға жармасты. Енді тəлтіректеген екеу бір-біріне ұмтылды. Жұма :
-Ия, Аруақ!-деп шоқпарын қатты сілтеп қалып еді, Тайшының пышағы ұшып кетті. Бұл екеуі қайда ұшқанын да байқамай қалды. Жұма енді бар күшін сап, шоқпарын көтеріп ұмтылып тұр. Сол кезде Тайшы шарасыздан:
-Қорқақ! Қазақтың бəрі қорқақ!-деп айқайлады.-Қорқақ болмасаң шоқпарыңды таста. Екеумізде зорға тұрмыз.Енді жұлысып көрелік-деді.
-Жұма, қорқақ емес!, Қазақтай халықтан қорқақ ұл туылуы мүмкін емес!-деп айқайлап күйші жігіт шоқпарын лақтырды да, Тайшыға қарай ұмтылды.
Екеуі алыса кетті. Жұлқыласып жатыр.Екеуі де ұзын бойлы.Екеуі де жайшылықта жұлысқа арналмаған ебедейсіз.Əуелден екеуі де жұқалтаң болса, оның үстіне екеуі де жаралы.Екеуі де ақ киімдері быт-шыты шығып, қан араласып, қызғылт тартқан. Екеуі де қолына қару алып көрмеген, мəдениет иелері. Бірі күйші, бірі емші. Екеуінің артында екі ел тұр. Жоқ дұрысырағы,
Тайшыға жауласқан екі елде үміт артып отыр. Жұманы ұл-қыздары мен достары ғана үміт күтеді.
Бұл бір қарағанда жауласқан екі ел жігітінің ғана емес , даңқ пен қарапайымдылықтың шайқасы болып көрінер.Жоқ! Бұл шындығында
алдамсыратып бойыңды он орап алар арамзалық пен соны сыпырып тастауға ұмтылған ақиқаттың шайқасы еді.
Бұл исламда жек көретін артында алпауыт елге айналғысы келген дүлей мемлекеттің бас идеологы мен парызын қаза қылуды білмейтін, кішіпейіл жігіттің арпалысы .
Бұл арпалыс...
Екеуі де қатар жығылды. Екеуінің қолы да екіншісінің тамағына шабысты . Аз-кем уақыттан соң, Тайшы қолын жібере салды. Жұма одан бетер қыса түсті. Өлгеніне анық көзі жеткен соң ғана қолын жіберді.
Иығынан қан ағып жатыр.Басы айналып барады. Тұратын күш жоқ. Қан көп кеткен тəрізді. Жұма дүниемен қоштасар сəті жеткенін білді.
Күнге көз салып, өз басының құбылаға қарай құлағанын білді. Бесін намазының парызын оқи бастады.Бұл жолы намазын тұрып ,немесе отырып оқи алмады. Тіпті намаз ишараларын көзімен ғана орындап жатты.
Оқып болды да , тілін кəлимаға келтіріп, пəни дүниеден ғайып боп кете барды.
Сағидолла мен қасындағы жолдасы Жұманы көп іздеген еді. Іздеп жүріп , тұрған екі атты көрді. Қасына келсе, айнала қызыл ала қан, жұлысып өлген екі адамды көрді. Анықтап қарап еді бірі Жұма, екіншісі Ақ Əулие еді. Бірін -бірі өлтіргені көрініп тұр. Қасындағы жігіт:
-Қап, қаңғыған мына Жұманы-ай! "Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады"-деген, қиын шақта Əулиемізді өлтіріпті.-деді де кемсеңдей кетті-Қайран, Əулием! Данышпан, ең ғой. Тіпті өзіңді кім өлтіретініңді білгендей, "дөрекі адайлар"-деп жүруші ең. Əттеген-ай!
-Жап, аузыңды. Жұма менің досым, мен оны жақсы білем. Ол адам өлтірмек, түгілі, кісі жібін аттамайтын.Тіпті, аң аулағанды да ұнатпайтын.
Сенің Əулиең қателескен. Адайға да тіл тигізбе! Қазақтың қаны бір қан.
-Кетші-əрі!
-Өзің кет! Бірін-бірі өлтірсе, Ақ Əулиенің сатқын болғаны.
-Жоқ. Сатқын болса, сырттан келген Жұма сатқын шығар?
-Жап, аузыңды! Жұрттың бəрі кісіге қиянатсыз Жұмадай болса, жұмақтың керегі не?! Жердің өзі жұмаққа айналмай ма?
Ашулы екеуі алыса кетті. Жел күшейіп, бірден құйынға айналып, топырақ шашқандай. Табиғаттың өзі бұл екеуінің ерегесін құп көрмегендей.
Дауыл сəл бəсеңсігенде ысқырған дауыс пен, аттың дүбірі естілді. Жоңғарлар екен. Бұларға жарыса оқ жаудырып келеді. Жолдасына екі жерден, Сағидоллаға үш жерден жау жебесі қадалды.
Сағидолла теңселіп барып Жұманың жанына құлады. Екеуінің басы да құбылаға қараған, аяқ-қолдары жан-жаққа созулы.Саусақ ұштары бір-біріне тиіп тұр.
Бірі батыстан, бірі орталықтан шығып, елдің шығысында қол ұстасып жатыр. Жан-жаққа қол-аяғын созып жатыстарының өзі "Кең Қазақия! Біз сіздермен мəңгілік біргеміз"-дегендей.
Жоңғар жауынгерлері бұларға аттан түсіп қараған да жоқ. Қиқула
тып қазақ жеріне одан бетер еніп бара жатты...

АҚ ƏУЛИЕ-2 - 914418180938

Комментарии

  • Комментарий удалён.