(Ақсақал айтқан әңгіме желісімен) ( Жалғасы. 7- бөлім) Көбей мен Құрманғазы тойдың қамын ойласып жатқан дәл осы сәтте дұшпан да өз торын құрып жатыр еді... Қарға бақсыға Көбейдің ел ішіндегі жігіттерін тұтқындағанын және жазаламақ болып аттанған казактар отрядын түгел тізе бүктіріп, Есет батырға айдатып жібергенін тыңшылары жеткізіп барған. Бірақ бұл кезде әскердің бәрі қазақ даласының орталық, шығыс, оңтүстік аймақтарын басып алуға және Қоқан жағына жұмылдырылып, солай кеткен. Әскермен келіп Көбейді жазалатуға қауқары жетпей, Қарға бақсының зығырданы қайнады. Орысшыл сұлтандарды жағалап көріп еді, олар губернатордан бұйрық болмай ондай іске араласпайтын ыңғай танытты. Сонда да болса қарап жатпай Қарға бақсы казактардың атаманына барып, «сенің бір топ казактарыңды Есет батырға ұстап берген Көбей деген қазақ. Ол казактарды тұтқынға алып, қасына жігіттерін қосып патша әскеріне қарсы соғысып жатқандарға аттандырыпты» дегенді жеткізген. Бар мақсаты Көбей жасағалы жатқан тойдың берекесін қашырып, кек алу. Бұған казак атаманы қатты ашуланды. Қарға бақсы оларға жауын көрсететін болып уәдесін беріп, одан әрі әскерилерді үгіттеуге кірісті. Ішкі есебі, казактар отряды мен орыс әскерін ертіп апарып, қазақ ауылдарын басып алу. Оның арғы жағында аға сұлтан болу мақсатының да құлағы қылтияды. Сондықтан ол өзінің сыбайластарын жинап, Көбейдің көзін құрту жоспарын құрмақшы. Сол ниетпен қаланың сыртына таман орналасқан помещик досының усадьбасындағы бақта, жазғы лапасқа ниеттес офицерлерді түскі асқа жинады. Ол бәрі жиналды-ау деген уақытта сөз бастады. - Патша әкімшілік реформалар жасауды міндеттеп отыр. Бұл реформа бойынша Ресей империясы қазақтардың жерін түгелдей мемлекеттің меншігі деп жариялады. Ендігі жерде осы тартып алған жерлерге шаруаларды көбірек қоныстандыруға жәрдем беруіміз керек. Қарға бақсы бұл жерде Ресей патшасының атынан сөйлеп отырған себебі ол әскери киімде және мойор шенінде еді. Сондықтан оның барлау қызметінің басшыларының бірі ретінде губернатордың алдында беделді екенін жиналғандар білетін. Жиналғандар да шені жоғары офицерлер. Әңгімеге олар да араласты. - Орыс шаруаларын патшалық Ресейден қоныс аудару көп жағдайда қазақтарды ежелгі атамекенінен, қонысынан жаппай қуу және ең құнарлы жерлерін күштеп тартып алу арқылы жузеге асырылып жатқандықтан бас көтерушілер, қарсы соғыс ашуға ұмтылушылар көбейді. Оларды ауыздықтау керек. - Дұрыс айтасыз, қазақтардың патша үкіметі жүргізіп отырған отарлау саясатына қарсы күресі күшейіп келеді. Патшаның сенімді тірегі біз - әскери адамдармыз. Қазақтардың әскери құрамаларға шабуыл жасауы жиілеп кетті. Кейбіреулері арнайы топ жасақтап, Есет Көтібарұлының көтерілісшілеріне көмектесіп жатыр. Сондықтан сіздер адам берсеңіздер оларды жазалап, кінәлілерді тұтқынға алсам деген ойым бар. - Әскер губернатордың бұйрығымен ғана берілетіні сізге аян ғой. Алайда жергілікті казактардан құрама жасақтауға болады. - Қазақтардың рухын түсіру үшін қазақ жеріне орналасқан орыс шаруаларымен қазақтар арасында көбірек кикілжің ұйымдастырып тұру керек. Соны пайдаланып жазалаушы отрядтар жіберіп, басып отырамыз. - Ресей империясы қазақ жерін толық иеленуі үшін шаруаларды көбірек көшіру керек. Олар көп болған сайын біз күшейе түсеміз. Оның үстіне бұл елдің рухын түсірудің бір жолы – отырықшыландыру. Олар қазір кең далада өздерін еркін сезінеді. Бір қалада отырықшы болса оларды күнделікті бақылап, басқарып отыру жеңіл. - Сөзіңіздің жаны бар, оларды тек отырықшылындырып қою аз, мына кең даланы астық егетін алқапқа айналдырып, егінді қазақтың өздеріне ектіріп, жинату керек. Өйткені, патша казак жасауылдарына үміт артып еді, олар егіншілікпен айналыспады. - Бұларды біртіндеп шоқындыру және орыстандыру жағын жақсылап қолға алу керек. - Бұл үшін оларды өздерңіз айтқандай, отырықшыландыру керек. Сосын барлық жерде орыс хуторлары, шіркеулері салынса оларды шоқындыру қиынға түспейді. Патшаның хутор салу үшін 45 десятинадан, егін егуге 15 десятинадан жер бөліп беруге міндеттеген бұйрығы бар. Бұл бұйрықты жүзеге асыру үшін қазақтардың ең шұрайлы деген жерлерін тартып алып, сол жерлерге шаруаларды орналастыру керек. - Бұл бұйрық Жайықтың Ресей жақ бетінде іске асырыла бастады. Арғы бетіндегі Көбей сияқты бас көтерерлері бар қоныстар қарсылық танытып отыр. Сондықтан олардың басын біріктіретін басшыларын тұтқынға алып, каторгаға жіберу керек. Ал қалған халықты қорқытып-үркітіп, малын тартып алып көндіруге болады. Сондықтан да мен сіздерден Көбейді тұтқындауға адам сұрап отырмын. - Ол деген бір шашырап жатқан ауыл емес пе? Анау казак отряды мен жалдамалыларды бастап барып ұстап әкелу сонша қиын болып па? - Олай демеңіз, Көбей оңай жау емес. Оның арғы жағында Есет батыр қолдап тұр. Оның үстіне ол қазір арғы бергідегі бүкіл қазақ руларын жинап той өткізгелі жатыр. Яғни онда қазақтар көп болады. Аз ғана адаммен барсақ олар Көбейді тірі болып бермейді. - Енді қандай ұсынысың бар? - Алдымен ел ішіне тыңшыларды жіберу керек. Көбейді оңтайы келгенде ешкімге білдірмей ұстап әкететіндей немесе өлтіре салу керек. Сосын әскермен барып жақтастарын байлап әкелемін. - Онда қазірше тыңшыларыңды жібер. Оған дейін әскер шығару мәселесін біз де ақылдасып шешерміз. Осылайша бір топ әскери шенділер бақ ішіне орналасқан жаңағы лапас астында ақылдасып, алды да ары қарай шарап ішіп, әрнені әңгімелеуге көшті. ... Далаға құрылған лапастың қабырғасына арқасын сүйеп, бұлардың даурығыса отырып айтқан әңгімелеріне еріксіз куә болған бір қайыршы ғана есіней түсіп орнынан сүйретіле тұрып, қоржынын мойынына салып ақырындап қалың қайыңның арасына сіңіп жоқ болды... *** Көптен күткен той күні де жетті-ау. Жайықтың екі бетіндегі қазақтың барша рулары,үш жүзге жуық ақшаңқан үй әкеліп тікті. Қызыл қайыңды ну орманға жанай тігілген ақшаңқан үйлер қайыңның қып-қызыл жапырақтары мен гүл көмкерген көк жайлаудың үстінде ғажап бір сурет пе дерсің. Әлекедей жаланған жігіттер қонақты алдынан қарсы алып, аттан қолтығынан демеп түсіріп, үйлерге жайғастырып жатса, әр үйде күтуші жігіттер қонақтын қалауын айтқызбай тауып жатқаны. Ауылдың бір шетінде қатар-қатар қойылған неше ондаған қазандарда былқи пісіп жатқан жылқы етінің иісі анадайдан танауыңды жарып, сілекей шұбыртады. Құрметті қонаққа мүше мүшесімен салынған астау-астау етті ат үстіндегі жігіттер іліп әкетіп, өздері қызмет етуге бөлінген үйге апарып тартып жүр. Ауыл ішіндегі табақ тарту қызметін жасайтын жігіттерінің астында үстінде су шайқалмайтын кіл жорға. Мұндайда бірінен бірінің құрметі кем болып қалса, ағайынның өкпесінің астында қаласың. Қазақ басқа жерде сабырлы болса да той құрметіне келгенде өкпешіл. Күбіні күмпілдетіп, сабаны сампылдатып піскен келіншектер арасында торсықтағы қымызға бөрдектегі ашытқы қымыздан қоса түсіп, сүйретпені толтырып жатқаны. Бұл жерде қымыздың аспа төгіл болғаны сондай, бұлқыншақ, меске, шанақ толған қымыз. Ол аз болғандай, келіншектің бір тобы ауыл сыртындағы байланған сауын биенің санынан бір сипап қойып, тізерлеп отыра қалып көнекке күрпілдетіп биені сауып жатқаны... Ал қонақтар үсті-үстіне ағылып жатыр. Әсіресе сал-серілердің келуі мен оларды қарсы алудың өзі бір ғажап көрініс. Алыстан әнге басып, үлкен топпен келген серілердің жүрген жүрісі де, киім киген киісі де бөлек. Оларды ауыл жастары алдынан шығып, кілемге түсіріп алып жатыр. Бұл тойдың ең құрметті қонақтары – күйшілер. Олардың әрқайсысына жеке үй тігілген. Олар тек қонақ болу үшін емес, күйсайысқа түсу үшін келгендіктен, олардың бабын келтірудің бар қамы жасалған. Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда дейтіндей кіл дәулескер күйшінің өнеріне қазылық ететін адамның өзі оқ бойы озық тұрмағы ләзім. Сондықтан қазылыққа Дәулеткерей, Ұзақ, Түркеш, Әлікей және Құрманғазы ұйғарылды. Шарты, әр күйші күйдің шығу тарихын, аңызын әңгімелейді. Сосын сол күйді шертетін болады. Одан бөлек бір тартқан күйді қағып алып, қайта тартудан сайысатын болады. Сонымен бірге ежелден белгілі күйді біреуі тартып келіп тоқтағанда оны екінші адам іліп әкетіп жалғасын тартуға тиіс. Ең бастысы күй жарысқа түскенде кім көп күй тарта білетінгі мен орындау шеберлігі ескерілетін болады. Қазылықтағы дәулескер күйшілер де күйсайысқа қатыса алады, бұл кезде оған өзге күйшілер қазылық етеді. Сонымен алғашқы болып бәйгені Дәйлеткерей бастады. -Менің тартатын күйім «Көрұғлы» деп аталады. Бұл көрде туған Көрұлы батыр туралы жырмен төркіндес күй. Мына Алқа қарағым көрге көмілген жерден қайта оралған екен, осы күйден бастаған жөн бе деп отырмын. Біссмила даеп бастайын. Дәулеткерей арасында жырды домбырамен мақамына сала, әндете отырып күй аңызын бастады. Анау өткен заманда, Дұшпанмен болған айқаста әлі дүниеге келмеген Көрұғылының әкесі қызылбаспен соғыста шейіт болып, шешесі Алтыншаш екіқабат қалады. Жамағаты зар жылап, Жесір қалды Алтыншаш. Бота порым, ақ мамық, Өзі сұлу, қолаң шаш, Сұлулығы соншама Көрген адам болар мас. Бұрын тапқан бала жоқ, Құдіретке қылар шара жоқ, Жүкті болып бейшара, Отыз бірде қалды жас. Біраз уақыт өткен соң, Алтыншаш бір күн ауырды. Шақырып алды жанына Бозұғландай бауырды. Күні-түні жатады, Ауруы жанға батады. Есінен алмай жад етіп Жаратқан Жаппар Қадірді. Сөйтіп, ауырып жатқанда Алтыншаш түс көріп түсінде Ғайып ерен қырық шілтен түсіне кіріп аян береді. Аянда ол өзінің екіқабат екенін, бірақ ол дүниеден өтетінін біледі. Ғайып ерен қырық шілтен баланың қабірде туылатынын айтады. Сонда Алтыншаштың бауыры Бозұғланға айтқаны дейді. Ашып ал көрден баланы, Айналайын, Бозұғлан, Менімен болсаң туысқан! Бозұғланға мұны айтып, Жұмды көзін Алтыншаш. Құдіретіне Алланың Сұнып мойын, қойды бас. Жаназа оқып, кебіндеп, Апарып қойды молаға Ағайын, қауым, қарындас. Алтыншашты арулап жерге қояды. Бірақ тоғыз-ай тоғыз күн болғанда толғағы жетіп, көр ішінде дүниеге Қөрұғлы келді... Алтыншашты арулап жерге қояды. Бірақ тоғыз ай тоғыз күн болғанда толғағы жетіп, дүниеге Көрұғлы келеді... Сонда өліп жатқан ана көкірегінен сүт шығып, бала соны емді дейді. Ғайып ерен қырық шілтен оны бағып-қағып өсіреді. Оған жазу-сызуды үйретеді. Ол тез жетіліп, шымыр болып өседі. Ол арсында көрден шығып, ойнап, қайтып келеді екен. Бұл кезде қабірден баланы қазып ал деген апасының сөзін Бозұғлан ұмытып кетіп еді.Оның Ақбілек деген сұлу әйелі болыпты. Сол әйелге қызылбастардан көзі түскендер көп болады. Бозұғлан мен Ақбілек жаудан қашып, Күйгентау деген жерді жетпіс екі ай паналайды. Бір күні алдынан қашқан құланды қуып келе жатып Бозұғлан жиені Көрұғлы туған молаға келіп қалады. ...Дәулеткерей хиссаның осы жеріне келгенде тамағын бір кенеп алып, жырды мақаммен бастап кетті. Апасының Бозұғлан Айтқан сөзін ұмытты. Етегінен Күйгеннің Бір құланды қуыпты. Құлан ұзап кеткен соң, Сахара майдан даладан Көп молаға жолықты. Аң аулап жүр Бозұғлан Сахара майдан даладан. Өте берді гулетіп Көп зиратты моладан. Жалаң аяқ құм басқан, Бір адамның ізі бар Тым-ақ үлкен шамадан. Тартты аттың тізгінін, «Зияраттың ішінде, Неғып жүр, – деп, – бұл адам?». Апасының айтқаны Есіне түсті сол кезде. Жақсы адамның сөзінің Болмас, сірә, іреуі. Жер мен көктің бар ма екен Ортасында тіреуі?! Моланы батыр таныды, Апасының тапсырған Есіне түсті сол кезде Қақсаған зарлап тілеуі. Із иесі аң емес, Байқаса, бөтен жан емес. Өліктен тірі жан шықпас, Құдіретке ғажап таң емес. Байқап енді білді ойлап, Көрде туып, көрде өскен Көрұғлыдай жиені. Зар етіп Хаққа қылды зар, «Өлмесе менің болар, – деп, – Алды-артымның сүйеуі. Жапанда өскен тағыға Қашан бір қолым жетеді? Бере көр, Құдай, маған» деп, Ұстауға талап етеді. Түсіре алмай қолына Арада төрт ай өтеді. Қарасын көрсе алыстан Жуықтатпай маңына Жытып бір қашып кетеді. Көрмегені жақсы екен, Көріп бір қолы жете алмай, Бозұғланның жүрегін Ғашықтық оты өртеді. Сандалды батыр далада, Астына мінген тұлпары Арыды қуып жете алмай. Баладан әбден түңіліп, Қайғыдан белі бүгіліп, Қиып бір тастап кете алмай. Төрт айдан соң Бозұғлан Қайтты бір үйге түңіліп. Содан Бозұғлан кері қайтады. Әйелі Ақбілекке жиенін көргенін, айтады. Әйелі оған «Оны ұстағың келсе жан-жағына алма шашып қой, соны теріп жемек болғанда ұстап аларсың» деп ақыл береді. Айтқанындай Көрұғлы қабірден шығып, алманы теріп жеп келе жатып, тура Бозұғланның қасынан бір-ақ шығады. Бозұғлан оны ұстамақ болғанда тағы болып өскен бала тұра қашып жеткізбей кетеді. Ол көрге жетіп, кіріп тығылайын десе, көрдің алдынды бір арыстан жатыр екен. Ол оны кіргізбейді. Көрұғлы «мені бір адам қуып келе жатыр, сен неге мені анамның қасына кіргізбесің?» деп сұрайды. Сонда арыстан сөйледі: – Жау болуға жарамас, Көрген жан сенің қараңды. Танытуға мен келдім Артыңда қуған ағаңды. Мұнан былай емуге Анаңның сүті арам-ды. Нағашыңмен танысып, Жаяулықтан құтылып, Арғымақ мініп жарысып, Дүниеге шығып, қорек қыл Мұсылманға бұйрықты Ләззатты халал тағамды. Білдір деп мені жіберген Қырық шілтен, Ғайып бабаң-ды. Кіріп көрге көрісерге Рұқсат жоқ анаңды. Артыңнан қуған, таны енді, Бозұғландай тағаң-ды. Көрұғлы сонда сөйледі: – Ей, арыстан, дүниеде Мен жүзіңді көрмеспін. Айрылсам ана сүтінен Тірі де болып жүрмеспін. Жалғаншы сенің сөзіңе Анығын білмей ермеспін. Сөйтіп, әлхисса, Көрұғылын арыстан көрге кіргізбейді. Сонда Көрұғлы «Сен мені алдап тұрсың. Сен кімсің?» деп сұрайды. Сонда арыстан сөйлейді: – Ендеше, баян етейін, Көріп тұрған күніңмін. Жаныңды раушан ететін Хош иісті гүліңмін. Кедергі болып асырмас, Дұшпанға тартар беліңмін. Қапаларыңды шығарар Көңілдегі желіңмін. Көр ішінде неше жыл Балапандай баулыған, Жалғанда бақ пен талайың Қолдаушы Ғайып піріңмін. ...Сол кезде артынан қара атымен қуған Бозұғлан қабір басына жетеді. Мұны көріп Көрұғлы тау-тасқа табанын тілдіріп қашады. Оның жүйріктігі сондай нағашысының қанатты қара аты жете алмай қалады. Сонда Ғайып ерен қырық шілтен жел тұрғызып, желмен бүкіл шөп біткен оныңаяқ қолын құрсап, жүре алмай, әлсіреп құлайды. Бала «Менің ізімнен қалмай неге қудың, не жазығым бар?» деп сұрайды. Бозұғлан «Мен сенің нағашыңмын, әкең Мұңдыбек қызылбастармен соғыста қаза болған, мына дүниедегі менің арқа сүйерім сен боласың» дейді. Содан бала иланып, екеуі моланың қасынан өтіп бара жатқанда бала айтады: – Тілегім бар, нағашы, Қабыл көрсең тілейін. Рұқсат берсең, анамды Не халде екен, білейін! Жансыз тәнін пида қып, Асырап еді шешекем, Барып тағы көрейін, Екі төсін иіскелеп, Мауқым басып аймалап, Кешікпей, таға, келейін. Кеткенім ғой арманда, Көре алмаспын жалғанда, Емшегін бір жол емейін! Бозұғлан оған «Айнала қаптаған жау, қолға түсіп қаласың» деп рұқсат бермейді. Сөйтіп, екеуі Ақбілекке келеді. Ақбілек балалы болғанына қуаныпты. Осылайша түзде аң аулап қорегін ажыратып өмір сүріп жатқанда жаудың қарасын көреді. Сонда нағашысы Көрұғылыға сауыт сайманнын кигізіп, бес қаруын асындырып жауға жібереді. Жау дегені Сапабек бастаған жауынгерлер екен. Оларды бала жеңіп, өзіне сарбаз етіп алады. Содан кейін ол қызылбастармен соғысып жеңіске жетеді. Соғыстан Көрұғлы аман-есен еліне келіп, Көрұғлыны түрікпен халқы хан көтеріпті. Бұл кезде жеңгесі Ақбілекті қызылбас ханы Райхан алып қашып кетіп еді. Көрұғлы қызылбастарға ойранды салып, шаһары тұл қалып, Ақбілекті қырық бір құлаш шыңыраудан шығарып алып келеді. Райханды тірі ұстап алыпты. Қызылбасқа неден мұндай өшікті? Таптырмапты кіруге жерге тесікті. Жаяу айдап, қан ағызып мұрнынан, Екі ұртынан жіп өткізіп тесіпті. Ақбілекке жаяу айдап келіпті, Пышақпенен танауларын тіліпті. Құлақ, мұрнын тауысқан соң кесумен, Құрттап, биттеп айдалада өліпті. Қызылбасқа қылып қырғын кесірді, Қойдай тізіп көгендепті жесірді. Ер Көрұғлы ортасында тұрғанда Бозбаласы түрікпеннің есірді. Өзді-өздері сыбағасын бөледі, Сансыз дүние қанша болса көнеді. Райханның қазынасын есептеп, Алып келіп Бозұғланға береді. Көрұғлының даңқы жұртқа кетеді, Бар өмірі салтанатпен өтеді. Аман-есен Бозұғланға қосылып, Ақбілек те мұратына жетеді. ...Дәулеткерей хиссадан айта отырып, домбырасын шертіп, жыр мақамымен отырғандарды риза етті. Отырғандар хисса тамам болғанда даурығысып кетті. Жұрттың рухы бір көтеріліп қалды. Көбей де өзінің таңданысын жасыра алмады. - Япырай, көрге түскен адам оралмайды деп Дүрия мен Алқаны мына жұрт сонша әңгіме қылып еді, екі дүниенің арасында болатын мұндай да кереметтер болады екен ғой. - Құдайдың құдіретіне шек жоқ!- деді Ұзақ күйші. - Сабазым-ай, ондай ерді халыққа Құдай беретіні рас шығар. Мынандай жау жағадан алған заманда біздің елге де осындай бір ер керек-ау , шіркін!- деді Құрманғазы Дәулеткерейге қарап. Бұл «Мына өздеріңдей сұлтандар шегірткедей қаптап келе жатқан жауға пана болсаңдар қанеки. Елді ұйыстырып, бір тудың астына жинайтын ер керек» дегенді меңзегені еді. Алайда бұл кезде Көрұғылының хиссасын әңгімелеп беріп, енді күйтолғақ келіп,тебіреніске енген Дәулеткерей басқа бір әлемде отырған. Оның тамыр-тамырында күй ойнап жатқан бұл кезде. Ол сол тұнжыраған ойлы қалпын бұзбастан домбырасын сәл жоғары көтергенде жұрт тына қалды. - Бірде ауылы аралас,қойы қоралас жатқан,төсекте басы,төскейде малы қосылған түркімен ағайындарға күйсайысқа бардым. Сонда осы Көрұғлы хиссасын естідім. Көрұғылының тағдырына, ерлігіне ерекше тебіреніп, осы «Көрұғлы» күйін шығарып едім... Күй аңызын айттым, ал онда енді күйге құлақ салыңдар. Осылай деді де Дәулеткерей домбырасын қолына алып, ұшатын қырандай қос иығын қомдап, күйді бастап кетті... Әуелі мамыражай басталған күйден «Баяғы өткен заманда, дін мұсылман аманда қой үстіне бөзторғай жұмыртқалаған уақыт болыпты...» дегенді ұғуға болар еді. Бір сәтте күй екпінінен тұтқиылдан шапқан жаудың жер қабырғасын қақырата шапқан ат тұяғының дүбірі естіледі. Енді бір кезде тыныш жатқан елді қырып-жойған жау қырғыны, аңыраған – ана, шырқыраған бала елес береді. Тыңдаушының жанын күйдегі мұң баурап, бойын өкініш пен ыза кернейді. Бір сәтте Алтыншаштың ерінен айырылып егілгені, оның бойындағы баласымен суық көрге салынған азапты сәті көзіңе жас үйіреді... Одан соң күй шарықтай түсіп, кішкентай панасыз баланың көр ішінде өліп жатқан анасын еметін шарасыз халін көз алдыңа әкеліп... көмекейге өксік тығылады. Әне... енді күй баяулап барып қайта өрледі. Бұл - Ғайып ерен қырық шілтеннің жетімді жебеуіне алған сәті... Бір сәтте ат тұяғы естіледі... бір жанталас сезіледі. Бұл - жеті жасар жетімектің табанын тасқа тілгізіп, қанатты қара ат мінген қуғыншыдан қашып бара жатқан кезі... Бір кезде күй құмығып бәсеңсиді... Көрұғлы әлі құрып құлады.... Содан соң күй қайта жігерлі көтеріліп, рухыңды көкке өрлетеді. Бұл ата жауы қызылбастың тас талқанын шығарып, Ақбілекті алып қайтқан, еліне қорған сұлтан болған кезі... Күйдің көңілді өрекпітіп, бойыңдағы алпыс екі тамырдағы қанның қызуын сезініп, жүрегің алып ұшып, керемет шарықтап барып бітетін жері жер қайысқан қолмен елін жаудан қорғаған батырдың рухының биіктігін паш етеді... Әр ұланды ерлікке, өрлікке шақырады. «Отаныңа қорған бол!» дейді... «Еліңе, жеріңе ие бол!» дейді... «Қажет болса қаныңды да жаныңды да аяма!» дейді. Осының бәрін адамның тілімен емес, тілсіз тіл - домбыра үнімен, күйімен жеткізеді. Жүректерге рух құяды... ... Дәулеткерей күйді қыранның аспаннан құйылып келіп, аңға түсетініндей сорғалатып келіп тына қалғанда отырған жұрттың жүрегі атша тулады. Бәрі бірдей терең ой құшағына еніп кеткендей... Осы кезде ... ...Дәулеткерей күйді аспаннан құйылып келіп, аңға түсетінін қырандай, сорғалатып келіп тына қалғанда отырған жұрттың жүрегі атша тулады. Бәрі бірдей терең ой құшағына еніп кеткендей... Тыныштықты Түркеш күйші бұзды. - Дәулеткерей сұлтанның тартқан күйі мынау сайын даладағы сансыз батырлардың ел үшін, жер үшін қан майданға түскен аласапырандағы арпалысын көз алдыңа әкеледі екен. Атыңызды көп естуші едім, расында да жүзден берен, мыңнан тұлпар екенсіз! Бұл жерде лауазымы жағынан Дәулеткерей сұлтан мен Түркеш, Әлікей төрелер жоғары болғанымен, қазақтың салты бойынша жасы үлкен Ұзақ күйші қазылармен кеңесе отырып қай күйшінің қандай күй орындауы керегіне ағалық жасап отырған. Ұзақ күйші ұзын аппақ сақалын саумалап қойып, әңгімені әріден бастады. - Біз мына Құрманғазы екеуміз Жайықтың екі жағасынан бастап,Сыр бойына дейінгі жерде аяғымыз жеткен жерге дейін барып, халық арасында күй тарттық. Сол кездегі көпшіліктің ерекше қалап тыңдайтыны Кетбұғаның күйі «Ақсақ құлан». Ел ішінде бұл күйді әркім әртүлі орындайтынын да байқадық. Аңызы да әрқилы. Бұл күйді қай-қайсыңыздың да білетініңізге шүбәм жоқ. Дегенмен күйді Түркеш төре күй аңызын айта отырып, тереңнен тербеп шертіп берсін. Түркеш төре маңғаз қалыпын бұзбастан қолына домбырасын алды. Сосын Ұзақ күйшіге бүкіл денесімен бұрыла қарады да, миығына күлкі үйіріліп сөз бастады. - Ұзекем күйді кімге тартқызуды біледі. Бабаң – Шыңғысхан, сүйегің – төре деп Шыңғыс қағанның домбыраға жасаған қатал үкімін бір еске салғызғысы келіп отыра-ау, шамасы. Түркеш осылай деп бір күліп алды. Мұндайда сөзден есе жібермейтін Ұзақ та іліп түсті. - Түркеш мырза, қараны төре бөлмесе, біз бөлмейміз ғой. Атаңыз Шыңғыс қағаннан бергі қазақтың бүкіл хандарының бәрі төрелер еді. Енді міне, хан дегенді құртып, бас-басыңа сұлтан болдың. Ханның тағын бөлісе алмай, ырың-жырың болғаныңды пайдаланып, Ресейдің қатын патшасы еліңе де, жеріңе де қол салды. Кешегі Абылайдың түсі расқа айналып, бақа-шаянға ұласып кетпесе, елдің басын қосатын бір сұлтан ел бастар деген үмітіміз өлген жоқ. Бұл жерге сөз жарыстыруға емес, күй сайыстыруға келдік. Кезек өзіңізде, төрем. - Ай, Ұзақ қияңқым-ай, бір сөзге мың сөз қайтармасаң Ұзақ боларсың ба. Сенің қарсы келгенге қанжардай қадалатын тіліңнің қыршаңқысы барын ел ішіндегі әңгімеден көп естіп едім, бүгін шөптің басы бекер қимылдамайтынына көзім жетті. Бірақ, айтқаның шындық. Ресейдің қазақтың шұрайлы жерін тартып алып, мұжықтарына үлестіріп беріп жатқанына қарсы болам деп құқайымды тартқанмын. Мені түрмеге жапты. Бізді сыртқы жау бөлмесе, бөлінбейміз ғой. Өзгені былай қойғанда, мына домбырамыз бен күйіміз де ортақ болып тұрғанда, бізді кім бөле алады. Онда енді күй аңызына кезек берелік. Түркеш күйші осылай деді де қасындағы жұрттың ауызына қарап отырғанын ұмытып кеткендей, әжептәуір сәтке үнсіз қалды. Сосын барып ұйқысынан оянғандай серпіле қозғалып, әңгімесін бастап кетті. - Бүкіл дүниені ат тұяғының астында қалдырып, әлемдегі ең қуатты деген талай мемлекеттерді бас игізген Шыңғыс ханның өзі де домбыраны қолына ұстаған көрінеді. Шыңғыс қағанның бесінші атасына дейін қоңыраттардың қызын алған. Әжесі, шешесі, әйелі, келіні қазақтың қызы болса, домбыраны танымай не бопты. Мына күй тарихы да Шыңғыс бабамыздың қоңырат қызы Бөрте бәйбішеден туған ең үлкен ұлы Жошының өліміне байланысты туған. Ел ішінде домбырамен естіртуге қатысты аңыз көп. Бірақ менің айтқалы отырғаным, ақиқатқа жақынырақ. ...Шыңғыс хан Жошының шешесі Бөртеге үйленгеннен кейін меркіттер шабуыл жасап Бөртені тартып алып кетеді. Шыңғыс хан керей Тұғырыл ханның жәрдемімен босатып алады. Бірақ Бөрте тұтқыннан жүкті болып келген екен. Осы жай Шыңғыс ханның кеудесіне өмір бойы шемен болып қатқан көрінеді. «Жошы Шыңғыс ханның ұлы емес» деген қаңқу оған маза бермепті. Ер жете келе қағанның өзімен бірге жүріп, Жошы даңқты қолбасшы атанады. Жошы Оңтүстік Сібірді, Алтайды, Жоңғар даласы мен Шығыс Түркістанды мекендеген көп руларды жеңіп, Жетісу өңіріне жетеді. Хорезм шахтың алпыс мың әскерін жеңеді. Кейін осы қазақ даласында жаңа мемелекет – Жошы ұлысын құрған екен. Шыңғыс хан көзінің тірісінде Құланбасы деген жазықта құрылтай өткізіп, сол жиында бәйбішесі Бөртеден туған төрт ұлына жаулаған жерін еншіге бөліп береді. Сонда Жошының еншісіне Ертістен батысқа қарай, Жетісудың теріскей бөлігін қамти отырып, Еділ бойына дейінгі жерді қоса, бүкіл дешті қыпшақ даласы тиіп, ордасын Ертіс өзені бойына тігіпті. Құланбасыдағы құрылтайдан соң Шыңғыс ханның барлық балалары әкелерімен бірге мемлекеттің астанасы Қарақорымға қайтады да, Жошы өзіне еншіге тиген жерде қалып, қайтпайды. Әкесі шақырған екен, «Сырқаттанып жатырмын» деген сылтау айтып, бармапты... Бірақ оның ауырмағанын, аң аулап, саятқа шығып жүргенін естиді. Тіпті қағанның құлағына «Жошы Шыңғыс қағанды өлтіремін депті» және «өзінше мемлекет құрмақшы екен» деген қаңқу әңгіме де жетеді. Мұны естіген қаған қатты ашуланады. Сөйтіп ашуға булыққан хан «көнсе алып келіңдер, көнбесе өлтіре салыңдар» деп балалары Үгедей мен Шағатайға әскер беріп аттандырады. Бірақ осы кезде Жошының қайтыс болғаны туралы хабар жетеді екі бауырына... Ханның ашумен «өлтіре салыңдар» деген бұйрығын орындауға мұздай құрсанған жазаны орындаушылар шығып, Жошының оңаша қалатын сәтін аңдумен болады. Қаған әулетінің жазасы - айыптының белін қайырып, омыртқасын үзіп өлтіру керек екен. Сөйтіп, бір күні Жошы аңға шыққанда қоршап алып, өлтірмек болады. Бала күнінен сан түрлі майданға қатысып әбден сайыпқыран болған Жошы ұрыс салып, оңайшылықпен қолға түспейді. Бірақ саны жағынан басым түсетін жау ақыры оны ұстап, бір қолын қылышпен шауып, сосын омыртқасын қайырып өлтіреді. Бұл кезде Шыңғыс қағанның ашуы тарқап, ұлын кешіріп, хабаршы жіберген екен. Шыңғыс хан жаушыға «Жошыны өлтірмесін, өлтіріп естірткен адамның кеңірдегіне қорғасын құям» деген екен. Бірақ жаушылар үлгермейді. Ол кезде Жошыны әлгілер өлтіріп тастаған. Ел ішіне «Аңшылықта жүргенде Жошыны ақсақ құлан теуіп өлтірді» деген қауесет таратады. Бірақ енді бұлар Шыңғыс ханға өлімді қалай жеткізерін білмейді.. Сол кезде от ауызды, орақ тілді Кетбұға жырау «мен естіртемін» деп хан ордасына келеді. Келген бойда өзінің бір жаман түс көріп, көңілі шерлі болғанын, сол шерді тарқатуға келгенін айтады. Хан рұхсат берді дейді. Сонда Кебұға қолына домбырасын алып, зарлатып келіп тартады осы күйді. Күйдің бір жан тебірентер тұсына келгенде Шыңғыс хан «Мынау не деген зарлы күй еді, тап Жошым өлгендей жан дүнием құлазып барады» дейді. Сол кезде жұрттың бәрі «Жошы өліпті» деп дауыс шығарып жылай бастайды. Сөйтіп Жошының өлімін сөзбен емес, күймен естіртіп, қағанның өз ауызынан «Жошы өліпті» деген сөз шыққан соң барып Кетбұға жырау былай деген екен дейді: Уа, иеміз, Шыңғыс хан! Домбыра не деп жырлайды, Сарнап бір дауысын қырнайды, Құлағың сал осыған... Ақсақ құлан, қу құлан, Қияннан қашқан ту құлан, Қиырсыз құба далада, Аңда жүрген балаңа Кез болып бір қашыпты, Белден белге асыпты. Ақсақ құлан, Жошы хан, Елсіз құба далада, Қат-қат бұдыр салада, Мекендеп өрген өрбісіп, Ордалы құлан жосыған. Қуып ақсақ құланды, Мінгені тұлпар құнанды, Ордалы үріккен құланға Құйғытып ойнап қосылған, Өлім деген Тәңір ісі, Желіккен құлан әңгісі, Құлан мен тұлпар еліккен, Жосыған құлан желіккен, Балаңды шайнап өлтіріп, Жұлмалап, жалмап кетіпті Ордалы құлан шошыған. Жұрттың аузы бармаған, Сөзді айтып жырлап зарлаған Домбыраның балаңды Естірткені осы, хан! Өзгеге артпа жалаңды, Еліктірген балаңды Сол қу құлан, ту құлан, Балаң өлді – Жошы хан! Нансайшы, ханым, осыған!» Сонда Шыңғыс хан «құлан теуіп өлтірді» деген жұбатуға иланған қалып танытқанымен,өз әмірімен ұлын өлтірткеніне қатты өкініп, еңкілдеп жылаған екен. Бірақ хан айтпайды, айтқанынан қайтпайды. Екі сөйлеген ханда қадір болмайды. Әуелде «естірткен адамның өңешіне қорғасын құям» деген серті бар. Сол сертті орындау үшін қаралы хабарды жеткізген домбыраның «көмекейіне» қорғасын құяды. Сөйтіп, домбыраның қақпағының алқым тұсында тесік пайда болыпты. Бірақ, өзі зардап шексе де, қасиетті домбыра адам өмірін сақтап қалды. Ал ханның Домбауыл деген құлы «жер бетінде бірде бір құлан қалдырмаймын» деп аяусыз қырып, сайын даланы қан сасытқан екен. Бірақ ханның қайғысын бұл да жеңілдете алмапты. Ол ас ішпей, ешкіммен тілдеспей жатып қалыпты. Сол кезде ел ішіндегі екі байдың арасында бір дау шығады. Кезінде дос болып жүргенде бірі ат басындай алтын сыйлаған екен. Енді басына күн туғанда әлгі сыйлығын қайтаруды сұрайды. Анау қайтарғысы келмейді. Осы оқиғаны Бөрте Шыңғыс ханға жеткізіп, «төрелігін сіз айтыңыз» дейді. Сонда Хан «Алған адам бере де білуі керек емес пе?», -дейді. Мұны естіген Бөрте «Хан ием, сен де Құдайдың берген ұлы – Жошыны алдың, енді қайтаруға келгенде неге сонша қапаланып, қайғырасың?» деген екен. Содан соң ғана Шыңғыс хан басын көтеріпті. Бірақ баланың қазасы мейлі ол хан болсын, қара болсын оңай тиген бе. Жарты жылдан соң әлемді билеген Шыңғыс хан да қайғысы жанын меңдеп, пәнимен қоштасқан екен... Енді сол Жошының өлімін Шыңғыс ханға домбырамен естірткен Кетбұғаның «Ақсақ құлан» күйін шертейін. Түркеш қалындағы домбырасының бұрауын келтіріп алып, күйді күңіренте бастағанда-ақ көз алдыңа кең жазира даладағы арпалыс келеді. Бұл - өмір мен өлімнің арасындағы жанталас. Бұл - әке мен баланың арасындағы өкініш... Жасы келсе де тақтан бас тарта алмаған, кеудеден жан шыққанша мынау ғаламға қожа болғысы келетін, билікке құныққан әкенің тіпті, өзге түгілі өз баласын да өлімге қиған қатігездігі... «Аспанда екі Күн болмайтыны сияқты, жерде де екі билеуші болуы мүмкін емес» деген таққұмар кәрі мен өз әлемін құрғысы келетін жастың тайталасы... Қапыда тап болған жаумен жаралы жолбарыстай арпалысқан Жошының жанталасы... ...Бірақ күйдегі осынау арпалыс, тайталас көз алдыңа адам мен түз тағысының да арасындағы текетіресті елестетеді. ... Кең медиен даланы жайлаған неше жүздеген құланның аңшының садағына ілінбеу үшін жанталаса жортып бара жатқаны. Аңға шыққан серіктерінен оқ бойы озып келе жатқан Жошы хан. Бір сәтте баласын қорғап қалмақ болған ақсақ құланның жауына қарсы шауып, ат үстінен теуіп құлатып, ханды шайнап тастағаны... ...Екі сурет. Бірінде ғаламның қожасы - әке өз ұлын билігі үшін қызғаныштан өлтіреді. Екіншісі, даланың ессіз тағысы баласы үшін өз басын ажалға тігіп, баласын қорғап қалады... Күйдің астарында екеуі де бар. Тыңдаушы отырғанның көңіліне қайсысы жақын... соны қабыл алады. Күйдің құдіреті де осында... Түркеш күйді аза бойыңды қаза ететін қасіретке толы үнмен жан жүректі езілтіп барып тоқтатқанда, күйді тыңдап отырғандардың құйқа тамырлары шымырлап, Жошының қазасына өздері куә болғандай күйде еді... Күйді ерекше ынтызарлықпен тыңдаған бірінен бірі озатын күйшілер Түркештің күй тартудағы шеберлігіне қатты тамсанды. Әрине, бұл күйді осында отырғандардың бәрі де тарта біледі. Бірақ дәл осылай орындай ала ма? Орындай алса да анау қос ішектен ұшқан дыбыс, жүректерді тебіренте ала ма? Не деген шеберлік! Қай-қайсысының да ойында осы болатын. Десе де бірінші болып ішікі ойын Әлекей күйші сыртқа шығарды. - Түркеш төре, алдымен «Ақсақ құлан» күйінің тарихының саф ақиқатынан да, күйдің тартылудағы зәм-зәм судай мөлдірінен де қанығып, сусынымыз қанды. Сіздің «Ақсақ құлан» деген күйіңіз барын білуші едім. Кетбұғаның күйін сізден артық ешкім жеткізе алмайтын болар. Әлекейдің сөзін Дәулеткерей де қолдады. - Түркештің домбырасының үні де, құлақ күйі де бөлек екен. Үстіңгі ішектегі қоңыр үн қосылған кезде жүректегі шерді қозғады. Мұндай керемет орындауда алғаш естуім. Дәулеткерейдің пікірін отырған жұрттың бәрі құптап бір желпініп қалды. Ал Көбейдің көкірегін ерекше бір мақтаныш сезімі кернеді. Өзі келістіріп күй тартпаса да осынша ғажап күйшілердің ортасында отырғанына-ақ бақытты еді... Сәлден кейін ешкім күтпеген оқыс оқиғаның осы ғажап сәттің тас-талқанын шығарарын қайдан білсін.. ...Дәулеткерейдің пікірін отырған жұрттың бәрі құптап, бір желпініп қалды. Ал Көбейдің көкірегін ерекше бір мақтаныш сезімі кернеді. Өзі келістіріп күй тартпаса да осынша ғажап күйшілердің ортасында отырғанына-ақ бақытты еді... Сәлден кейін ешкім күтпеген оқыс оқиғаның осы ғажап көңіл күйінің тас-талқанын шығарарын қайдан білсін... Бұл оқиға туралы күйшілер білген де жоқ. Дұрысы Көбей мүмкіндігінше ешкімнің білмеуі үшін барын салды. Басқа-басқа, дәл осылай болады деп кім ойлаған. Масқара болды. Енді мына жұртқа, күйшілерге мұны қалай түсіндірмек? Кімнен көреді? Қайдан табады? Көбей жігіттерін аяғынан тік тұрғызды. Қайткенде табу керек. Үнемі кереге басында тұратын, Байжұмадан қалған Дүрияның домбырасын кім ұрлауы мүмкін? Мына күйсайыс аяқталады. Жеңімпазға қасиетті домбыраны табыстау қажет болады. Сонда жұртқа не демек? Көбей сенімді жігіттерді жинап алып, қалайда домбыраны табуды тапсырды. Бұл кезде Қара бақсы жіберген тыңшылар да той қонақтарының арасында жүрген. Құпия тапсырмалары бар. Үш жүз үйге қызмет жасап жүрген мыңдаған адамның арасына еніп алған олар жұрттың не айтып не қойғанын бақылап, қолайлы сәтті күтуде еді. Ал Қара бақсының өзі казак жасағы мен аздаған әскери адамдардан құралған отрядты қаруландырып, тыңшылардан хабар күту үстінде болатын. Көбей қасына жігіттерін алып, қонысты екі рет аралап шықты. Бейтаныс, күдікті біреуді көріп қалам ба деген ойы еді. Бірақ одан ештеңе шықпады. Сөйтіп күйсайыс өтіп жатқан үйге жақындай бергенде бір жас жігіт бұған жақындап келіп, алтын орай тоқтады. Мұны байқап қалған Көбейдің жігіттері оның жолын кесіп, кері ысырмақшы болғанда ана жігіт сыпайы үн қатты. - Ақсақал, мені сізге өзіңіз білетін бір сенімді адам жіберді. Айтарым бар. Көбей мына жігітті танымайды. Бірақ қанішер қарақшыға ұқсамайды. - Жіберіңдер жігіттер! - Рахмет ақсақал! - Ал сөйле! Кім боласың? Қайдан келесің? Не шаруаң бар? - Менің есімім Темір. Орынбор жағынан келдім. Сізге бір жанашырыңыз жіберді. - Ол кім? - Есімін айтпауымды өтінді. - Өзі қайда? - Өзі де осында... - Онда неге өзі келмейді? - Мені құпия жіберіп отырғанының себебі бар. - Ол қандай себеп? - Мына тойға келгендердің арасында құпия тапсырмамен келген тыңшылар бар... - Ол қандай тапсырма? - Олардың ең басты тапсырмасы ¬– қастандық ұйымдастыру. - Қастандық?! Кімге? - Айтуынша, жақында Ресей патшасы Александрдың таққа отыру тойына Санкт-Петербургға бара жатқан бір құрметті қонақ осы тойға түсіп аттанатын болады. - Ол кім екен? - Ол жағын білмедім, бірақ сол қонаққа жаңағы тыңшылар қастандық ұйымдастырмақшы. - Оған менің қандай қатысым бар? - Сол қастандықты сізге жауып, «патшаның сенімді адамына қасақана шабуыл жасалды» деген желеумен әскер алып келіп сізді қамауға алмақ көрінеді. - Менде не ақылары бар екен? - Олар сіздің Есет батырға жігіт қосқаныңызды және казақтардың шағын отрядын тұтқындап, Есет батырға жібергеніңізді жақсы біледі екен. Олар сізді тұтқындай алмаған жағдайда, өлтіруге бұйрық беріпті. - Оларды тұтқындасам бейбіт жатқан еліме басып кірмек болғаны үшін тұтқындадым. Оған өкінер де, олардың қоқан лоққысынан қорқар да жайым жоқ. - Бұдан да басқа бір екі жай бар. - Тағы не? - Сіздің қонысыңызда Орынбор түрмесінен қашқан Құрманғазы деген күйші бар екен. - Оны қайдан білген бұлар? - Айттым ғой, араларыңызда тыңшылары бар. Сол күйшіні ұстап әкетпек және сізге қылмыскерді жасырды деген айып тақпақшы. - Ол менің құрметті қонағым. Менің үйімді өзге елдің патшасы неге билеуге тиіс? Ол елдің боданы емеспіз, бізге бұйрық беретін! - Тағы бір мәселе – олар сізді мына жұртқа масқара етіп беделіңізді түсіру үшін сіздің үйдегі күйсайыс жеңімпазына берілетін домбыраны ұрлауы мүмкін. - Белгілі болды... жаудың қайдан келгені. - Мен айт дегеннің бәрін айттым. - Сені жіберген адаммен қалай жолықсам болады? - Сіздің айналаңызда тыңшылар жүргендіктен қазірше хабар-ошарды мен арқылы алып тұрасыз. Уақыты келгенде ол кісі сізге өзі келеді. - Жарайды қарағым, дұшпанның жымысқы әрекетінен хабардар еткеніңе рахмет. Көбей жас жігітке рахметін айтып, артында тұрған қарауылға қайырылып «Мына жігітті үйге кіргізіп тамақтандырыңдар» дегенді айтып қайта бұрылғанында манағы жігіт жердің тесігіне түсіп кеткендей зым-зия жоқ болыпты... *** ... Күйсайыс қыза түсті. Дәулеткерей мен Түркештен кейін қай-қайсысының да арқасы қозып, қопаңдап отырған. Жастар жағы өздеріне кезектің қазір келмесін сезсе де тұлпараладың бәйгесінде делебесі қозатын жабағыдай тықыршып, көңілдері лепіріп, әр күйдің тартылу шеберлігіне тамсана қарап отырған. Ұзақ күйші Түркештің күйшілік шеберлігіне жұрт тамсанып бола бергенде сөз бастады. - Бөкей өңірінде шашасына шаң жұқпайтын дәулескер күйшілер Соқыр Есжан, Шеркеш, Жаппас, Байжұма, Байбақтылардың ізін басқан Баламайсаң күйші менің де ұстазым. «Кербез Ақ¬желең», «Ілме Ақжелең», «Қыз Ақ¬желең» сияқты Ақжелең күйлерін жас кезімізден құлағымызға құйып өсіп едік. Ақсақалды алдыға салмайық деп ізет қылдық. Енді Баламайсан күйшінің шертісін тыңдап шер тарқатайық. Ұзақтың сөзінен кейін Баламайсаң күйші жылы жымиып, әңгімені әзілге сүйей бастады. - Ойпырмай, мына Ұзақтың тілінің майдасын қайтерсің. Сұлтан мен төрені алға салып жіберіп, енді «Ақсақалды алдыға салмайық деп ізет қылдық» дейді. Сөз тапқанға қолқа жоқ. Онда қылған ізеттеріңді қабыл алып әңгімені күйдің тарихынан бастайын. - Менің Мына Ұзаққа қалжыңдағаным болмаса, төре тұқымына еш зілім жоқ. Кезінде Жәңгір хан да ордасына шақырып, талай күй шертісіп едік. Жәңгірді әркім әрқилы айтқанымен, мен білетін Жәңгір қазақтың қамын ойлаған, өнерін қанына сіңірген адам еді. Оның атасы Абылайханның тек аты мәшһүр хан, даңқты қолбасшы ғана емес, мықты күйші болғанын көп жұрт біле бермейді. Мен сол Абылай ханның бір күйі туралы айтайын. ... «Ат басына күн туса, ауыздығымен су ішер, ер басына күн туса, етігімен су кешер» демекші, Абылайдың тұсында талай-талай ел басына күн туған заман болды ғой. Жоңғар шапқыншылығы кезінде қарт Бөгембай атқа мінгенде қанжығалыдан Жантай, Үйсінбай, Арқандар атты ағайынды үш батыр соңына ерген екен.Бұлардың үшеуі де жолбарыстай қайратты, арыстандай айбатты ерлер еді. Бөгенбай батыр басшы боп, үш інісі қосшы боп дұшпанға тигенде жауы қоғадай жапырылады екен. Сұрының сұсынан қарап «Қарабұжыр» атап кеткен Жантай батыр Абылай үшін қылыштың жүзі, найзаның ұшы, кере тартқан садақтың жебесіндей өткір, беткеұстар батыры еді. Жантайды жаудың өтіне жіберсе де алдаспандай қиып түсетін ерлігіне қарап Абылай хан «Елдің шетіне, желдің өтіне, жаудың бетіне тұтқан қорғаным, қайраулы қара қылышым!»,-дейді екен. Сол қанжығалы Қарабұжыр Жантай өзі тәрізді жаужүрек бес жүз сарбазымен жауға бетпе-бет келетін ең алдыңғы шепте соғысатын болса керек. Бір күндер болғанда Жантайдың інісі Арқандар көп қалмаққа аз сарбазбен барып соғысып, жау Арқандарды найзаға шаншып өлтіреді. Бұл хабарды естіген Жантай батыр қатты қаһарланып, «Не өлемін, не жаудың қанын ішіп, Арқандардың кегін қайтарамын!» – деп бес жүз қолымен жауға аттанады. Жантай батырды он мың адамнан құралған үлкен қол қарсы алады. Олар тым көп еді. Жантай батырға қасындағылар «Батыр, мыналардың қарасы тым көп екен, қол жиып келейік» дегенде ашуы басылмаған көзсіз батыр «Жаудың санына қарап жанымызды аяп соғысар болсақ батырлығымыз қайда» деп қалың жауға қарсы шабады. Әр бір сарбазға жиырма жоңғардан келетін қанды қырғын басталады. Жантайдың бес жүз сарбазы күні бойы соғысып жаудың алдыңғы шептегі әскерін баудай түсіреді. Бірақ адам саны басым жоңғарлар әлсін-әлсін тың күш жіберіп, барын салады. Бір кездер болғанда інісі Үйсінбайға тиген жау қылышы оның қарынын жарып жібереді. Сонда да бір қолымен қарынын тасып бір қолымен жауымен айқасып жүріп «Жантай аға, қарын жарылса да тірі қалуға бол ма?» деп сұрайтын көрінеді. Ақыры саны басым жау Жантай батырды да өлтіреді. Бірақ жау қазақтың бесжүз адамымен соғысам деп қырылып, аз ғана адамы қалып, «бұл жеңіс болмады, жеңіліс болды» деп қайтады. Жан серігі Жантайдың қазасына Абылай хан қапаланып, «Тасқа шапса кетілмейтін қайраулы қара қылышым-ай!» деп қатты қайғырған екен. Ал Жантайдың жауға шабатын торы атының құйрығын кесіп, тұлдап қоя береді. ...Сөйтіп Абылай батырының кегін қайтару үшін үлкен қол жиып жорыққа аттануға дайындалып жатады. Бір уақытта тура хан отырған шатырға қарай дүбірлетіп шауып келе жатқан аттың тұяғының дыбысы шығады. Хан шатырына қарай ешкімнің атой салып келмейтіні белгілі, жұрт елеңдесіп қалады. Сыртқа шықса, әлгі дүбірлетіп шауып келген Жантай батырдың торы аты екен дейді. Сонда Абылай хан «Қайран ерім-ай, сенің орының бөлек еді-ау. Елің емес, ат екеш мына ат та сенсіз жетімсіреп қалған екен-ау деп көзіне жас алып, осы күйді тартқан екен. Содан бері бұл күй Абылай ханның «Жетім торы» күйі деп аталып кетіпті. ...Баламайсан әңгімені аяқтағанын білдіріп, сәл үнсіз қалды да, сосын иығындағы желең жамылған шапанын бір түзеп алып, домбырасын қолға алып, күйді бастап кетті. Баламайсанның домбыра сағасында жеңіл қозғалған салалы саусақтары әр пернені басқан сайын Жантай батырдың жауына өрттей тиген сұсын сезінесің. Оның арыстандай айбаты, қайтпас қайсарлығы көз алдыңа келеді. Дүбірлеген мың аттың алдында Жантайдың торысы. Мынау қазақтың ұлы даласын жаудың арам аяғына таптатпаймыз деген есіл ерлер жанын шүберекке түйіп, қан майданға араласты әне. Осы тұста күй жігерлене серпіліп, рухы көкке өрлейді. Анау жерде қаһарына мінген қарт Бөгенбай жауына жасындай тиіп, алмас қылышымен қарсы келген дұшпанның басын допша домалатып, жау шебін қақ жарып алға бастап барады. Қазақтың иненің көзіндей де жерін жауға беруді ар ісі санаған анасы ұл деп тауып қалжа жеген әр ұланы тек алға ұмтылады. Әне... ана жерде Жантай батыр қазақтың намысы, ұлт қамы, ұлтарақтай жері үшін жан алып жан беруде. Әттең құлады батыр... құлады. Сорлы торы жетім қалды... Қанша батырдың жаны пида болды. Қанша батырдың жан серігі тұлпарының құйрығы кесіліп құнтиып, тұлданды... Қанша ана ұлынан айырылып аңырап қалды. Қанша бала жетім қалды... Бірақ Отанын, Атамекенін жауға берген жоқ! Сен де бақилықсың, Жантай батырым! Бірақ Отаның азат, елің аман! Сен тәрізді сан мыңдаған батырлардың қаны сіңген мына кең даланың топырағына! Сондықтан да ол қасиетті! Сондықтан да ол киелі! Қош бол батырым! Бейшара жетім торы, сағындың -ау иеңді... Мен де сағындым! Есіл ерім ай! Бақыл бол!. ...Міне күй осылай деп бебеулейді. Осылай деп сыр шертеді. Осылай деп мұң шағады. Бұл халқының қамын ойлаған ханның толғанысы... Баламайсан осылай шарықтатып барып күйді аяқтаған кезде осынша керемет орындаудан терең ойға еніп кеткен жұрт есін жия алмай біраз үнсіз қалды. Әңгімені әдеттегідей Дәулеткерей сұлтан бастады. - Паһ, шіркін! Баламайсан ағамыз бабында-ақ екен! Мына күй адамның қанын бұлқынтып, алпыс екі тамырға жайылғанда бойыңа жігер, дірмәніңе қуат беретін сиқырлы сырға толы екен. Күй тартсаң осылай тарт! Оның бұл сөзін Құрманғазы қостады. - Ақсақал мен Абылайханның «Жетім торысын» қанша жерден естіп жүрсем де дәл осындай жігерлі әлі жан баурайтын шеберлікпен орындалуын естуім осы. Мынау нағыз бәйгіні шаппай беретін күй болды. Құрманғазының сөзін жымия тыңдаған Баламайсан әңгімеге өзі араласты. - Құрманғазы, сен де Жайықтың екі бетіне атың шыққан күйшісің ғой... Күйшінің арманы бәйгі емес. Өзіңмен тең түспесе де, кем түспейтін күйшімен үзеңгі қағыстырып, бір сайысқа түскеннің өзі ғанибет емес пе? Мына жерде отырған күйшінің қаражаяуы жоқ. Кейде япыр-ай біз өткен соң осы домбыраның қасиетіне жетер ұрпақ болар ма екен деп шерленуші едім. Оным бекер екен. Бүгін қазақтың қара домбырасының ешқашан өлмейтініне көзім жетті... Баламайсан әңгімесін аяқтап, домбырасын іргеге сүйей бергенде даладан шу шықты... Баламайсан әңгімесін аяқтап, домбырасын іргеге сүйей бергенде даладан шу шықты... - Мені жіберіңіздер, мен де күй сайысқа қатысқым келеді! - Күйсайыс баяғыда басталып кеткен, ол жерде аты белгілі дәулескер күйшілер отыр, күй тартылып жатқанда кіруге болмайды. - Мұндай күйсайыс енді болмайды. Мен қайтсем де кіруім керек. Сырттан жеткен дауыстан түсінікті болғаны бір жас бала ішке енгісі келеді, бірақ оны сырттағы қарауыл жігіттер баласынып, жібермей жатқанға ұқсайды. Сырттағы у-шуды естіген Алқа лып етіп сыртқа шығып кетті. Бір уақытта қасына көзі шоқтай жанған баланы ертіп кірді. Қолына үкілі домбыра ұстаған қарадомалақ баланы алқақотан отырған күйшілерге Алқаның өзі таныстырды. - Ақсақалдар, ағалар, бұл осы ауылдың баласы, Байжұма күйшінің ізін жалғаушы Сүгірәлі деген жеткіншек. Күйші боламын деген талабы зор. Баланы Құрманғазы да бірден таныды. - Иә, Сүгірәлі жақсы танимын, талапты бала. Өткенде күйсайысқа келіп дәулескер күйшілердің өнегесін көрсін деп мен шақырған едім. Күйшілердің сайысына ағалық етіп отырған Ұзақ басын изеп, «келсе келсін» деген ишара жасады. Қуанып кеткен Сүгірәлі Алқаның қасына тізе бүкті. Мына балаға көңілдері сәл ғана бөлінгенімен үй ішіндегілер Баламайсан күйшінің «Жетім торы» күйінен кейін ой үстінде еді. Үзіліп қалған ойды Көкбала күйші жалғады. - Баламайсан күйшінің атына сыртынан қанық едік. Бүгін көзбен көріп, құлақпен естіп, домбыраның үнін мың құбылтатын осынша керемет шеберлігіне тамсанып отырмын. Оның үстіне Абылай ханның қазақтың басын қосқан, жауынан азат еткен ер екенін білсек те осынша ғажап күйші екенін бірінші естуім. Баламайсан Көкбалаға қарап, оның білместігін мойындай алатын жасқа тән албырттығына бір сүйсініп алып сөзді Абылай ханның күйшілігі жағына қарай бұрды. - Қарағым, патша залым болса, жұрт тозады, патша ғалым болса, жұрт озады дейді екен бұрынғылар. Тек қана билікке, байлыққа құныққан, халқының рухани дүниесінен қол үзіп қалған хан - халқынан алшақтап кетеді. Ханның айналасын қарашасы емес, өзі сияқты билікқұмарлар мен байлыққа құныққандар, жағымпаздар жайлайды. Абылай шолжаң өскен көп төренің бірі емес, әсілі. Ол бала күнінде «ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламада» жетім қалып, үйсін Төле бидің қолында малын баққан. Аш-жалаңаш, жүдеген, шашы өсіп кеткен жетім баланың түріне қарап Төле би оны «Сабалақ» деп атаған екен. Өзінің азан шақырылып қойған аты Әбілмансұр. «Жемісті ағаш жер бауырлап өседі, жетелі жігіт ел бауырлап өседі» дегендей, тумысынан зерек Әбілмансұр халыққа жақын болып ержетсе керек. Төле би алғыр Абылайға өз бойындағы даналығын, ақылы мен парасатын дарыта тәрбие береді. ... Бұл жоңғар қалмақтары әрқайсысы он мың жауынгері бар жеті қолмен қазақты шауып, қалмақ ханы Қалдан Сереннің қазақтың жерін қан сасытқан бір зар заман еді. Сонда тұтқиылдан келген жауға қарсы тұрып, жүз мыңға жуық қазақ сарбазы шейіт болыпты. Жаудың қазақты тоз-тозын етуіне сол баяғы өзіміздің ел ішіндегі ауызбірліктің болмауы үлкен себеп болған ол заманда да. Жау бір демде елді жапырақтай жайпап, туған жерінен тықсыра қуып шығады. Ұлы жүз, Орта жүздің шағын бөлігі Сырға Шыршық құятын тұстан сәл жоғары өткелден өтіп, Ходжент, Самарқанға қарай ағылады. Кіші жүз Сауран қаласын айналып, Бұқараға бас сауғалайды. Шұбырған халықтың басым көпшілігі Сырдан өтіп, Алқакөлге жетіп құлайды. Кейбір тайпа-рулар Қызылқұм, Қарақұм ішіне сіңіп кетеді. Міне, осы кез еді халықтың жүрегі ащы зар мен ауыр мұңға толып «Елім-ай!» деп зарлаған кезі. ...Жау жағадан алғанда бөрі етектен деп қазақ бекер айтпаған. Жоңғар елді шауып жатқанда қазақ жеріне енді бір шетінен Еділ қалмақтары, екінші жағынан Жайықтың казак-орысы, Орал башқұрттары, Қоқан бектері, Бұқар мен Хиуа хандары тұс-тұстан шабуыл жасап, одан әрі тоз-тозын шығарады. Егер ауызбірлік болмаса, қай заманда да осылай жау жан-жақтан анталап, жеріңді лақтың терісіндей көкбарға салып, бөліп алары хақ. Елді ері қорғайды. Сол заманда Құдай қазаққа Бөгенбай, Қабанбай, Саурық, Жәнібек, Малайсары, Хангелді мен Райымбек, Шақшақ Жәнібек, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбай, басқа да әрқайсысы бір қолға татитын батырлары мен Абылай мен Әбілқайырдай хандарын берді. Қалың елім қазағым жоңғарларға қарсы майдан ашып, Бұланты мен Бөленті өзендерінің жағасында, Аңырақай даласында дұшпанның қабырғасын қақыратты, кеудесінен жанын, иығынан басын алды. «Ханда қадір болмаса, қарада ұят болмайды» деген бар. Елі үшін күреспеген ханда қандай қадір болады. Бүгінде ханнан қадір кетті. Соны пайдаланып, Ресей патшасы мінеки, ханымыздан айырып, қаптатып сұлтан сайлап қойды. Елімізді түтіп жемекке ентелеп еніп келеді. Тағы бір алқакөл сұлама халық басына төне ме деген қауіпім бар... ...Баламайсанның мына әңгімесінен кейін Дәулеткерей сұлтаннан бастап бәрі де тұнжырап, мынау ел басына төніп келе жатқан зұлматқа қалай қарсы тұруды ойлап тұнжырап қалып еді. Тыныштықты Ұзақ күйші бұзды. - Ақсақалдар, елдің әңгімесін күйдің тарихына жалғай отырайық. Елдің рухы көтерілмесе, қарсы келген жауына қасқайып тұра алмайды. «Үлгісізден би қойсаң, үлгісі болмайды, қаһарсыздан хан қойсаң, өсиеті болмайды» дегендей, Баламайсан күйші Абылайдың қаһарлы хан болғанынан бөлек, елінің рухын көкке өрлеткен күйші болғанын да айтқысы келіп отырса керек. Мына жұрт біле бермейді Абылай ханның «Шаңды жорық» деген күйі бар. Бұл сол шапқыншылықта ержүрек Баян батыр қаза тапқан кезде батыры үшін қатты қайғырып тартқан күйі екен. Абылайдың Еділ бойындағы қалмақтарға қарсы жорыққа аттанғанда тартқан «Қоржынқақпай» күйі, одан өзге «Қара жорға», «Садақ қақпай», «Майда жал», «Алабайрақ», «Бұлан жігіт», «Ақ толқын»», «Дүние қалды», «Қайран елім», «Сары бура» деген күйлері адамның жігерін жаниды, рухтандырады, жан дүниеңді баурап алады. Ұзақтың Абылай күйлері туралы ерекше арқаланып айтқан әңгімесі жұртты бір серпілтіп тастады. Ханның осынша күйі барын білмейтін Дәулеткерейдің өзі кәдімгідей таңғалып, Әлікей төреге қарата сөз бастады. - Ойпырмай, мына Ұзақтың тілі ғана ұзын ба десем, білері бізден де көп екен. Әлікей төре, сізді білмеймін, өзім бабамыз Абылай ханның осынша күйі барын білмеген екенмін. Ұзақ бір істі бастама, бастаған соң орта жолда тастама демекші, байқаймын Абылай атамыздың мұрасынан көп хабардар екенсің, осы бастаған әңгімеңді аяғына жеткізсін деп күйсайыс кезегін өзіңе бергелі отырмыз. Абылайдың күйлерінің тарихынан тағы да қанықтыра түс, жүрген жерімізде айта жүрейік. Дәулеткерейдің бұл сөзіне риза кейіп танытқан Ұзақ күйші, сұлтанды өткір һәм отты тілінің жалынымен мен бір шарпып өтті. - Хан білмегенді қара білсе, ақылы асқандығы болар, қара білгенді хан білмесе не болар? Қараның сөзін халқыма айта жүрем деген сұлтаннан білгенімізді аяйық па, айтсам айтып берейін. ... Абылай ханның тұсында қазақ жауынан кегін қайтарып, ынтымағы артып, айбаты артқан елге айналды. Қытаймен де, Ресеймен де басқа көрші мемлекеттермен де мәміле құрып, кеше тоз-тозы шыққан елдің беделі артты. Сөйтіп, жаумен арпалысып жүргенде біраз өмірі өтті. Бір күндер болғанда Шымкент, Сайрам, Тәшкент, Қоқан, Бұхара, Үргеніш жағындағы қазақтарды көршіге көзтүрткі етпей, азат отыруын ойлаған Абылайхан барлық батырларына хабар беріп, Түркістан қаласында кездесуге сөз байласады. Абылай хан қалың қосынымен Самарқанға бет алғанда жолындағы Жиренше шешеннің жеңгесі Жұпардың қорымына келгенде сол жерге аялдайды. Әсте Абылай ханның өзі қасиет қонған адам болған соң ол аруақты мекендерді аттап өтпей, зиярат қылып жүреді екен. Бұл жолы да осы әулиені басына түнеп шығуды ұйғарады. Сөйтеді де, әрі ақылшысы, әрі хан бетіне шындықты еркін айта алатын кеңесшісі Бұқар жырауға «Сенің әулиелігің бар еді ғой, үлкен жорыққа шығып бара жатырмыз, ата-бабаның қолдауы болып аян алып жатсаң айтарсың» дейді. Бұқар жырау «әулие қарашаға берген аянды ханға да берер, өзің де болжай жат» депті. ...Сол күні түнде Абылай хан түс көреді. Түсінде шатырының алдына бір жолбарыс сұлап жатыр екен. Ойпыр-ай, тапа-тал түсте шатырымның алдында жатқан бұл не қылған жолбарыс деп жақсылап қараса, о тоба, әлгі жолбарыс аюға айналып кетіпті. Абылай хан жаңа ғана ұзынынан түсіп жатқан жолбарыс қалай лезде аю болып кетті деп қайта қараса, аю дегені көкжал қасқырға айналған екен. Мына ғажайыпқа таңқалған Абылай көкжалға жақындай берсе... ол лып етіп түлкіге айналады. Сөйтіп, көзді ашып жұмғанша түлкі қоянға айналғанда Абылай шошып оянады. Мына түстің тегін емесін білген Абылай хан Бұқар жырауға жорытты дейді. Сонда хан сөзінен ықпайтын, көңілге қарап бұқпайтын турашыл мінезімен Абылайдың түсін жырау былай деп жорыпты. – Хан шатырының алдына сұлап жатқан жолбарыс – өзің боларсың. Сен айбатыңнан дұшпаның ыққан, жауыңмен жолбарыстай арпалысқан ер едің. Сұлап жатқаның - дәм-тұзың таусылып, пәниден бақиға өтер күн жақын қалғанын білдірсе керек. Ал жолбарыстың аюға айналғаны – сенен кейінгі ұрпағың айналасындағы жауымен аюша арпалысып өтер. Аюдың қасқырға айналғаны – аюдай ақырған ұрпағынан бір-бірін бөрідей талайтын ұрпақ тарар. Сол бөрінің түлкіге айналғаны – одан арыдағы ұрпағың бөрі құрлы да айбаты қалмай, түлкібұлаңмен тірлік кешер. Одан кейінгі ұрпағың қоянша қорғалап, басын сауғалап күн кешетін заман туар. Абылай хан түсінің тегін емесін сезсе де, осындай болар деп ойламаған екен. Дәл үлкен жорық алдында мұндай аян алғанын көңіліне күдік ұялатып Бұқар жыраудың не түс көргенін сұрайды. Сонда Бұқар жырау «Мен көргенімді айтсам, күннің көзі, жердің жүзіндегі әулиелер «Абылай хан өлді, соның жаназасын шығарысуға Түркістанға бара жатырмыз!» деп құмдай құйылып, жындай жиылып жүр екен. Енді аманыңда қайтқаннан басқа жол жоқ! – деген екен. Абылай хан Түркістанға жиналған қалық қолды еліне қайтарып, Самарқанға елші жөнелтіп, «соғыспақ ниетім жоқ еді, әулиелерге зиярат қыла келдім, елдің қадірлі қарттары қонаққа келсін» деп сәлем айтқызады. Балалық он жасыңыз, Балғын өскен құрақтай. Жиырма деген жасыңыз, Ағып жатқан бұлақтай. Отыз деген жасыңыз, Жарда ойнаған лақтай. Қырық деген жасыңыз, Ерттеулі тұрған құр аттай. Елу дегён жасыңыз, Ол да бір үлкен бел екен. Алпыс деген жасыңыз, Қайғы, мұңды шөл екен. Жетпіс деген жасыңыз, Жетім қалған күн екен. Сексен деген жасыңыз, Қараңғы тұман түн екен. Тоқсан деген жасыңыз, Ажалға таяу маң екен, - деп Бұқар жырау айтқандай, Абылай Бұқар жыраудай жүзге келмесе де жетпісінде-ақ мынау өтпелі жалған туралы көбірек ойланып, домбырасын құшақтап, күй толғап отырады екен. ...Мынау арыстандай айбатты Абылайдың әлгі аян түсті еске алып, келер ұрпағының тағдырына алаңдап, қайғырып отырып тартқан «Дүние қалды» деген күйі екен... ...Ұзақ күйші алдымен домбырасының құлағын сәл бұрап, күйін келтіріп алды да төгіп-төгіп жіберді. Зар мен запыранға толы бұл күйде Абылайдың ақтабан шұбырынды алқакөл сұламада жетім қалып аш жалаңа жүрген қасіреті жатыр... Домбыра «Әттең дүние! Ата-анамнан айырып, қанатымнан қайырып жетім еткен сұм заман! Отанымды жау алып, орманымды өрт шалып, тоз-тоз қылған қу заман! Кәрі тұрып жас кеткен, екі иықтан бас кеткен тұл заман! Балалық шағым қайда менің?» деп зарлайтындай... ... Бір сәтте күй күңірене тербегенде жан-жақтан анталап қазақтың қанын судай шашқан жау мен елім-айлап зеңіп бара жатқан қаралы көш келеді көз алдыңа. Елінен, жерінен, азаматынан айырылған жұрттың аңыраған дауысы, қаңыраған даланың қан сасыған бейнесі елес береді.... .... Осы сәтте күй жігерлене өрлеп, бір атой салған дүбірге ұласады. Бұл - қазақтың батырлары! Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай... қазақтың бүкіл арыстандары! Бір Алладан медет сұрап, ата-баба аруағынан рух алып атайлап жауға шауып барады әнеки! Аруақ! Аруақ! ...Тарыдай шашырап, жоқ болып бара жатқан қазақты қайта жиды сол батырлар! Жазықсыз жандар мен жауқазындай бүлдіршіндерді найзаға шанышқан, екіқабат әйелдердің қарынын жарған сұм жаудың өз қанына өзін тұншықтырып, жерді, елді азат етті сол батырлар! Бастарын бәйгеге тікті! Өздерінің өмірі үшін қорыққан жоқ, халқының жойылып кетуінен қорықты. Отансыз, жерсіз, елсіз қалудан қорықты. Сол үшін жандарын шүберекке түйіп жауға шапты. Түнде ұйықтамады, күндіз күлмеді. Жауын жеңбей аттан түспеді. Осылай өтті олардың өмірі. ...Күй осы тұсқа келгенде сәл төмендеп, мамырлап барып қайта көтеріледі. Жігерлендіреді. Қайраттандырады. Қайрайды. Домбыраға тіл бітіп, Абылайдың дауысымен саған «Енді сол елге, жерге ие бол! Айналаң толған жау! Жерің үшін басыңды бәйгеге тік! Ынтымағың, бірлігің болмаса, өз жеріңде өзің құлға айналасың. Жерің сенің - Арың! Жерің сенің - Бағың! Жерің сенің – Болашағың. Жерің сенің – Отаның! Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама қайтып келіп, қазағың тоз- тоз болып босып кетпесін десең - Отаныңды қорға! Менен қалған өсиет осы!» деп жатқандай. Күй осылай деп бебеу қағып, жер, ел үшін жанын пида еткен аруақтардың жан дүниесіндегі ең үлкен мақсат мұратын жеткізіп жатқандай... Әділбек Қаба (Жалғасы бар)
АТАДАН ҚАЛҒАН АСЫЛ СӨЗДЕР
ҚАБІР ҚАЗҒАН...
(Ақсақал айтқан әңгіме желісімен) ( Жалғасы. 7- бөлім)
Көбей мен Құрманғазы тойдың қамын ойласып жатқан дәл осы сәтте дұшпан да өз торын құрып жатыр еді...
Қарға бақсыға Көбейдің ел ішіндегі жігіттерін тұтқындағанын және жазаламақ болып аттанған казактар отрядын түгел тізе бүктіріп, Есет батырға айдатып жібергенін тыңшылары жеткізіп барған. Бірақ бұл кезде әскердің бәрі қазақ даласының орталық, шығыс, оңтүстік аймақтарын басып алуға және Қоқан жағына жұмылдырылып, солай кеткен. Әскермен келіп Көбейді жазалатуға қауқары жетпей, Қарға бақсының зығырданы қайнады. Орысшыл сұлтандарды жағалап көріп еді, олар губернатордан бұйрық болмай ондай іске араласпайтын ыңғай танытты. Сонда да болса қарап жатпай Қарға бақсы казактардың атаманына барып, «сенің бір топ казактарыңды Есет батырға ұстап берген Көбей деген қазақ. Ол казактарды тұтқынға алып, қасына жігіттерін қосып патша әскеріне қарсы соғысып жатқандарға аттандырыпты» дегенді жеткізген. Бар мақсаты Көбей жасағалы жатқан тойдың берекесін қашырып, кек алу. Бұған казак атаманы қатты ашуланды. Қарға бақсы оларға жауын көрсететін болып уәдесін беріп, одан әрі әскерилерді үгіттеуге кірісті. Ішкі есебі, казактар отряды мен орыс әскерін ертіп апарып, қазақ ауылдарын басып алу. Оның арғы жағында аға сұлтан болу мақсатының да құлағы қылтияды. Сондықтан ол өзінің сыбайластарын жинап, Көбейдің көзін құрту жоспарын құрмақшы. Сол ниетпен қаланың сыртына таман орналасқан помещик досының усадьбасындағы бақта, жазғы лапасқа ниеттес офицерлерді түскі асқа жинады. Ол бәрі жиналды-ау деген уақытта сөз бастады.
- Патша әкімшілік реформалар жасауды міндеттеп отыр. Бұл реформа бойынша Ресей империясы қазақтардың жерін түгелдей мемлекеттің меншігі деп жариялады. Ендігі жерде осы тартып алған жерлерге шаруаларды көбірек қоныстандыруға жәрдем беруіміз керек.
Қарға бақсы бұл жерде Ресей патшасының атынан сөйлеп отырған себебі ол әскери киімде және мойор шенінде еді. Сондықтан оның барлау қызметінің басшыларының бірі ретінде губернатордың алдында беделді екенін жиналғандар білетін. Жиналғандар да шені жоғары офицерлер. Әңгімеге олар да араласты.
- Орыс шаруаларын патшалық Ресейден қоныс аудару көп жағдайда қазақтарды ежелгі атамекенінен, қонысынан жаппай қуу және ең құнарлы жерлерін күштеп тартып алу арқылы жузеге асырылып жатқандықтан бас көтерушілер, қарсы соғыс ашуға ұмтылушылар көбейді. Оларды ауыздықтау керек.
- Дұрыс айтасыз, қазақтардың патша үкіметі жүргізіп отырған отарлау саясатына қарсы күресі күшейіп келеді. Патшаның сенімді тірегі біз - әскери адамдармыз. Қазақтардың әскери құрамаларға шабуыл жасауы жиілеп кетті. Кейбіреулері арнайы топ жасақтап, Есет Көтібарұлының көтерілісшілеріне көмектесіп жатыр. Сондықтан сіздер адам берсеңіздер оларды жазалап, кінәлілерді тұтқынға алсам деген ойым бар.
- Әскер губернатордың бұйрығымен ғана берілетіні сізге аян ғой. Алайда жергілікті казактардан құрама жасақтауға болады.
- Қазақтардың рухын түсіру үшін қазақ жеріне орналасқан орыс шаруаларымен қазақтар арасында көбірек кикілжің ұйымдастырып тұру керек. Соны пайдаланып жазалаушы отрядтар жіберіп, басып отырамыз.
- Ресей империясы қазақ жерін толық иеленуі үшін шаруаларды көбірек көшіру керек. Олар көп болған сайын біз күшейе түсеміз. Оның үстіне бұл елдің рухын түсірудің бір жолы – отырықшыландыру. Олар қазір кең далада өздерін еркін сезінеді. Бір қалада отырықшы болса оларды күнделікті бақылап, басқарып отыру жеңіл.
- Сөзіңіздің жаны бар, оларды тек отырықшылындырып қою аз, мына кең даланы астық егетін алқапқа айналдырып, егінді қазақтың өздеріне ектіріп, жинату керек. Өйткені, патша казак жасауылдарына үміт артып еді, олар егіншілікпен айналыспады.
- Бұларды біртіндеп шоқындыру және орыстандыру жағын жақсылап қолға алу керек.
- Бұл үшін оларды өздерңіз айтқандай, отырықшыландыру керек. Сосын барлық жерде орыс хуторлары, шіркеулері салынса оларды шоқындыру қиынға түспейді. Патшаның хутор салу үшін 45 десятинадан, егін егуге 15 десятинадан жер бөліп беруге міндеттеген бұйрығы бар. Бұл бұйрықты жүзеге асыру үшін қазақтардың ең шұрайлы деген жерлерін тартып алып, сол жерлерге шаруаларды орналастыру керек.
- Бұл бұйрық Жайықтың Ресей жақ бетінде іске асырыла бастады. Арғы бетіндегі Көбей сияқты бас көтерерлері бар қоныстар қарсылық танытып отыр. Сондықтан олардың басын біріктіретін басшыларын тұтқынға алып, каторгаға жіберу керек. Ал қалған халықты қорқытып-үркітіп, малын тартып алып көндіруге болады. Сондықтан да мен сіздерден Көбейді тұтқындауға адам сұрап отырмын.
- Ол деген бір шашырап жатқан ауыл емес пе? Анау казак отряды мен жалдамалыларды бастап барып ұстап әкелу сонша қиын болып па?
- Олай демеңіз, Көбей оңай жау емес. Оның арғы жағында Есет батыр қолдап тұр. Оның үстіне ол қазір арғы бергідегі бүкіл қазақ руларын жинап той өткізгелі жатыр. Яғни онда қазақтар көп болады. Аз ғана адаммен барсақ олар Көбейді тірі болып бермейді.
- Енді қандай ұсынысың бар?
- Алдымен ел ішіне тыңшыларды жіберу керек. Көбейді оңтайы келгенде ешкімге білдірмей ұстап әкететіндей немесе өлтіре салу керек. Сосын әскермен барып жақтастарын байлап әкелемін.
- Онда қазірше тыңшыларыңды жібер. Оған дейін әскер шығару мәселесін біз де ақылдасып шешерміз.
Осылайша бір топ әскери шенділер бақ ішіне орналасқан жаңағы лапас астында ақылдасып, алды да ары қарай шарап ішіп, әрнені әңгімелеуге көшті.
... Далаға құрылған лапастың қабырғасына арқасын сүйеп, бұлардың даурығыса отырып айтқан әңгімелеріне еріксіз куә болған бір қайыршы ғана есіней түсіп орнынан сүйретіле тұрып, қоржынын мойынына салып ақырындап қалың қайыңның арасына сіңіп жоқ болды...
***
Көптен күткен той күні де жетті-ау. Жайықтың екі бетіндегі қазақтың барша рулары,үш жүзге жуық ақшаңқан үй әкеліп тікті. Қызыл қайыңды ну орманға жанай тігілген ақшаңқан үйлер қайыңның қып-қызыл жапырақтары мен гүл көмкерген көк жайлаудың үстінде ғажап бір сурет пе дерсің. Әлекедей жаланған жігіттер қонақты алдынан қарсы алып, аттан қолтығынан демеп түсіріп, үйлерге жайғастырып жатса, әр үйде күтуші жігіттер қонақтын қалауын айтқызбай тауып жатқаны. Ауылдың бір шетінде қатар-қатар қойылған неше ондаған қазандарда былқи пісіп жатқан жылқы етінің иісі анадайдан танауыңды жарып, сілекей шұбыртады. Құрметті қонаққа мүше мүшесімен салынған астау-астау етті ат үстіндегі жігіттер іліп әкетіп, өздері қызмет етуге бөлінген үйге апарып тартып жүр. Ауыл ішіндегі табақ тарту қызметін жасайтын жігіттерінің астында үстінде су шайқалмайтын кіл жорға. Мұндайда бірінен бірінің құрметі кем болып қалса, ағайынның өкпесінің астында қаласың. Қазақ басқа жерде сабырлы болса да той құрметіне келгенде өкпешіл.
Күбіні күмпілдетіп, сабаны сампылдатып піскен келіншектер арасында торсықтағы қымызға бөрдектегі ашытқы қымыздан қоса түсіп, сүйретпені толтырып жатқаны. Бұл жерде қымыздың аспа төгіл болғаны сондай, бұлқыншақ, меске, шанақ толған қымыз. Ол аз болғандай, келіншектің бір тобы ауыл сыртындағы байланған сауын биенің санынан бір сипап қойып, тізерлеп отыра қалып көнекке күрпілдетіп биені сауып жатқаны...
Ал қонақтар үсті-үстіне ағылып жатыр. Әсіресе сал-серілердің келуі мен оларды қарсы алудың өзі бір ғажап көрініс. Алыстан әнге басып, үлкен топпен келген серілердің жүрген жүрісі де, киім киген киісі де бөлек. Оларды ауыл жастары алдынан шығып, кілемге түсіріп алып жатыр.
Бұл тойдың ең құрметті қонақтары – күйшілер. Олардың әрқайсысына жеке үй тігілген. Олар тек қонақ болу үшін емес, күйсайысқа түсу үшін келгендіктен, олардың бабын келтірудің бар қамы жасалған.
Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда дейтіндей кіл дәулескер күйшінің өнеріне қазылық ететін адамның өзі оқ бойы озық тұрмағы ләзім. Сондықтан қазылыққа Дәулеткерей, Ұзақ, Түркеш, Әлікей және Құрманғазы ұйғарылды. Шарты, әр күйші күйдің шығу тарихын, аңызын әңгімелейді. Сосын сол күйді шертетін болады. Одан бөлек бір тартқан күйді қағып алып, қайта тартудан сайысатын болады. Сонымен бірге ежелден белгілі күйді біреуі тартып келіп тоқтағанда оны екінші адам іліп әкетіп жалғасын тартуға тиіс. Ең бастысы күй жарысқа түскенде кім көп күй тарта
білетінгі мен орындау шеберлігі ескерілетін болады.
Қазылықтағы дәулескер күйшілер де күйсайысқа қатыса алады, бұл кезде оған өзге күйшілер қазылық етеді.
Сонымен алғашқы болып бәйгені Дәйлеткерей бастады.
-Менің тартатын күйім «Көрұғлы» деп аталады. Бұл көрде туған Көрұлы батыр туралы жырмен төркіндес күй. Мына Алқа қарағым көрге көмілген жерден қайта оралған екен, осы күйден бастаған жөн бе деп отырмын. Біссмила даеп бастайын.
Дәулеткерей арасында жырды домбырамен мақамына сала, әндете отырып күй аңызын бастады.
Анау өткен заманда, Дұшпанмен болған айқаста әлі дүниеге келмеген Көрұғылының әкесі қызылбаспен соғыста шейіт болып, шешесі Алтыншаш екіқабат қалады.
Жамағаты зар жылап,
Жесір қалды Алтыншаш.
Бота порым, ақ мамық,
Өзі сұлу, қолаң шаш,
Сұлулығы соншама
Көрген адам болар мас.
Бұрын тапқан бала жоқ,
Құдіретке қылар шара жоқ,
Жүкті болып бейшара,
Отыз бірде қалды жас.
Біраз уақыт өткен соң,
Алтыншаш бір күн ауырды.
Шақырып алды жанына
Бозұғландай бауырды.
Күні-түні жатады,
Ауруы жанға батады.
Есінен алмай жад етіп
Жаратқан Жаппар Қадірді.
Сөйтіп, ауырып жатқанда Алтыншаш түс көріп түсінде Ғайып ерен қырық шілтен түсіне кіріп аян береді. Аянда ол өзінің екіқабат екенін, бірақ ол дүниеден өтетінін біледі. Ғайып ерен қырық шілтен баланың қабірде туылатынын айтады. Сонда Алтыншаштың бауыры Бозұғланға айтқаны дейді.
Ашып ал көрден баланы,
Айналайын, Бозұғлан,
Менімен болсаң туысқан!
Бозұғланға мұны айтып,
Жұмды көзін Алтыншаш.
Құдіретіне Алланың
Сұнып мойын, қойды бас.
Жаназа оқып, кебіндеп,
Апарып қойды молаға
Ағайын, қауым, қарындас.
Алтыншашты арулап жерге қояды. Бірақ тоғыз-ай тоғыз күн болғанда толғағы жетіп, көр ішінде дүниеге Қөрұғлы келді...
Алтыншашты арулап жерге қояды. Бірақ тоғыз ай тоғыз күн болғанда толғағы жетіп, дүниеге Көрұғлы келеді...
Сонда өліп жатқан ана көкірегінен сүт шығып, бала соны емді дейді. Ғайып ерен қырық шілтен оны бағып-қағып өсіреді. Оған жазу-сызуды үйретеді. Ол тез жетіліп, шымыр болып өседі. Ол арсында көрден шығып, ойнап, қайтып келеді екен. Бұл кезде қабірден баланы қазып ал деген апасының сөзін Бозұғлан ұмытып кетіп еді.Оның Ақбілек деген сұлу әйелі болыпты. Сол әйелге қызылбастардан көзі түскендер көп болады. Бозұғлан мен Ақбілек жаудан қашып, Күйгентау деген жерді жетпіс екі ай паналайды. Бір күні алдынан қашқан құланды қуып келе жатып Бозұғлан жиені Көрұғлы туған молаға келіп қалады.
...Дәулеткерей хиссаның осы жеріне келгенде тамағын бір кенеп алып, жырды мақаммен бастап кетті.
Апасының Бозұғлан
Айтқан сөзін ұмытты.
Етегінен Күйгеннің
Бір құланды қуыпты.
Құлан ұзап кеткен соң,
Сахара майдан даладан
Көп молаға жолықты.
Аң аулап жүр Бозұғлан
Сахара майдан даладан.
Өте берді гулетіп
Көп зиратты моладан.
Жалаң аяқ құм басқан,
Бір адамның ізі бар
Тым-ақ үлкен шамадан.
Тартты аттың тізгінін,
«Зияраттың ішінде,
Неғып жүр, – деп, – бұл адам?».
Апасының айтқаны
Есіне түсті сол кезде.
Жақсы адамның сөзінің
Болмас, сірә, іреуі.
Жер мен көктің бар ма екен
Ортасында тіреуі?!
Моланы батыр таныды,
Апасының тапсырған
Есіне түсті сол кезде
Қақсаған зарлап тілеуі.
Із иесі аң емес,
Байқаса, бөтен жан емес.
Өліктен тірі жан шықпас,
Құдіретке ғажап таң емес.
Байқап енді білді ойлап,
Көрде туып, көрде өскен
Көрұғлыдай жиені.
Зар етіп Хаққа қылды зар,
«Өлмесе менің болар, – деп, –
Алды-артымның сүйеуі.
Жапанда өскен тағыға
Қашан бір қолым жетеді?
Бере көр, Құдай, маған» деп,
Ұстауға талап етеді.
Түсіре алмай қолына
Арада төрт ай өтеді.
Қарасын көрсе алыстан
Жуықтатпай маңына
Жытып бір қашып кетеді.
Көрмегені жақсы екен,
Көріп бір қолы жете алмай,
Бозұғланның жүрегін
Ғашықтық оты өртеді.
Сандалды батыр далада,
Астына мінген тұлпары
Арыды қуып жете алмай.
Баладан әбден түңіліп,
Қайғыдан белі бүгіліп,
Қиып бір тастап кете алмай.
Төрт айдан соң Бозұғлан
Қайтты бір үйге түңіліп.
Содан Бозұғлан кері қайтады. Әйелі Ақбілекке жиенін көргенін, айтады. Әйелі оған «Оны ұстағың келсе жан-жағына алма шашып қой, соны теріп жемек болғанда ұстап аларсың» деп ақыл береді. Айтқанындай Көрұғлы қабірден шығып, алманы теріп жеп келе жатып, тура Бозұғланның қасынан бір-ақ шығады. Бозұғлан оны ұстамақ болғанда тағы болып өскен бала тұра қашып жеткізбей кетеді. Ол көрге жетіп, кіріп тығылайын десе, көрдің алдынды бір арыстан жатыр екен. Ол оны кіргізбейді. Көрұғлы «мені бір адам қуып келе жатыр, сен неге мені анамның қасына кіргізбесің?» деп сұрайды.
Сонда арыстан сөйледі:
– Жау болуға жарамас,
Көрген жан сенің қараңды.
Танытуға мен келдім
Артыңда қуған ағаңды.
Мұнан былай емуге
Анаңның сүті арам-ды.
Нағашыңмен танысып,
Жаяулықтан құтылып,
Арғымақ мініп жарысып,
Дүниеге шығып, қорек қыл
Мұсылманға бұйрықты
Ләззатты халал тағамды.
Білдір деп мені жіберген
Қырық шілтен, Ғайып бабаң-ды.
Кіріп көрге көрісерге
Рұқсат жоқ анаңды.
Артыңнан қуған, таны енді,
Бозұғландай тағаң-ды.
Көрұғлы сонда сөйледі:
– Ей, арыстан, дүниеде
Мен жүзіңді көрмеспін.
Айрылсам ана сүтінен
Тірі де болып жүрмеспін.
Жалғаншы сенің сөзіңе
Анығын білмей ермеспін.
Сөйтіп, әлхисса, Көрұғылын арыстан көрге кіргізбейді. Сонда Көрұғлы «Сен мені алдап тұрсың. Сен кімсің?» деп сұрайды. Сонда арыстан сөйлейді:
– Ендеше, баян етейін,
Көріп тұрған күніңмін.
Жаныңды раушан ететін
Хош иісті гүліңмін.
Кедергі болып асырмас,
Дұшпанға тартар беліңмін.
Қапаларыңды шығарар
Көңілдегі желіңмін.
Көр ішінде неше жыл
Балапандай баулыған,
Жалғанда бақ пен талайың
Қолдаушы Ғайып піріңмін.
...Сол кезде артынан қара атымен қуған Бозұғлан қабір басына жетеді. Мұны көріп Көрұғлы тау-тасқа табанын тілдіріп қашады. Оның жүйріктігі сондай нағашысының қанатты қара аты жете алмай қалады. Сонда Ғайып ерен қырық шілтен жел тұрғызып, желмен бүкіл шөп біткен оныңаяқ қолын құрсап, жүре алмай, әлсіреп құлайды. Бала «Менің ізімнен қалмай неге қудың, не жазығым бар?» деп сұрайды. Бозұғлан «Мен сенің нағашыңмын, әкең Мұңдыбек қызылбастармен соғыста қаза болған, мына дүниедегі менің арқа сүйерім сен боласың» дейді. Содан бала иланып, екеуі моланың қасынан өтіп бара жатқанда бала айтады:
– Тілегім бар, нағашы,
Қабыл көрсең тілейін.
Рұқсат берсең, анамды
Не халде екен, білейін!
Жансыз тәнін пида қып,
Асырап еді шешекем,
Барып тағы көрейін,
Екі төсін иіскелеп,
Мауқым басып аймалап,
Кешікпей, таға, келейін.
Кеткенім ғой арманда,
Көре алмаспын жалғанда,
Емшегін бір жол емейін!
Бозұғлан оған «Айнала қаптаған жау, қолға түсіп қаласың» деп рұқсат бермейді. Сөйтіп, екеуі Ақбілекке келеді. Ақбілек балалы болғанына қуаныпты. Осылайша түзде аң аулап қорегін ажыратып өмір сүріп жатқанда жаудың қарасын көреді. Сонда нағашысы Көрұғылыға сауыт сайманнын кигізіп, бес қаруын асындырып жауға жібереді. Жау дегені Сапабек бастаған жауынгерлер екен. Оларды бала жеңіп, өзіне сарбаз етіп алады.
Содан кейін ол қызылбастармен соғысып жеңіске жетеді. Соғыстан Көрұғлы аман-есен еліне келіп, Көрұғлыны түрікпен халқы хан көтеріпті. Бұл кезде жеңгесі Ақбілекті қызылбас ханы Райхан алып қашып кетіп еді. Көрұғлы қызылбастарға ойранды салып, шаһары тұл қалып, Ақбілекті қырық бір құлаш шыңыраудан шығарып алып келеді.
Райханды тірі ұстап алыпты.
Қызылбасқа неден мұндай өшікті?
Таптырмапты кіруге жерге тесікті.
Жаяу айдап, қан ағызып мұрнынан,
Екі ұртынан жіп өткізіп тесіпті.
Ақбілекке жаяу айдап келіпті,
Пышақпенен танауларын тіліпті.
Құлақ, мұрнын тауысқан соң кесумен,
Құрттап, биттеп айдалада өліпті.
Қызылбасқа қылып қырғын кесірді,
Қойдай тізіп көгендепті жесірді.
Ер Көрұғлы ортасында тұрғанда
Бозбаласы түрікпеннің есірді.
Өзді-өздері сыбағасын бөледі,
Сансыз дүние қанша болса көнеді.
Райханның қазынасын есептеп,
Алып келіп Бозұғланға береді.
Көрұғлының даңқы жұртқа кетеді,
Бар өмірі салтанатпен өтеді.
Аман-есен Бозұғланға қосылып,
Ақбілек те мұратына жетеді.
...Дәулеткерей хиссадан айта отырып, домбырасын шертіп, жыр мақамымен отырғандарды риза етті. Отырғандар хисса тамам болғанда даурығысып кетті. Жұрттың рухы бір көтеріліп қалды. Көбей де өзінің таңданысын жасыра алмады.
- Япырай, көрге түскен адам оралмайды деп Дүрия мен Алқаны мына жұрт сонша әңгіме қылып еді, екі дүниенің арасында болатын мұндай да кереметтер болады екен ғой.
- Құдайдың құдіретіне шек жоқ!- деді Ұзақ күйші.
- Сабазым-ай, ондай ерді халыққа Құдай беретіні рас шығар. Мынандай жау жағадан алған заманда біздің елге де осындай бір ер керек-ау , шіркін!- деді Құрманғазы Дәулеткерейге қарап.
Бұл «Мына өздеріңдей сұлтандар шегірткедей қаптап келе жатқан жауға пана болсаңдар қанеки. Елді ұйыстырып, бір тудың астына жинайтын ер керек» дегенді меңзегені еді.
Алайда бұл кезде Көрұғылының хиссасын әңгімелеп беріп, енді күйтолғақ келіп,тебіреніске енген Дәулеткерей басқа бір әлемде отырған. Оның тамыр-тамырында күй ойнап жатқан бұл кезде. Ол сол тұнжыраған ойлы қалпын бұзбастан домбырасын сәл жоғары көтергенде жұрт тына қалды.
- Бірде ауылы аралас,қойы қоралас жатқан,төсекте басы,төскейде малы қосылған түркімен ағайындарға күйсайысқа бардым. Сонда осы Көрұғлы хиссасын естідім. Көрұғылының тағдырына, ерлігіне ерекше тебіреніп, осы «Көрұғлы» күйін шығарып едім... Күй аңызын айттым, ал онда енді күйге құлақ салыңдар.
Осылай деді де Дәулеткерей домбырасын қолына алып, ұшатын қырандай қос иығын қомдап, күйді бастап кетті...
Әуелі мамыражай басталған күйден «Баяғы өткен заманда, дін мұсылман аманда қой үстіне бөзторғай жұмыртқалаған уақыт болыпты...» дегенді ұғуға болар еді. Бір сәтте күй екпінінен тұтқиылдан шапқан жаудың жер қабырғасын қақырата шапқан ат тұяғының дүбірі естіледі. Енді бір кезде тыныш жатқан елді қырып-жойған жау қырғыны, аңыраған – ана, шырқыраған бала елес береді. Тыңдаушының жанын күйдегі мұң баурап, бойын өкініш пен ыза кернейді. Бір сәтте Алтыншаштың ерінен айырылып егілгені, оның бойындағы баласымен суық көрге салынған азапты сәті көзіңе жас үйіреді... Одан соң күй шарықтай түсіп, кішкентай панасыз баланың көр ішінде өліп жатқан анасын еметін шарасыз халін көз алдыңа әкеліп... көмекейге өксік тығылады. Әне... енді күй баяулап барып қайта өрледі. Бұл - Ғайып ерен қырық шілтеннің жетімді жебеуіне алған сәті... Бір сәтте ат тұяғы естіледі... бір жанталас сезіледі. Бұл - жеті жасар жетімектің табанын тасқа тілгізіп, қанатты қара ат мінген қуғыншыдан қашып бара жатқан кезі... Бір кезде күй құмығып бәсеңсиді... Көрұғлы әлі құрып құлады.... Содан соң күй қайта жігерлі көтеріліп, рухыңды көкке өрлетеді. Бұл ата жауы қызылбастың тас талқанын шығарып, Ақбілекті алып қайтқан, еліне қорған сұлтан болған кезі... Күйдің көңілді өрекпітіп, бойыңдағы алпыс екі тамырдағы қанның қызуын сезініп, жүрегің алып ұшып, керемет шарықтап барып бітетін жері жер қайысқан қолмен елін жаудан қорғаған батырдың рухының биіктігін паш етеді... Әр ұланды ерлікке, өрлікке шақырады. «Отаныңа қорған бол!» дейді... «Еліңе, жеріңе ие бол!» дейді... «Қажет болса қаныңды да жаныңды да аяма!» дейді. Осының бәрін адамның тілімен емес, тілсіз тіл - домбыра үнімен, күйімен жеткізеді. Жүректерге рух құяды...
... Дәулеткерей күйді қыранның аспаннан құйылып келіп, аңға түсетініндей сорғалатып келіп тына қалғанда отырған жұрттың жүрегі атша тулады. Бәрі бірдей терең ой құшағына еніп кеткендей...
Осы кезде ...
...Дәулеткерей күйді аспаннан құйылып келіп, аңға түсетінін қырандай, сорғалатып келіп тына қалғанда отырған жұрттың жүрегі атша тулады. Бәрі бірдей терең ой құшағына еніп кеткендей...
Тыныштықты Түркеш күйші бұзды.
- Дәулеткерей сұлтанның тартқан күйі мынау сайын даладағы сансыз батырлардың ел үшін, жер үшін қан майданға түскен аласапырандағы арпалысын көз алдыңа әкеледі екен. Атыңызды көп естуші едім, расында да жүзден берен, мыңнан тұлпар екенсіз!
Бұл жерде лауазымы жағынан Дәулеткерей сұлтан мен Түркеш, Әлікей төрелер жоғары болғанымен, қазақтың салты бойынша жасы үлкен Ұзақ күйші қазылармен кеңесе отырып қай күйшінің қандай күй орындауы керегіне ағалық жасап отырған. Ұзақ күйші ұзын аппақ сақалын саумалап қойып, әңгімені әріден бастады.
- Біз мына Құрманғазы екеуміз Жайықтың екі жағасынан бастап,Сыр бойына дейінгі жерде аяғымыз жеткен жерге дейін барып, халық арасында күй тарттық. Сол кездегі көпшіліктің ерекше қалап тыңдайтыны Кетбұғаның күйі «Ақсақ құлан». Ел ішінде бұл күйді әркім әртүлі орындайтынын да байқадық. Аңызы да әрқилы. Бұл күйді қай-қайсыңыздың да білетініңізге шүбәм жоқ. Дегенмен күйді Түркеш төре күй аңызын айта отырып, тереңнен тербеп шертіп берсін.
Түркеш төре маңғаз қалыпын бұзбастан қолына домбырасын алды. Сосын Ұзақ күйшіге бүкіл денесімен бұрыла қарады да, миығына күлкі үйіріліп сөз бастады.
- Ұзекем күйді кімге тартқызуды біледі. Бабаң – Шыңғысхан, сүйегің – төре деп Шыңғыс қағанның домбыраға жасаған қатал үкімін бір еске салғызғысы келіп отыра-ау, шамасы.
Түркеш осылай деп бір күліп алды. Мұндайда сөзден есе жібермейтін Ұзақ та іліп түсті.
- Түркеш мырза, қараны төре бөлмесе, біз бөлмейміз ғой. Атаңыз Шыңғыс қағаннан бергі қазақтың бүкіл хандарының бәрі төрелер еді. Енді міне, хан дегенді құртып, бас-басыңа сұлтан болдың. Ханның тағын бөлісе алмай, ырың-жырың болғаныңды пайдаланып, Ресейдің қатын патшасы еліңе де, жеріңе де қол салды. Кешегі Абылайдың түсі расқа айналып, бақа-шаянға ұласып кетпесе, елдің басын қосатын бір сұлтан ел бастар деген үмітіміз өлген жоқ. Бұл жерге сөз жарыстыруға емес, күй сайыстыруға келдік. Кезек өзіңізде, төрем.
- Ай, Ұзақ қияңқым-ай, бір сөзге мың сөз қайтармасаң Ұзақ боларсың ба. Сенің қарсы келгенге қанжардай қадалатын тіліңнің қыршаңқысы барын ел ішіндегі әңгімеден көп естіп едім, бүгін шөптің басы бекер қимылдамайтынына көзім жетті. Бірақ, айтқаның шындық. Ресейдің қазақтың шұрайлы жерін тартып алып, мұжықтарына үлестіріп беріп жатқанына қарсы болам деп құқайымды тартқанмын. Мені түрмеге жапты. Бізді сыртқы жау бөлмесе, бөлінбейміз ғой. Өзгені былай қойғанда, мына домбырамыз бен күйіміз де ортақ болып тұрғанда, бізді кім бөле алады. Онда енді күй аңызына кезек берелік.
Түркеш күйші осылай деді де қасындағы жұрттың ауызына қарап отырғанын ұмытып кеткендей, әжептәуір сәтке үнсіз қалды. Сосын барып ұйқысынан оянғандай серпіле қозғалып, әңгімесін бастап кетті.
- Бүкіл дүниені ат тұяғының астында қалдырып, әлемдегі ең қуатты деген талай мемлекеттерді бас игізген Шыңғыс ханның өзі де домбыраны қолына ұстаған көрінеді. Шыңғыс қағанның бесінші атасына дейін қоңыраттардың қызын алған. Әжесі, шешесі, әйелі, келіні қазақтың қызы болса, домбыраны танымай не бопты. Мына күй тарихы да Шыңғыс бабамыздың қоңырат қызы Бөрте бәйбішеден туған ең үлкен ұлы Жошының өліміне байланысты туған. Ел ішінде домбырамен естіртуге қатысты аңыз көп. Бірақ менің айтқалы отырғаным, ақиқатқа жақынырақ.
...Шыңғыс хан Жошының шешесі Бөртеге үйленгеннен кейін меркіттер шабуыл жасап Бөртені тартып алып кетеді. Шыңғыс хан керей Тұғырыл ханның жәрдемімен босатып алады. Бірақ Бөрте тұтқыннан жүкті болып келген екен. Осы жай Шыңғыс ханның кеудесіне өмір бойы шемен болып қатқан көрінеді. «Жошы Шыңғыс ханның ұлы емес» деген қаңқу оған маза бермепті. Ер жете келе қағанның өзімен бірге жүріп, Жошы даңқты қолбасшы атанады. Жошы Оңтүстік Сібірді, Алтайды, Жоңғар даласы мен Шығыс Түркістанды мекендеген көп руларды жеңіп, Жетісу өңіріне жетеді. Хорезм шахтың алпыс мың әскерін жеңеді. Кейін осы қазақ даласында жаңа мемелекет – Жошы ұлысын құрған екен.
Шыңғыс хан көзінің тірісінде Құланбасы деген жазықта құрылтай өткізіп, сол жиында бәйбішесі Бөртеден туған төрт ұлына жаулаған жерін еншіге бөліп береді. Сонда Жошының еншісіне Ертістен батысқа қарай, Жетісудың теріскей бөлігін қамти отырып, Еділ бойына дейінгі жерді қоса, бүкіл дешті қыпшақ даласы тиіп, ордасын Ертіс өзені бойына тігіпті.
Құланбасыдағы құрылтайдан соң Шыңғыс ханның барлық балалары әкелерімен бірге мемлекеттің астанасы Қарақорымға қайтады да, Жошы өзіне еншіге тиген жерде қалып, қайтпайды. Әкесі шақырған екен, «Сырқаттанып жатырмын» деген сылтау айтып, бармапты... Бірақ оның ауырмағанын, аң аулап, саятқа шығып жүргенін естиді. Тіпті қағанның құлағына «Жошы Шыңғыс қағанды өлтіремін депті» және «өзінше мемлекет құрмақшы екен» деген қаңқу әңгіме де жетеді. Мұны естіген қаған қатты ашуланады. Сөйтіп ашуға булыққан хан «көнсе алып келіңдер, көнбесе өлтіре салыңдар» деп балалары Үгедей мен Шағатайға әскер беріп аттандырады. Бірақ осы кезде Жошының қайтыс болғаны туралы хабар жетеді екі бауырына...
Ханның ашумен «өлтіре салыңдар» деген бұйрығын орындауға мұздай құрсанған жазаны орындаушылар шығып, Жошының оңаша қалатын сәтін аңдумен болады. Қаған әулетінің жазасы - айыптының белін қайырып, омыртқасын үзіп өлтіру керек екен. Сөйтіп, бір күні Жошы аңға шыққанда қоршап алып, өлтірмек болады. Бала күнінен сан түрлі майданға қатысып әбден сайыпқыран болған Жошы ұрыс салып, оңайшылықпен қолға түспейді. Бірақ саны жағынан басым түсетін жау ақыры оны ұстап, бір қолын қылышпен шауып, сосын омыртқасын қайырып өлтіреді. Бұл кезде Шыңғыс қағанның ашуы тарқап, ұлын кешіріп, хабаршы жіберген екен. Шыңғыс хан жаушыға «Жошыны өлтірмесін, өлтіріп естірткен адамның кеңірдегіне қорғасын құям» деген екен. Бірақ жаушылар үлгермейді. Ол кезде Жошыны әлгілер өлтіріп тастаған. Ел ішіне «Аңшылықта жүргенде Жошыны ақсақ құлан теуіп өлтірді» деген қауесет таратады.
Бірақ енді бұлар Шыңғыс ханға өлімді қалай жеткізерін білмейді..
Сол кезде от ауызды, орақ тілді Кетбұға жырау «мен естіртемін» деп хан ордасына келеді. Келген бойда өзінің бір жаман түс көріп, көңілі шерлі болғанын, сол шерді тарқатуға келгенін айтады. Хан рұхсат берді дейді. Сонда Кебұға қолына домбырасын алып, зарлатып келіп тартады осы күйді. Күйдің бір жан тебірентер тұсына келгенде Шыңғыс хан «Мынау не деген зарлы күй еді, тап Жошым өлгендей жан дүнием құлазып барады» дейді. Сол кезде жұрттың бәрі «Жошы өліпті» деп дауыс шығарып жылай бастайды.
Сөйтіп Жошының өлімін сөзбен емес, күймен естіртіп, қағанның өз ауызынан «Жошы өліпті» деген сөз шыққан соң барып Кетбұға жырау былай деген екен дейді:
Уа, иеміз, Шыңғыс хан!
Домбыра не деп жырлайды,
Сарнап бір дауысын қырнайды,
Құлағың сал осыған...
Ақсақ құлан, қу құлан,
Қияннан қашқан ту құлан,
Қиырсыз құба далада,
Аңда жүрген балаңа
Кез болып бір қашыпты,
Белден белге асыпты.
Ақсақ құлан, Жошы хан,
Елсіз құба далада,
Қат-қат бұдыр салада,
Мекендеп өрген өрбісіп,
Ордалы құлан жосыған.
Қуып ақсақ құланды,
Мінгені тұлпар құнанды,
Ордалы үріккен құланға
Құйғытып ойнап қосылған,
Өлім деген Тәңір ісі,
Желіккен құлан әңгісі,
Құлан мен тұлпар еліккен,
Жосыған құлан желіккен,
Балаңды шайнап өлтіріп,
Жұлмалап, жалмап кетіпті
Ордалы құлан шошыған.
Жұрттың аузы бармаған,
Сөзді айтып жырлап зарлаған
Домбыраның балаңды
Естірткені осы, хан!
Өзгеге артпа жалаңды,
Еліктірген балаңды
Сол қу құлан, ту құлан,
Балаң өлді – Жошы хан!
Нансайшы, ханым, осыған!»
Сонда Шыңғыс хан «құлан теуіп өлтірді» деген жұбатуға иланған қалып танытқанымен,өз әмірімен ұлын өлтірткеніне қатты өкініп, еңкілдеп жылаған екен. Бірақ хан айтпайды, айтқанынан қайтпайды. Екі сөйлеген ханда қадір болмайды. Әуелде «естірткен адамның өңешіне қорғасын құям» деген серті бар. Сол сертті орындау үшін қаралы хабарды жеткізген домбыраның «көмекейіне» қорғасын құяды. Сөйтіп, домбыраның қақпағының алқым тұсында тесік пайда болыпты. Бірақ, өзі зардап шексе де, қасиетті домбыра адам өмірін сақтап қалды. Ал ханның Домбауыл деген құлы «жер бетінде бірде бір құлан қалдырмаймын» деп аяусыз қырып, сайын даланы қан сасытқан екен. Бірақ ханның қайғысын бұл да жеңілдете алмапты. Ол ас ішпей, ешкіммен тілдеспей жатып қалыпты. Сол кезде ел ішіндегі екі байдың арасында бір дау шығады. Кезінде дос болып жүргенде бірі ат басындай алтын сыйлаған екен. Енді басына күн туғанда әлгі сыйлығын қайтаруды сұрайды. Анау қайтарғысы келмейді. Осы оқиғаны Бөрте Шыңғыс ханға жеткізіп, «төрелігін сіз айтыңыз» дейді. Сонда Хан «Алған адам бере де білуі керек емес пе?», -дейді. Мұны естіген Бөрте «Хан ием, сен де Құдайдың берген ұлы – Жошыны алдың, енді қайтаруға келгенде неге сонша қапаланып, қайғырасың?» деген екен. Содан соң ғана Шыңғыс хан басын көтеріпті. Бірақ баланың қазасы мейлі ол хан болсын, қара болсын оңай тиген бе. Жарты жылдан соң әлемді билеген Шыңғыс хан да қайғысы жанын меңдеп, пәнимен қоштасқан екен...
Енді сол Жошының өлімін Шыңғыс ханға домбырамен естірткен Кетбұғаның «Ақсақ құлан» күйін шертейін.
Түркеш қалындағы домбырасының бұрауын келтіріп алып, күйді күңіренте бастағанда-ақ көз алдыңа кең жазира даладағы арпалыс келеді. Бұл - өмір мен өлімнің арасындағы жанталас. Бұл - әке мен баланың арасындағы өкініш... Жасы келсе де тақтан бас тарта алмаған, кеудеден жан шыққанша мынау ғаламға қожа болғысы келетін, билікке құныққан әкенің тіпті, өзге түгілі өз баласын да өлімге қиған қатігездігі... «Аспанда екі Күн болмайтыны сияқты, жерде де екі билеуші болуы мүмкін емес» деген таққұмар кәрі мен өз әлемін құрғысы келетін жастың тайталасы... Қапыда тап болған жаумен жаралы жолбарыстай арпалысқан Жошының жанталасы...
...Бірақ күйдегі осынау арпалыс, тайталас көз алдыңа адам мен түз тағысының да арасындағы текетіресті елестетеді.
... Кең медиен даланы жайлаған неше жүздеген құланның аңшының садағына ілінбеу үшін жанталаса жортып бара жатқаны. Аңға шыққан серіктерінен оқ бойы озып келе жатқан Жошы хан. Бір сәтте баласын қорғап қалмақ болған ақсақ құланның жауына қарсы шауып, ат үстінен теуіп құлатып, ханды шайнап тастағаны...
...Екі сурет. Бірінде ғаламның қожасы - әке өз ұлын билігі үшін қызғаныштан өлтіреді. Екіншісі, даланың ессіз тағысы баласы үшін өз басын ажалға тігіп, баласын қорғап қалады... Күйдің астарында екеуі де бар. Тыңдаушы отырғанның көңіліне қайсысы жақын... соны қабыл алады. Күйдің құдіреті де осында...
Түркеш күйді аза бойыңды қаза ететін қасіретке толы үнмен жан жүректі езілтіп барып тоқтатқанда, күйді тыңдап отырғандардың құйқа тамырлары шымырлап, Жошының қазасына өздері куә болғандай күйде еді...
Күйді ерекше ынтызарлықпен тыңдаған бірінен бірі озатын күйшілер Түркештің күй тартудағы шеберлігіне қатты тамсанды. Әрине, бұл күйді осында отырғандардың бәрі де тарта біледі. Бірақ дәл осылай орындай ала ма? Орындай алса да анау қос ішектен ұшқан дыбыс, жүректерді тебіренте ала ма? Не деген шеберлік! Қай-қайсысының да ойында осы болатын. Десе де бірінші болып ішікі ойын Әлекей күйші сыртқа шығарды.
- Түркеш төре, алдымен «Ақсақ құлан» күйінің тарихының саф ақиқатынан да, күйдің тартылудағы зәм-зәм судай мөлдірінен де қанығып, сусынымыз қанды. Сіздің «Ақсақ құлан» деген күйіңіз барын білуші едім. Кетбұғаның күйін сізден артық ешкім жеткізе алмайтын болар.
Әлекейдің сөзін Дәулеткерей де қолдады.
- Түркештің домбырасының үні де, құлақ күйі де бөлек екен. Үстіңгі ішектегі қоңыр үн қосылған кезде жүректегі шерді қозғады. Мұндай керемет орындауда алғаш естуім.
Дәулеткерейдің пікірін отырған жұрттың бәрі құптап бір желпініп қалды. Ал Көбейдің көкірегін ерекше бір мақтаныш сезімі кернеді. Өзі келістіріп күй тартпаса да осынша ғажап күйшілердің ортасында отырғанына-ақ бақытты еді... Сәлден кейін ешкім күтпеген оқыс оқиғаның осы ғажап сәттің тас-талқанын шығарарын қайдан білсін..
...Дәулеткерейдің пікірін отырған жұрттың бәрі құптап, бір желпініп қалды. Ал Көбейдің көкірегін ерекше бір мақтаныш сезімі кернеді. Өзі келістіріп күй тартпаса да осынша ғажап күйшілердің ортасында отырғанына-ақ бақытты еді... Сәлден кейін ешкім күтпеген оқыс оқиғаның осы ғажап көңіл күйінің тас-талқанын шығарарын қайдан білсін...
Бұл оқиға туралы күйшілер білген де жоқ. Дұрысы Көбей мүмкіндігінше ешкімнің білмеуі үшін барын салды. Басқа-басқа, дәл осылай болады деп кім ойлаған. Масқара болды. Енді мына жұртқа, күйшілерге мұны қалай түсіндірмек? Кімнен көреді? Қайдан табады? Көбей жігіттерін аяғынан тік тұрғызды. Қайткенде табу керек. Үнемі кереге басында тұратын, Байжұмадан қалған Дүрияның домбырасын кім ұрлауы мүмкін? Мына күйсайыс аяқталады. Жеңімпазға қасиетті домбыраны табыстау қажет болады. Сонда жұртқа не демек?
Көбей сенімді жігіттерді жинап алып, қалайда домбыраны табуды тапсырды.
Бұл кезде Қара бақсы жіберген тыңшылар да той қонақтарының арасында жүрген. Құпия тапсырмалары бар. Үш жүз үйге қызмет жасап жүрген мыңдаған адамның арасына еніп алған олар жұрттың не айтып не қойғанын бақылап, қолайлы сәтті күтуде еді.
Ал Қара бақсының өзі казак жасағы мен аздаған әскери адамдардан құралған отрядты қаруландырып, тыңшылардан хабар күту үстінде болатын.
Көбей қасына жігіттерін алып, қонысты екі рет аралап шықты. Бейтаныс, күдікті біреуді көріп қалам ба деген ойы еді. Бірақ одан ештеңе шықпады.
Сөйтіп күйсайыс өтіп жатқан үйге жақындай бергенде бір жас жігіт бұған жақындап келіп, алтын орай тоқтады. Мұны байқап қалған Көбейдің жігіттері оның жолын кесіп, кері ысырмақшы болғанда ана жігіт сыпайы үн қатты.
- Ақсақал, мені сізге өзіңіз білетін бір сенімді адам жіберді. Айтарым бар.
Көбей мына жігітті танымайды. Бірақ қанішер қарақшыға ұқсамайды.
- Жіберіңдер жігіттер!
- Рахмет ақсақал!
- Ал сөйле! Кім боласың? Қайдан келесің? Не шаруаң бар?
- Менің есімім Темір. Орынбор жағынан келдім. Сізге бір жанашырыңыз жіберді.
- Ол кім?
- Есімін айтпауымды өтінді.
- Өзі қайда?
- Өзі де осында...
- Онда неге өзі келмейді?
- Мені құпия жіберіп отырғанының себебі бар.
- Ол қандай себеп?
- Мына тойға келгендердің арасында құпия тапсырмамен келген тыңшылар бар...
- Ол қандай тапсырма?
- Олардың ең басты тапсырмасы ¬– қастандық ұйымдастыру.
- Қастандық?! Кімге?
- Айтуынша, жақында Ресей патшасы Александрдың таққа отыру тойына Санкт-Петербургға бара жатқан бір құрметті қонақ осы тойға түсіп аттанатын болады.
- Ол кім екен?
- Ол жағын білмедім, бірақ сол қонаққа жаңағы тыңшылар қастандық ұйымдастырмақшы.
- Оған менің қандай қатысым бар?
- Сол қастандықты сізге жауып, «патшаның сенімді адамына қасақана шабуыл жасалды» деген желеумен әскер алып келіп сізді қамауға алмақ көрінеді.
- Менде не ақылары бар екен?
- Олар сіздің Есет батырға жігіт қосқаныңызды және казақтардың шағын отрядын тұтқындап, Есет батырға жібергеніңізді жақсы біледі екен. Олар сізді тұтқындай алмаған жағдайда, өлтіруге бұйрық беріпті.
- Оларды тұтқындасам бейбіт жатқан еліме басып кірмек болғаны үшін тұтқындадым. Оған өкінер де, олардың қоқан лоққысынан қорқар да жайым жоқ.
- Бұдан да басқа бір екі жай бар.
- Тағы не?
- Сіздің қонысыңызда Орынбор түрмесінен қашқан Құрманғазы деген күйші бар екен.
- Оны қайдан білген бұлар?
- Айттым ғой, араларыңызда тыңшылары бар. Сол күйшіні ұстап әкетпек және сізге қылмыскерді жасырды деген айып тақпақшы.
- Ол менің құрметті қонағым. Менің үйімді өзге елдің патшасы неге билеуге тиіс? Ол елдің боданы емеспіз, бізге бұйрық беретін!
- Тағы бір мәселе – олар сізді мына жұртқа масқара етіп беделіңізді түсіру үшін сіздің үйдегі күйсайыс жеңімпазына берілетін домбыраны ұрлауы мүмкін.
- Белгілі болды... жаудың қайдан келгені.
- Мен айт дегеннің бәрін айттым.
- Сені жіберген адаммен қалай жолықсам болады?
- Сіздің айналаңызда тыңшылар жүргендіктен қазірше хабар-ошарды мен арқылы алып тұрасыз. Уақыты келгенде ол кісі сізге өзі келеді.
- Жарайды қарағым, дұшпанның жымысқы
әрекетінен хабардар еткеніңе рахмет.
Көбей жас жігітке рахметін айтып, артында тұрған қарауылға қайырылып «Мына жігітті үйге кіргізіп тамақтандырыңдар» дегенді айтып қайта бұрылғанында манағы жігіт жердің тесігіне түсіп кеткендей зым-зия жоқ болыпты...
***
... Күйсайыс қыза түсті. Дәулеткерей мен Түркештен кейін қай-қайсысының да арқасы қозып, қопаңдап отырған. Жастар жағы өздеріне кезектің қазір келмесін сезсе де тұлпараладың бәйгесінде делебесі қозатын жабағыдай тықыршып, көңілдері лепіріп, әр күйдің тартылу шеберлігіне тамсана қарап отырған.
Ұзақ күйші Түркештің күйшілік шеберлігіне жұрт тамсанып бола бергенде сөз бастады.
- Бөкей өңірінде шашасына шаң жұқпайтын дәулескер күйшілер Соқыр Есжан, Шеркеш, Жаппас, Байжұма, Байбақтылардың ізін басқан Баламайсаң күйші менің де ұстазым. «Кербез Ақ¬желең», «Ілме Ақжелең», «Қыз Ақ¬желең» сияқты Ақжелең күйлерін жас кезімізден құлағымызға құйып өсіп едік. Ақсақалды алдыға салмайық деп ізет қылдық. Енді Баламайсан күйшінің шертісін тыңдап шер тарқатайық.
Ұзақтың сөзінен кейін Баламайсаң күйші жылы жымиып, әңгімені әзілге сүйей бастады.
- Ойпырмай, мына Ұзақтың тілінің майдасын қайтерсің. Сұлтан мен төрені алға салып жіберіп, енді «Ақсақалды алдыға салмайық деп ізет қылдық» дейді. Сөз тапқанға қолқа жоқ. Онда қылған ізеттеріңді қабыл алып әңгімені күйдің тарихынан бастайын.
- Менің Мына Ұзаққа қалжыңдағаным болмаса, төре тұқымына еш зілім жоқ. Кезінде Жәңгір хан да ордасына шақырып, талай күй шертісіп едік. Жәңгірді әркім әрқилы айтқанымен, мен білетін Жәңгір қазақтың қамын ойлаған, өнерін қанына сіңірген адам еді. Оның атасы Абылайханның тек аты мәшһүр хан, даңқты қолбасшы ғана емес, мықты күйші болғанын көп жұрт біле бермейді. Мен сол Абылай ханның бір күйі туралы айтайын.
... «Ат басына күн туса, ауыздығымен су ішер, ер басына күн туса, етігімен су кешер» демекші, Абылайдың тұсында талай-талай ел басына күн туған заман болды ғой. Жоңғар шапқыншылығы кезінде
қарт Бөгембай атқа мінгенде қанжығалыдан Жантай, Үйсінбай, Арқандар атты ағайынды үш батыр соңына ерген екен.Бұлардың үшеуі де жолбарыстай қайратты, арыстандай айбатты ерлер еді. Бөгенбай батыр басшы боп, үш інісі қосшы боп дұшпанға тигенде жауы қоғадай жапырылады екен.
Сұрының сұсынан қарап «Қарабұжыр» атап кеткен Жантай батыр Абылай үшін қылыштың жүзі, найзаның ұшы, кере тартқан садақтың жебесіндей өткір, беткеұстар батыры еді. Жантайды жаудың өтіне жіберсе де алдаспандай қиып түсетін ерлігіне қарап Абылай хан «Елдің шетіне, желдің өтіне, жаудың бетіне тұтқан қорғаным, қайраулы қара қылышым!»,-дейді екен. Сол қанжығалы Қарабұжыр Жантай өзі тәрізді жаужүрек бес жүз сарбазымен жауға бетпе-бет келетін ең алдыңғы шепте соғысатын болса керек. Бір күндер болғанда Жантайдың інісі Арқандар көп қалмаққа аз сарбазбен барып соғысып, жау Арқандарды найзаға шаншып өлтіреді. Бұл хабарды естіген Жантай батыр қатты қаһарланып, «Не өлемін, не жаудың қанын ішіп, Арқандардың кегін қайтарамын!» – деп бес жүз қолымен жауға аттанады.
Жантай батырды он мың адамнан құралған үлкен қол қарсы алады. Олар тым көп еді. Жантай батырға қасындағылар «Батыр, мыналардың қарасы тым көп екен, қол жиып келейік» дегенде ашуы басылмаған көзсіз батыр «Жаудың санына қарап жанымызды аяп соғысар болсақ батырлығымыз қайда» деп қалың жауға қарсы шабады. Әр бір сарбазға жиырма жоңғардан келетін қанды қырғын басталады. Жантайдың бес жүз сарбазы күні бойы соғысып жаудың алдыңғы шептегі әскерін баудай түсіреді. Бірақ адам саны басым жоңғарлар әлсін-әлсін тың күш жіберіп, барын салады. Бір кездер болғанда інісі Үйсінбайға тиген жау қылышы оның қарынын жарып жібереді. Сонда да бір қолымен қарынын тасып бір қолымен жауымен айқасып жүріп «Жантай аға, қарын жарылса да тірі қалуға бол ма?» деп сұрайтын көрінеді. Ақыры саны басым жау Жантай батырды да өлтіреді. Бірақ жау қазақтың бесжүз адамымен соғысам деп қырылып, аз ғана адамы қалып, «бұл жеңіс болмады, жеңіліс болды» деп қайтады.
Жан серігі Жантайдың қазасына Абылай хан қапаланып, «Тасқа шапса кетілмейтін қайраулы қара қылышым-ай!» деп қатты қайғырған екен. Ал Жантайдың жауға шабатын торы атының құйрығын кесіп, тұлдап қоя береді.
...Сөйтіп Абылай батырының кегін қайтару үшін үлкен қол жиып жорыққа аттануға дайындалып жатады. Бір уақытта тура хан отырған шатырға қарай дүбірлетіп шауып келе жатқан аттың тұяғының дыбысы шығады. Хан шатырына қарай ешкімнің атой салып келмейтіні белгілі, жұрт елеңдесіп қалады. Сыртқа шықса, әлгі дүбірлетіп шауып келген Жантай батырдың торы аты екен дейді. Сонда Абылай хан «Қайран ерім-ай, сенің орының бөлек еді-ау. Елің емес, ат екеш мына ат та сенсіз жетімсіреп қалған екен-ау деп көзіне жас алып, осы күйді тартқан екен. Содан бері бұл күй Абылай ханның «Жетім торы» күйі деп аталып кетіпті.
...Баламайсан әңгімені аяқтағанын білдіріп, сәл үнсіз қалды да, сосын иығындағы желең жамылған шапанын бір түзеп алып, домбырасын қолға алып, күйді бастап кетті.
Баламайсанның домбыра сағасында жеңіл қозғалған салалы саусақтары әр пернені басқан сайын Жантай батырдың жауына өрттей тиген сұсын сезінесің. Оның арыстандай айбаты, қайтпас қайсарлығы көз алдыңа келеді. Дүбірлеген мың аттың алдында Жантайдың торысы. Мынау қазақтың ұлы даласын жаудың арам аяғына таптатпаймыз деген есіл ерлер жанын шүберекке түйіп, қан майданға араласты әне. Осы тұста күй жігерлене серпіліп, рухы көкке өрлейді. Анау жерде қаһарына мінген қарт Бөгенбай жауына жасындай тиіп, алмас қылышымен қарсы келген дұшпанның басын допша домалатып, жау шебін қақ жарып алға бастап барады. Қазақтың иненің көзіндей де жерін жауға беруді ар ісі санаған анасы ұл деп тауып қалжа жеген әр ұланы тек алға ұмтылады. Әне... ана жерде Жантай батыр қазақтың намысы, ұлт қамы, ұлтарақтай жері үшін жан алып жан беруде. Әттең құлады батыр... құлады. Сорлы торы жетім қалды... Қанша батырдың жаны пида болды. Қанша батырдың жан серігі тұлпарының құйрығы кесіліп құнтиып, тұлданды... Қанша ана ұлынан айырылып аңырап қалды. Қанша бала жетім қалды... Бірақ Отанын, Атамекенін жауға берген жоқ! Сен де бақилықсың, Жантай батырым! Бірақ Отаның азат, елің аман! Сен тәрізді сан мыңдаған батырлардың қаны сіңген мына кең даланың топырағына! Сондықтан да ол қасиетті! Сондықтан да ол киелі! Қош бол батырым! Бейшара жетім торы, сағындың -ау иеңді... Мен де сағындым! Есіл ерім ай! Бақыл бол!.
...Міне күй осылай деп бебеулейді. Осылай деп сыр шертеді. Осылай деп мұң шағады. Бұл халқының қамын ойлаған ханның толғанысы...
Баламайсан осылай шарықтатып барып күйді аяқтаған кезде осынша керемет орындаудан терең ойға еніп кеткен жұрт есін жия алмай біраз үнсіз қалды.
Әңгімені әдеттегідей Дәулеткерей сұлтан бастады.
- Паһ, шіркін! Баламайсан ағамыз бабында-ақ екен! Мына күй адамның қанын бұлқынтып, алпыс екі тамырға жайылғанда бойыңа жігер, дірмәніңе қуат беретін сиқырлы сырға толы екен. Күй тартсаң осылай тарт!
Оның бұл сөзін Құрманғазы қостады.
- Ақсақал мен Абылайханның «Жетім торысын» қанша жерден естіп жүрсем де дәл осындай жігерлі әлі жан баурайтын шеберлікпен орындалуын естуім осы. Мынау нағыз бәйгіні шаппай беретін күй болды.
Құрманғазының сөзін жымия тыңдаған Баламайсан әңгімеге өзі араласты.
- Құрманғазы, сен де Жайықтың екі бетіне атың шыққан күйшісің ғой... Күйшінің арманы бәйгі емес. Өзіңмен тең түспесе де, кем түспейтін күйшімен үзеңгі қағыстырып, бір сайысқа түскеннің өзі ғанибет емес пе? Мына жерде отырған күйшінің қаражаяуы жоқ. Кейде япыр-ай біз өткен соң осы домбыраның қасиетіне жетер ұрпақ болар ма екен деп шерленуші едім. Оным бекер екен. Бүгін қазақтың қара домбырасының ешқашан өлмейтініне көзім жетті...
Баламайсан әңгімесін аяқтап, домбырасын іргеге сүйей бергенде даладан шу шықты...
Баламайсан әңгімесін аяқтап, домбырасын іргеге сүйей бергенде даладан шу шықты...
- Мені жіберіңіздер, мен де күй сайысқа қатысқым келеді!
- Күйсайыс баяғыда басталып кеткен, ол жерде аты белгілі дәулескер күйшілер отыр, күй тартылып жатқанда кіруге болмайды.
- Мұндай күйсайыс енді болмайды. Мен қайтсем де кіруім керек.
Сырттан жеткен дауыстан түсінікті болғаны бір жас бала ішке енгісі келеді, бірақ оны сырттағы қарауыл жігіттер баласынып, жібермей жатқанға ұқсайды. Сырттағы у-шуды естіген Алқа лып етіп сыртқа шығып кетті. Бір уақытта қасына көзі шоқтай жанған баланы ертіп кірді. Қолына үкілі домбыра ұстаған қарадомалақ баланы алқақотан отырған күйшілерге Алқаның өзі таныстырды.
- Ақсақалдар, ағалар, бұл осы ауылдың баласы, Байжұма күйшінің ізін жалғаушы Сүгірәлі деген жеткіншек. Күйші боламын деген талабы зор.
Баланы Құрманғазы да бірден таныды.
- Иә, Сүгірәлі жақсы танимын, талапты бала. Өткенде күйсайысқа келіп дәулескер күйшілердің өнегесін көрсін деп мен шақырған едім.
Күйшілердің сайысына ағалық етіп отырған Ұзақ басын изеп, «келсе келсін» деген ишара жасады. Қуанып кеткен Сүгірәлі Алқаның қасына тізе бүкті.
Мына балаға көңілдері сәл ғана бөлінгенімен үй ішіндегілер Баламайсан күйшінің «Жетім торы» күйінен кейін ой үстінде еді.
Үзіліп қалған ойды Көкбала күйші жалғады.
- Баламайсан күйшінің атына сыртынан қанық едік. Бүгін көзбен көріп, құлақпен естіп, домбыраның үнін мың құбылтатын осынша керемет шеберлігіне тамсанып отырмын. Оның үстіне Абылай ханның қазақтың басын қосқан, жауынан азат еткен ер екенін білсек те осынша ғажап күйші екенін бірінші естуім.
Баламайсан Көкбалаға қарап, оның білместігін мойындай алатын жасқа тән албырттығына бір сүйсініп алып сөзді Абылай ханның күйшілігі жағына қарай бұрды.
- Қарағым, патша залым болса, жұрт тозады, патша ғалым болса, жұрт озады дейді екен бұрынғылар. Тек қана билікке, байлыққа құныққан, халқының рухани дүниесінен қол үзіп қалған хан - халқынан алшақтап кетеді. Ханның айналасын қарашасы емес, өзі сияқты билікқұмарлар мен байлыққа құныққандар, жағымпаздар жайлайды. Абылай шолжаң өскен көп төренің бірі емес, әсілі. Ол бала күнінде «ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламада» жетім қалып, үйсін Төле бидің қолында малын баққан. Аш-жалаңаш, жүдеген, шашы өсіп кеткен жетім баланың түріне қарап Төле би оны «Сабалақ» деп атаған екен. Өзінің азан шақырылып қойған аты Әбілмансұр. «Жемісті ағаш жер бауырлап өседі, жетелі жігіт ел бауырлап өседі» дегендей, тумысынан зерек Әбілмансұр халыққа жақын болып ержетсе керек. Төле би алғыр Абылайға өз бойындағы даналығын, ақылы мен парасатын дарыта тәрбие береді.
... Бұл жоңғар қалмақтары әрқайсысы он мың жауынгері бар жеті қолмен қазақты шауып, қалмақ ханы Қалдан Сереннің қазақтың жерін қан сасытқан бір зар заман еді. Сонда тұтқиылдан келген жауға қарсы тұрып, жүз мыңға жуық қазақ сарбазы шейіт болыпты. Жаудың қазақты тоз-тозын етуіне сол баяғы өзіміздің ел ішіндегі ауызбірліктің болмауы үлкен себеп болған ол заманда да. Жау бір демде елді жапырақтай жайпап, туған жерінен тықсыра қуып шығады. Ұлы жүз, Орта жүздің шағын бөлігі Сырға Шыршық құятын тұстан сәл жоғары өткелден өтіп, Ходжент, Самарқанға қарай ағылады. Кіші жүз Сауран қаласын айналып, Бұқараға бас сауғалайды. Шұбырған халықтың басым көпшілігі Сырдан өтіп, Алқакөлге жетіп құлайды. Кейбір тайпа-рулар Қызылқұм, Қарақұм ішіне сіңіп кетеді. Міне, осы кез еді халықтың жүрегі ащы зар мен ауыр мұңға толып «Елім-ай!» деп зарлаған кезі.
...Жау жағадан алғанда бөрі етектен деп қазақ бекер айтпаған. Жоңғар елді шауып жатқанда қазақ жеріне енді бір шетінен Еділ қалмақтары, екінші жағынан Жайықтың казак-орысы, Орал башқұрттары, Қоқан бектері, Бұқар мен Хиуа хандары тұс-тұстан шабуыл жасап, одан әрі тоз-тозын шығарады. Егер ауызбірлік болмаса, қай заманда да осылай жау жан-жақтан анталап, жеріңді лақтың терісіндей көкбарға салып, бөліп алары хақ. Елді ері қорғайды. Сол заманда Құдай қазаққа Бөгенбай, Қабанбай, Саурық, Жәнібек, Малайсары, Хангелді мен Райымбек, Шақшақ Жәнібек, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбай, басқа да әрқайсысы бір қолға татитын батырлары мен Абылай мен Әбілқайырдай хандарын берді. Қалың елім қазағым жоңғарларға қарсы майдан ашып, Бұланты мен Бөленті өзендерінің жағасында, Аңырақай даласында дұшпанның қабырғасын қақыратты, кеудесінен жанын, иығынан басын алды.
«Ханда қадір болмаса, қарада ұят болмайды» деген бар. Елі үшін күреспеген ханда қандай қадір болады. Бүгінде ханнан қадір кетті. Соны пайдаланып, Ресей патшасы мінеки, ханымыздан айырып, қаптатып сұлтан сайлап қойды. Елімізді түтіп жемекке ентелеп еніп келеді. Тағы бір алқакөл сұлама халық басына төне ме деген қауіпім бар...
...Баламайсанның мына әңгімесінен кейін Дәулеткерей сұлтаннан бастап бәрі де тұнжырап, мынау ел басына төніп келе жатқан зұлматқа қалай қарсы тұруды ойлап тұнжырап қалып еді.
Тыныштықты Ұзақ күйші бұзды.
- Ақсақалдар, елдің әңгімесін күйдің тарихына жалғай отырайық. Елдің рухы көтерілмесе, қарсы келген жауына қасқайып тұра алмайды. «Үлгісізден би қойсаң, үлгісі болмайды, қаһарсыздан хан қойсаң, өсиеті болмайды» дегендей, Баламайсан күйші Абылайдың қаһарлы хан болғанынан бөлек, елінің рухын көкке өрлеткен күйші болғанын да айтқысы келіп отырса керек. Мына жұрт біле бермейді Абылай ханның «Шаңды жорық» деген күйі бар. Бұл сол шапқыншылықта ержүрек Баян батыр қаза тапқан кезде батыры үшін қатты қайғырып тартқан күйі екен. Абылайдың Еділ бойындағы қалмақтарға қарсы жорыққа аттанғанда тартқан «Қоржынқақпай» күйі, одан өзге «Қара жорға», «Садақ қақпай», «Майда жал», «Алабайрақ», «Бұлан жігіт», «Ақ толқын»», «Дүние қалды», «Қайран елім», «Сары бура» деген күйлері адамның жігерін жаниды, рухтандырады, жан дүниеңді баурап алады.
Ұзақтың Абылай күйлері туралы ерекше арқаланып айтқан әңгімесі жұртты бір серпілтіп тастады. Ханның осынша күйі барын білмейтін Дәулеткерейдің өзі кәдімгідей таңғалып, Әлікей төреге қарата сөз бастады.
- Ойпырмай, мына Ұзақтың тілі ғана ұзын ба десем, білері бізден де көп екен. Әлікей төре, сізді білмеймін, өзім бабамыз Абылай ханның осынша күйі барын білмеген екенмін. Ұзақ бір істі бастама, бастаған соң орта жолда тастама демекші, байқаймын Абылай атамыздың мұрасынан көп хабардар екенсің, осы бастаған әңгімеңді аяғына жеткізсін деп күйсайыс кезегін өзіңе бергелі отырмыз. Абылайдың күйлерінің тарихынан тағы да қанықтыра түс, жүрген жерімізде айта жүрейік.
Дәулеткерейдің бұл сөзіне риза кейіп танытқан Ұзақ күйші, сұлтанды өткір һәм отты тілінің жалынымен мен бір шарпып өтті.
- Хан білмегенді қара білсе, ақылы асқандығы болар, қара білгенді хан білмесе не болар? Қараның сөзін халқыма айта жүрем деген сұлтаннан білгенімізді аяйық па, айтсам айтып берейін.
... Абылай ханның тұсында қазақ жауынан кегін қайтарып, ынтымағы артып, айбаты артқан елге айналды. Қытаймен де, Ресеймен де басқа көрші мемлекеттермен де мәміле құрып, кеше тоз-тозы шыққан елдің беделі артты. Сөйтіп, жаумен арпалысып жүргенде біраз өмірі өтті. Бір күндер болғанда Шымкент, Сайрам, Тәшкент, Қоқан, Бұхара, Үргеніш жағындағы қазақтарды көршіге көзтүрткі етпей, азат отыруын ойлаған Абылайхан барлық батырларына хабар беріп, Түркістан қаласында кездесуге сөз байласады. Абылай хан қалың қосынымен Самарқанға бет алғанда жолындағы Жиренше шешеннің жеңгесі Жұпардың қорымына келгенде сол жерге аялдайды. Әсте Абылай ханның өзі қасиет қонған адам болған соң ол аруақты мекендерді аттап өтпей, зиярат қылып жүреді екен. Бұл жолы да осы әулиені басына түнеп шығуды ұйғарады. Сөйтеді де, әрі ақылшысы, әрі хан бетіне шындықты еркін айта алатын кеңесшісі Бұқар жырауға «Сенің әулиелігің бар еді ғой, үлкен жорыққа шығып бара жатырмыз, ата-бабаның қолдауы болып аян алып жатсаң айтарсың» дейді. Бұқар жырау «әулие қарашаға берген аянды ханға да берер, өзің де болжай жат» депті.
...Сол күні түнде Абылай хан түс көреді. Түсінде шатырының алдына бір жолбарыс сұлап жатыр екен. Ойпыр-ай, тапа-тал түсте шатырымның алдында жатқан бұл не қылған жолбарыс деп жақсылап қараса, о тоба, әлгі жолбарыс аюға айналып кетіпті. Абылай хан жаңа ғана ұзынынан түсіп жатқан жолбарыс қалай лезде аю болып кетті деп қайта қараса, аю дегені көкжал қасқырға айналған екен. Мына ғажайыпқа таңқалған Абылай көкжалға жақындай берсе... ол лып етіп түлкіге айналады. Сөйтіп, көзді ашып жұмғанша түлкі қоянға айналғанда Абылай шошып оянады.
Мына түстің тегін емесін білген Абылай хан Бұқар жырауға жорытты дейді. Сонда хан сөзінен ықпайтын, көңілге қарап бұқпайтын турашыл мінезімен Абылайдың түсін жырау былай деп жорыпты.
– Хан шатырының алдына сұлап жатқан жолбарыс – өзің боларсың. Сен айбатыңнан дұшпаның ыққан, жауыңмен жолбарыстай арпалысқан ер едің. Сұлап жатқаның - дәм-тұзың таусылып, пәниден бақиға өтер күн жақын қалғанын білдірсе керек. Ал жолбарыстың аюға айналғаны – сенен кейінгі ұрпағың айналасындағы жауымен аюша арпалысып өтер. Аюдың қасқырға айналғаны – аюдай ақырған ұрпағынан бір-бірін бөрідей талайтын ұрпақ тарар. Сол бөрінің түлкіге айналғаны – одан арыдағы ұрпағың бөрі құрлы да айбаты қалмай, түлкібұлаңмен тірлік кешер. Одан кейінгі ұрпағың қоянша қорғалап, басын сауғалап күн кешетін заман туар.
Абылай хан түсінің тегін емесін сезсе де, осындай болар деп ойламаған екен. Дәл үлкен жорық алдында мұндай аян алғанын көңіліне күдік ұялатып Бұқар жыраудың не түс көргенін сұрайды. Сонда Бұқар жырау «Мен көргенімді айтсам, күннің көзі, жердің жүзіндегі әулиелер «Абылай хан өлді, соның жаназасын шығарысуға Түркістанға бара жатырмыз!» деп құмдай құйылып, жындай жиылып жүр екен. Енді аманыңда қайтқаннан басқа жол жоқ! – деген екен.
Абылай хан Түркістанға жиналған қалық қолды еліне қайтарып, Самарқанға елші жөнелтіп, «соғыспақ ниетім жоқ еді, әулиелерге зиярат қыла келдім, елдің қадірлі қарттары қонаққа келсін» деп сәлем айтқызады.
Балалық он жасыңыз,
Балғын өскен құрақтай.
Жиырма деген жасыңыз,
Ағып жатқан бұлақтай.
Отыз деген жасыңыз,
Жарда ойнаған лақтай.
Қырық деген жасыңыз,
Ерттеулі тұрған құр аттай.
Елу дегён жасыңыз,
Ол да бір үлкен бел екен.
Алпыс деген жасыңыз,
Қайғы, мұңды шөл екен.
Жетпіс деген жасыңыз,
Жетім қалған күн екен.
Сексен деген жасыңыз,
Қараңғы тұман түн екен.
Тоқсан деген жасыңыз,
Ажалға таяу маң екен, - деп Бұқар жырау айтқандай, Абылай Бұқар жыраудай жүзге келмесе де жетпісінде-ақ мынау өтпелі жалған туралы көбірек ойланып, домбырасын құшақтап, күй толғап отырады екен. ...Мынау арыстандай айбатты Абылайдың әлгі аян түсті еске алып, келер ұрпағының тағдырына алаңдап, қайғырып отырып тартқан «Дүние қалды» деген күйі екен...
...Ұзақ күйші алдымен домбырасының құлағын сәл бұрап, күйін келтіріп алды да төгіп-төгіп жіберді. Зар мен запыранға толы бұл күйде Абылайдың ақтабан шұбырынды алқакөл сұламада жетім қалып аш жалаңа жүрген қасіреті жатыр... Домбыра «Әттең дүние! Ата-анамнан айырып, қанатымнан қайырып жетім еткен сұм заман! Отанымды жау алып, орманымды өрт шалып, тоз-тоз қылған қу заман! Кәрі тұрып жас кеткен, екі иықтан бас кеткен тұл заман! Балалық шағым қайда менің?» деп зарлайтындай...
... Бір сәтте күй күңірене тербегенде жан-жақтан анталап қазақтың қанын судай шашқан жау мен елім-айлап зеңіп бара жатқан қаралы көш келеді көз алдыңа. Елінен, жерінен, азаматынан айырылған жұрттың аңыраған дауысы, қаңыраған даланың қан сасыған бейнесі елес береді....
.... Осы сәтте күй жігерлене өрлеп, бір атой салған дүбірге ұласады. Бұл - қазақтың батырлары! Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай... қазақтың бүкіл арыстандары! Бір Алладан медет сұрап, ата-баба аруағынан рух алып атайлап жауға шауып барады әнеки! Аруақ! Аруақ!
...Тарыдай шашырап, жоқ болып бара жатқан қазақты қайта жиды сол батырлар! Жазықсыз жандар мен жауқазындай бүлдіршіндерді найзаға шанышқан, екіқабат әйелдердің қарынын жарған сұм жаудың өз қанына өзін тұншықтырып, жерді, елді азат етті сол батырлар! Бастарын бәйгеге тікті! Өздерінің өмірі үшін қорыққан жоқ, халқының жойылып кетуінен қорықты. Отансыз, жерсіз, елсіз қалудан қорықты. Сол үшін жандарын шүберекке түйіп жауға шапты. Түнде ұйықтамады, күндіз күлмеді. Жауын жеңбей аттан түспеді. Осылай өтті олардың өмірі.
...Күй осы тұсқа келгенде сәл төмендеп, мамырлап барып қайта көтеріледі. Жігерлендіреді. Қайраттандырады. Қайрайды. Домбыраға тіл бітіп, Абылайдың дауысымен саған «Енді сол елге, жерге ие бол! Айналаң толған жау! Жерің үшін басыңды бәйгеге тік! Ынтымағың, бірлігің болмаса, өз жеріңде өзің құлға айналасың. Жерің сенің - Арың! Жерің сенің - Бағың! Жерің сенің – Болашағың. Жерің сенің – Отаның! Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама қайтып келіп, қазағың тоз- тоз болып босып кетпесін десең - Отаныңды қорға! Менен қалған өсиет осы!» деп жатқандай. Күй осылай деп бебеу қағып, жер, ел үшін жанын пида еткен аруақтардың жан дүниесіндегі ең үлкен мақсат мұратын жеткізіп жатқандай...
Әділбек Қаба
(Жалғасы бар)