ШЕЖІРЕ – ҰЛТ ТҰТАСТЫҒЫНЫҢ НЕГІЗІ

Наурыз айында бір жұмыстармен Астана қаласына іс-сапарға шықтым. Билетімізді көрсетіп, пойызға міндік, жолсеріктің сілтеуімен купеге келіп орналастым. Купедегі серіктерім орта жастағы бір келіншек пен жас жігіт болып шықты.
Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше - деген емес пе, аты-жөнімізді айтып, танысып алдық. Қазақы дағды бойынша қай жақсы боласың? – деп, жөн сұрасып жатырмыз.
– Кіші жүз, Шөмекей деген ел боламыз, – дедім мен.
–Ааа, дұрыс, Әлімұлы екенсіздер ғой, – десті олар.
–Жоқ, Әлімұлы емеспін, Шөмекеймін.
– Шөмекей деген сол Әлімұлы емес пе?!
–Жоқ, негізі Әлім, Шөмен деген бір атаның балалары, кейін екеуі екі рулы елге айналған. Әлім деген ол үлкен бір тайпа ел, ал, Шөмекей бөлек, – деймін мен түсіндіруге тырысып.
–Жооқ, олай емес шығар аға, міне, менде шежіре бар, қараңыз,– деді де, жолсерігім көлемі кішігірім кітаптай болатын қалта телефонының бетінен реттік сызба түрінде түсірілген қазақ шежіресін көрсетті. Әлгі шежіреде үш Жүзді тарқатып, одан әрі кіші жүзге келіп, расында Шөмекейді Әлімнің бір баласы етіп қойыпты...
Осындай әңгімелерді осымен бірнеше рет есітіп отырмын. Ертеректе бір кісілермен жөн сұрасқанымызда ол кісілер де дәл осы әңгімені айтқан еді.
Әрине, оларды кінәлауға да болмайды, мәселе мына шежірені жазып отырған «данышпандарда» болып тұр ғой... Енді міне, руға байланысты жаңсақ әңгіме тағы алдымнан шықты. Амал жоқ, кезінде әлгі кісілерге қазақ шежіресінің жайын түсіндіргенімді мына жолсеріктеріме де қайталауыма тура келді...
Қолға қалам алуға осы бір жайттар себеп болды. Расында осылардың айтып жүргені дұрыс болып, осы мен қателесіп жүргенім жоқ па деген оймен үйге келгесін сөредегі қазақ шежіресі жайлы жазылған кітаптарды ақтардым. Өзім кезінде көнекөз қариялардан жазып алған шежіре дәптеріме де көз жүгірттім. Осы тақырыптағы кітапханадағы кітаптарды бір шолып шықтым.
Жоқ, менің пайымдарым дұрыс екен, тек Сейіт Кенжеахметұлының 2007 жылы Алматы қаласынан басылып шыққан «Жеті қазына» деп аталатын кітабында және аты-жөні оқырманға танымал емес, бірнеше авторлардың биттің қабығындай кітаптарында Кіші жүз тайпаларына Әлімұлы, Байұлы, Жетіруды жатқызған екен. Яғни, Шөмекейді Әлімнің бір баласы етіп, сол тайпаның ішіне кіргізіп жіберген.
Қазір осындай шала-шарпы, әркімнің аузынан естігендерін құрастырып шежіре жазғыштар көбейді. Бір өкініштісі, олар өздері білмегенімен тұрмай, жұртты шатастырып жүр. Әлгі жоғарыдағы жайлар осындай шикі шежіренің нәтижесі. Әрине, кейінгі ұрпағы өзінің жеті атасын, шыққан тегін біліп жүрсін деген оймен әркім өз ата-тегінің шежіресін жазып қалдырғысы келетін шығар. Бірақ, менің байқағаным, шежірені жазғанда әркім өз білгенінше жазатын сияқты. Сонымен бірге өз руын, тайпасын дәріптеп көрсетуге тырысады. Байыппен қарасақ шежіре дегеніміз де ғылым. Сондықтан шежірені жазғанда немесе айтқанда оның бір ғылыми негізі болуы керек.
Шежірені – бұрын жазба тарихы болмаған, көшпелі қазақ халқының тұрмыстық тіршілігіне негіздеп, қоғамдық сана-сезімнен туған, бір буынның екінші буынға, атадан балаға, үлкенен кішіге ауысып, жұртшылық құлағына сіңген тарихы, халық естелігі деуге болады. Шежіренің бір саласы қазақ халқының ата тегін сонау пайғамбарлар заманынан бастайды. Орта Азиядағы көп халықтарды, тіпті Арабстан мен Еуропаның шығысындағы халықтарды да қазақпен нәсілдес, туысқан деп көрсетеді. Тағы бір саласы қазақтан бастайды. Мұнда қазақ халқы – қазақ деген бір адамның ұрпағы деп көрсетіледі.
«Қазақ» деген атаудың шығуының да алуан түрлі нұсқалары бар. Әрине, олардың бәрі шындыққа жанаса бермейді. Жалпы «қазақ деген атау мынадан шыққан» деп ешкім ғылыми тұрғыда дөп басып, атап көрсете алмайды. Ұлтымыздың шығу тарихын ғылыми тұрғыдан зерттеп, тап басып дәлелдеген кітаптар енді шықпаса мен осы уақытқа дейін кездестірген емеспін. Бүгінге дейін айтылып, жазылып келе жатқандар тек аңыз, әфсаналар негізінде ғана тұжырымдалған болжамдар.
Ал, шежіренің негізгі нұсқасы - Шоқан Уәлихановтың, орыс ғалымы, этнограф Н.А.Аристовтың, П.П.Румянцевтің басшылығымен Жетісу облысының Лепсі, Қапал, Жаркент, Верный уездері шаруашылықтарын тексерген кезде 1911-1913 жылдарда Ташкентте басылып шыққан материалдарда, этнографиялық карталармен бірге берілген шежірелер. Олар: Шежіреші Мұхаметжан Тынышпаевтың, Шәкәрім Құдайбердиевтің, Сыр бойынан шыққан халық ақыны, (1814-1916) Кіші жүз, алшын әлім Қарасақал Көлдейбекұлы Ерімбеттің, Кіші жүз, алшын шөмекей Тоқа Шантаевтың (1846-1927), молда Иманның, Кіші жүз, алшын төртқара Бержанов Өтепбергеннің, сондай-ақ Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы халық ауыз әдебиетін жинаушы қайраткер Кіші жүз, алшын, шөмекей қаратамыр Қайнарбаев Әлқуаттың (1898-1978) шежірелері.
Бұл жерде бір ерекше ескеретін жай бар. Қазақ шежіресіне байланысты жазбаларда, «Қазақ совет энциклопедиясында» Кіші жүз шежіресінің бастамасы халық ұғымына қайшы, теріс беріліп келген. Ол қателіктің жіберілу себебі тарихшы-этнограф Н.А.Аристовтың 1896 жылы Петербургта «Живая старина» жинағының үшінші, төртінші шығарылымында жарияланған «Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведение об их численности» деген еңбегінде Кіші жүз шежіресін тарихи тұрғыдан дұрыс көрсетіп бере алмауы. Онда Кіші жүздің негізгі рулары «әлімұлі, байұлы, оларға қосымша жетіру» деген.
Бұл қате үлгіні Аристов Шоқанның қолжазбаларынан алғанға ұқсайды. (Валиханов Ч.Ч. Собр. Соч. В 5-ти т. Алма-Ата, 1961.т.1, с.206) Әрине, бұл Шоқанның әлі талдап, үлгермеген, нақтыланбаған жазбалары болуы мүмкін.
Шоқан мен Аристовтан кейінгі орыс тарихшылары мен қазақ шежірешілерінің көпшілігі осы теріс схеманы пайдаланумен келеді. Ал, қазақ шежіресінің негізгі қайнары Қарасақал Ерімбет, Мұхаметжан Тынышпаев пен Әлқуат Қайнарбаевтың қалдырған жазбаларындағы шежірелер біршама шындыққа саятын ғылыми тұрғыда берілген. (Серғали Толыбеков. «Қазақ шежіресі»)
Қазақ шежіресінің қайсысы болса да қазақтың түп атасы Анас деген адам дейді. Мәлікұлы Анас 592-712 жылдар аралығында 120 жыл өмір сүрген Мұхаммед пайғамбардың саһаба балаларының бірі. Қабірі Ирактың Оңтүстігінде Басра қаласында делінген. Мұхаммед пайғамбар 570 жылы Меккеде туып, 632 жылы Мединада дүниеден өткен. Мұсылман дінін жариялап, Меккеден Мединаға жер ауып көшкен жыл, 622 жылды мұсылмандар «хиджыра» дейді. «Хиджыра» мұсылмандық заманның бірінші жылы болып есептеледі. Бұл Халиф Омардың 637 жылы шығарған заңына байланысты. Мұсылман заманының бірінші күні – «Мұхарамма» 622 жылдың 16 шілдесі күніне тура келеді.
М. Тынышпаев шежіресінде араб тарихшысы Махмуд Бағдидың жазуынша («Тоарих Түрік кітабы», 151-бетте, 14-бөлім, Газауат) Анастың әкесі Гағаша (Мәлік) соғыста өліп, сүйегі Түркістан маңында жерленген. Енді тарих ғылымдарының докторы, профессор Хамит Мадановтың жетекшілігімен шыққан белгілі ғалым Серғали Толыбековтың зерттеулері бойынша шежірені Анастан әрі қарай тарқатып көрейік.
Анастан – Жабыл – Мағыз – Шайл.
Шайлдың үшінші әйелі Ақшолпаннан Жайылхан, Құрай туады. Жайылханнан Майқы би, Мүйтен туады. («Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген осы бабамыздың ел бірлігін ту еткен кемеңгерлігіне байланысты айтылған) Майқыдан Өзбек, Жаһан, Сыбан деген үш бала туады. Жаһаннан Айырқалпақ, Келмек (Қырғыз) деген екі бала туады. Айырқалпақтан Қазақ, Созақ (Қарақалпақ) туады.
Қазақтан Алаш, Наурыз туады. Наурыз жастай ерте өліп кеткен. Оны есте сақтау үшін бауырлары күн мен түннің теңелетін мезгілі 22 наурызда мал сойып, құрбандық шалып, көже істеп, құдайы беретін болған.
Қазақтың шығуы шежірде осылай берілген. Ал, енді үш жүз қалай тарайды, соған назар салайық.
Алаштан Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс деген үш бала туады. Яғни, Ақарыс – үлкені, Жанарыс – ортаншысы, Бекарыс – кішісі. Ал, бұлардың қалай жүз атанғаны жайлы да аңыздар түрлі нұсқаларда айтылады. Жүз болып қалай болғанда да өзінің ретіне, жасына қарай аталғаны белгілі. Яғни, Ақарыс – Ұлы жүз, Жанарыс – Орта жүз, Бекарыс – Кіші жүз.
Ұлы жүзден тарайтын негізгі ірі рулар: Үйсін, Дулат, Албан, Суан, Шапырашты, Ошақты, Ысты, Қаңлы, Жалайыр.
Орта жүзден тарайтын негізгі рулар: Арғын, Қыпшақ, Тобықты, Найман, Уақ, Керей, Қоңырат. Бұл жерде ірі рулар Қыпшақ төртке, Қоңырат екіге бөлінеді. Қара қыпшақ, Құлан қыпшақ, Сары қыпшақ, Қынай қыпшақ. Қоңырат Көтенші, Көктіңұлы.
Кіші жүз – Бекарыстан Арғымақ, Алау батыр деген екі бала туады.
Үлкені Арғымақтан Жетіру тарайды. Бұлар Тама, Табын, Керейт, Кердері, Телеу, Жағалбайлы, Рамадан.
Алаудан – Алшын Баһадүр балуан, Алшыннан – Құдуар тентек туады.
Сырдың саңлақ шайыры Тұрмағамбеттің:
Ат есімім Тұрмағамбет, асылым Алшын,
Баласы Байсарының Шөмен едім,
Байтақтан басып озып, бәйге алуға,
Көңілдің кер бедеуін төбеледім... – деген жырымен өзінің шыққан тегінің Алшын екенін аңғартады.
Құдуардан Қыдырқожа, Қадырқожа деген екі бала тарайды. Бұларды ел ішінде «Қос қожа» деп те атаған.
Енді әрі қарай сабақтасақ былай болады: Қыдырқожа он екі ата байұлы. Бұлар: Алаша, Алтын, Жапбас, Беріш, Адай, Байбақты, Ыссық, Серкеш, Есентемір, Қызылқұрт, Масқарт, Таздар.
Қадырқожадан Байсары, Әлім, Шөмен деген үш бала туады. Яғни, Байсары үлкені, Әлім ортаншысы, Шөмен кішісі. Бұларды ел ішінде Қаракесек деп те атайды. (Яғни, Шөмен Әлімнің ұлы емес, інісі)
Байсарыдан Бозаншар, Майлыбай деген екі бала туады. Байсары баласы Майлыбай екеуі бір жорықта жау қолынан қаза табады. Бір баламен қалған Байсарының әйелі Кетебике анамызды Әлім қайнысы жеңгелей алады. Ол кезде жесірін сыртқа жібермейтін болған ғой, аға өлсе іні бар деп ағасының әйелін қайнысы алатын әмеңгерлік дәстүрі болған. Бірақ Байсарының баласы Бозаншар Әлімнің балаларымен сиыспай кенже ұл Шөмен ағасына қашып келіп, осында қалып қояды.
Кейін Әлім қайтыс болғаннан кейін Кетебике анамызды енді ең кіші қайнысы Шөмен алады. Бұл анамыз бірінші күйеуі Байсарыдан Майлыбай мен Бозаншарды, екінші күйеуі Әлімнен Тойғожаны және үшінші күйеуі Шөменнен Түменқожаны туады. Бұл балалар Шөменнің өз әйелінен туған Шөмекеймен бірге өсіп, еншілес болады да, «Кете-Шөмекей» деген ұғым осыдан шыққан.
Кетебике анамыздың өзінің күйеуі Байсарыдан туған баласы Бозаншардың және Әлімнен туған баласы Тойғожаның ұрпақтарын Ақ кете деп те атайды. Негізі бұлар Майлыбай ұранды кете. Бұлай болатын себебі жоғарыда айтқанымыздай Майлыбай әкесі Байсарымен бірге жорықта жүргенде жастай өліп, ұрпақ болмайды. Оның атын есте қалдыру үшін бауырлары есімін ұран етіп алады.
Шөменнен – Шөмекей, Шөмекейден бес бала туады. Бірақ бір баласы туғаннан аурулы, тілінің де ақауы болып, жастай өліп кетеді. Оның бар тілінің келіп, айтатыны «дөйт-дөйт» деген сөздер екен. Оны ұмытпай есте қалдыру үшін бауырлары оның осы сөзін ұран етіп алады. Шөмекейдің қалған төрт баласы мыналар: Тоқа, Көнек, Аспан, Бозғыл. Мұны төрт Шөмекей дейді. Шөмекейден шыққан атағы алты алашқа мағлұм бай, белгілі батыр Шобдар Алмат басыңды шауып тастаймын дегенде, балқы Базардың:
Болғанда ағам – Алмат, жеңгем – күміс,
Адамда бола бермес мұндай туыс.
Алекең атқа мініп ақырғанда,
Болады төрт Шөмекей бір-ақ уыс, – дейтін төрт Шөмекей осы.
Шөмекейдің төрт баласының ішінде өсіп, өнгені Бозғыл. Бозғылдан Қаратамыр, Сарыбай, Торыбай, Келдібай, Қайқы (Балқы) деген бес бала туып, бұларды бес Бозғыл деп атайды. Келдібайдан Келмембет (сарғасқа) батыр туады. Жоңғар қолымен ұрыста кірген жерін тесік қылып, шыққан жерін есік қылып жау қолының тас-талқанын шығарып, ханның көзіне түсіп:
Келте тонды Келмембет,
Келбетіңе рахмет! – деп ханнан мадақ еститін Келмембет батыр осы. Келмембеттің есік пен төрдей сарықасқа аты болған. Осыған қарап сарықасқа атты Келмембет аталып, кейін ұрпақтары да сарқасқа деген рулы елге айналды.
Ал, енді Әлім атамыздан алты бала туады. Құдай көпсінбесін, әлім ағайын өсіп, өнген көп ел. Бұл аталықты алты ата Әлім деп те атайды. Бұлар мыналар: Ұланақ, Жаманақ, Қарамашақ, Күлтелі, Айнық, Темірболат. Бұл алты бала қазір алты рулы елге айналды. Әлім ағайыннан алты алашқа танымал, талай тарихи тұлғалар шыққан.
Міне, мен білетін және шындыққа жанасатын Әлім мен Шөмекейге байланысты шежіре осы.
Бірақ, мен осы уақытқа дейін ғылыми тұрғыда дәлелденген Шөмен Әлімнің баласы деген мағлұматты, материалды еш жерден, ешқайдан кездестірген емеспін. Жоғарыда атап өткен он сегізінші, он тоғызыншы ғасырлардан бері зерттелген шежірелерде Кіші жүз шежіресі осылай тарқатылады.
Шөмен, Шөмекей деген Әлімнің бір баласы, Әлімұлы деп жазып жүргендер кейінгі шыққан «данышпандар», шежірені білмейтіндер. Бір өкініштісі солардың жазған ешқандай негізсіз шимай-шатпақтары қазір әркімнің қолында жүр. Ал, осындай жаңсақ жазылған шежіренің салдарынан ертең ағайын арасында үлкен дау туып, руаралық араздық пайда болуы да әбден мүмкін.
Сондықтан шежірені әркім өз руын, тайпасын дәріптеу үшін емес, елді ортақ іске жұмылдыру, ұрпақты бауырмалдыққа тәрбиелеу үшін жазуы керек.
Елбасының өзі «Шежіре – қазақты бөлшектейтін емес, керісінше біріктіретін ұғым. Барша адамзаттың Адам атадан басталатыны сияқты бүкіл қазақтың шежіре атаулысы Атам қазақтан бастау алатынын әрбір қазақ жүрегінің төрінде ұстауға тиіс» деді. Сондықтан шежіре – біздің берекелі тірлігіміздің, бүкіл қазақтың тұтастығының негізі болып қалуы керек.
Тұрақ Адис

ШЕЖІРЕ –  ҰЛТ ТҰТАСТЫҒЫНЫҢ НЕГІЗІ - 891715670858

Комментарии