Наймандар жоғарыда айтылғандай, Орта жүздің арғындардан кейінгі саны ең көп тайпасы болды (Қазір наймандардың саны арғындардан мол).

Наймандардың жалпы таңбасы: шөміш, ұраны «Қаптағай». Сонымен қатар әр рудың өзіндік таңбасы да болған, мәселен, Бағаналыда Балталыда Қаракерейде Матайда, Ергенекті найманда, Садырда Терістаңбалыда. Рулық ұрандары да әр түрлі болған. Қаракерей руында «Қабанбай», Матайда «Бөрібай», Садырда «Алдияр». Олардың шежіресінде де тайпаның өз атасы Найманнан тарауы туралы аңыз-генеалогияны атап өткен жөн. Сондай аңыздардың бірінде: қартайған Найман ақсақалдың аң аулап, құс салуға құмар Тоққан есімді жалғыз ұлы болады. Ол бірде аң аулап жүргенде қазаға ұшырап, артында Айсұлу есімді әйелі қалады. Айсұлудың есімі кейбір мәліметтерде Назбура (Ұлы жүзден шыққан Дәулетбайдың қызы), Ақсұлу деп те аталады. Бірақ барлық шежірелердің арасында ол Қыз ене атымен кеңінен мәлім.
Баласы қаза тапқаннан кейін қарт Найман ұрпақсыз қалады. Ол үшін бұдан асқан қандай қасірет болмақ ? Қарттың қабырғасын қайыстырған қасіретті көрген Қыз ене Найманға өзінің Қарақозы деген сіңлісін қосады. Найман Қарақозыдан ұлды болып, оны Белгібай деп атайды. Белгібай 15 жасқа толғанда Қыз ене әмеңгерлік жолымен оның әйелі болады. Сол некеден Төлегетай туып, одан: Қаракерей, Садыр, Матай, Төртұл (төртуыл) деген төрт ру ел тарайды. «Төлегетайдың төрт бөрісі» деп те атайды. Қыз ене Белгібайға тағы бір әйел тоқал алғызады. Бұл некеден Сүгірші туып, одан найманның үш руы: Ергенекті, Бағаналы, Балталы тарайды. Найман қайтыс болғаннан кейін оның әйелі үй қызметшісі Елтеге тұрмысқа шығады. Ол некеден туған екі бала Төлегетайдың балаларымен сыйыспай, анасымен бірге өздерінің нағашы жұртына көшіп кетеді. Сондықтан халық арасында «тоғыз таңбалы найман» аталады, бірақ іс жүзінде (аңызға қарағанда) олар жеті ру. Бұдан сіздер этнографиялық мәліметтер арқылы халық арасында айтылып жүрген кейбір жорамалдарды, найман руларының санын қалай анықтауға болатынын көріп отырсыздар. Бұнымен қоса, аңыз-генеалогиялар халық шығармашылығы ретінде тартымды тамаша туындылар бола отырып, кейбір құқық, салт-дәстүр мәселелерімен, матриархат дәуірінің сарқыншақтары арагідік (сіңлісін атасына қосу, нағашы жұртына көшіп кету) ұшырасып отырады.

Комментарии

  • 25 мар 2023 06:15
    Байгана шешыресы барма